Теннистің эволюциясы: гендерлік шектеулерден теңдік пен қолжетімділікке дейін

Авторы: Болат Өтемұратов

28.08.2023

Он тоғызыншы ғасырда ақсүйектердің мекені болған Ұлыбританияның күтімі келіскен бақтарында пайда болып, ондаған жылдар бойы негізінен ағылшындардың бетке ұстар дегдар ер-азаматтарының ермегі ретінде сақталған қазіргі заманғы үлкен теннис ойыны бүгінде қоғамдағы гендерлік және әлеуметтік-экономикалық кедергілерді жеңуге септігін тигізетін ынталандырудың мықты бір тетігі болып табылады.

Уимблдон – әлемдегі ең көне теннис турнирі – 1884 жылы әйел қатысушыларға есігін айқара ашқан да болар, бірақ кәсіби әйелдер теннисінің тиісінше бастау алуын тағы бір ғасырға жуық күтуге тура келді. Кәсіби әйелдер теннисіне ресми мәртебе берілуіне еңбек сіңірген американдық теннис жұлдызы Билли Джин Кинг болды, ол 1970 жылы өзімен бірге тағы сегіз теннисшімен бірге тек әйелдер үшін турнирлер сериясын ұйымдастырып, кейіннен Әйелдер теннис қауымдастығына (WTA) айналған тың ойынға жол салды.

Биыл біз WTA-ның ресми құрылғанына 50 жыл толуын және Билли Джин Кинг Кубогының 60 жылдығын атап өтіп жатқан кезімізде теннис әлемдегі неғұрлым гендерлік теңдестірілген спорт түрлерінің біріне айналды. Барлық теннисшілердің шамамен 41% – ы әйелдер, ал әлемдегі ең көп жалақы алатын он спортшының тоғызы – теннисшілер. Бұл теннисшілердің үлкен жетістіктерге жеткенінің, сондай-ақ теннистің өзінің әлдеқайда тең тұқылы спорт түріне айналғанының дәлелі.

2023 жылғы АҚШ Ашық чемпионаты қарсаңында біз тағы бір маңызды мерейтойды атап өтуге тиіспіз, ол — турнирдің 1973 жылдан бастап ерлер мен әйелдерге тең сыйлық ұсына бастағанына 50 жыл толуы, бұл төрт Үлкен дулыға турнирінің біріншісі болды.

Солай бола тұрса да, гендерлік теңдік мәселелері әлемдік теннис мәселесі болып қала береді. Мысалы, болғаны әрбір бесінші жаттықтырушы ғана – әйел, ал әйелдер сертификаты бар лауазымды тұлғалардың тек 22%-ын құрайды. Қыздар мен әйелдердің бүкіл әлем бойынша теннистің барлық салаларында өздерінің әлеуетін ашу мүмкіндігіне ие болуы үшін олармен жұмысты жалғастырудың өмірлік маңызы зор.

Қазақстанда біз қыздарды тенниске тартуға басымдық береміз. Бұл – жарақат алу деңгейі төмен, қауіпсіз, қауіп-қатермен байланысқа көп түспейтін спорт түрі және бүгінде елде теннис ойнайтын балалардың 55% – ы қыздар. Бұл стратегия сәтті болып, қазақстандық теннисшілер көптеген деңгейлерде әсерлі нәтижелерге қол жеткізді. 12 жасқа дейінгі қыздар командалары Азияның командалық чемпионатында үш рет жеңіске жетті, ал биыл 16 жасқа дейінгі команда Билли Джин Кинг жасөспірімдер кубогының финалына дейін жетті. Алдыңғы жұлдыздар Әсия Дайыр мен Мәдина Рахым жасөспірімдер арасындағы Үлкен дулыға турнирлерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді, енді олардың артынан Аружан Сағындықова мен Сандуғаш Кенжебаева келеді. Әрине, мен өткен жылғы Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина бастаған ересек команданың үздіксіз жетістігін айтпай кете алмаймын.

Бірақ теннисті шынымен қоғамдық спорт түріне айналдыру үшін гендерлік қана емес, қаржылық және физикалық кедергілерді де жою қажеттілігіне менің көзім әбден жетеді. Халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті ретінде мен қатысу жолындағы кедергілерді жою үшін жүйелі шешімдер табуды және оларды енгізуді мақсат етіп қойдым және біз бүкіл әлем бойынша Инклюзивті халықаралық теннис экожүйесін дамытуға бар күшімізді саламыз. Біз 12 жасқа дейінгі балаларға арналған халықаралық турнирлерді ұйымдастырып, қаржыландырамыз, осылайша жас спортшылар теннисті толыққанды кәсіби тұрғыдан бастау үшін қажетті дағдыларды игере алады және біз теннис үшін жалпы табыс деңгейін көтеру үшін жұмыс істейміз. 

Осы жас тобындағы балаларға ерекше назар аударуымыздың себебі барынша қарапайым: 12 жасқа дейін – даму барысында жоғары талаптар қойылатын маңызды кезең. Балалардың халықаралық турнирлерден тәжірибе алуы қажет, бірақ олардың көпшілігі мұндай сапарларға қажетті ресурстарға қол жеткізе алмайды. Біз өз қолдауымызды ең мұқтаж мына бес аймаққа бағыттадық: олар – Африка, Азия, Оңтүстік Америка, Кариб бассейні және Тынық мұхит аймағының елдері. Соңғы алты жылда біз әлемнің 10 000-нан астам адам қатысқан осы бөліктерінен 12 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы аймақтық командалық чемпионаттарға 3 миллион доллардан астам инвестиция салдық. Турнирлер көптеген жас теннисшілерге өздерін және дағдыларын көрсетуге, сондай-ақ демеушілерден қаржылық қолдау алуға мүмкіндік берді.

Бұл жұмысты институционалдық негізде жалғастыру қажет. Қазіргі уақытта ойыншылардың турнирлері мен сапарларын қаржыландыру ITF бюджетінен 7 миллион долларды құрайды. Қажеттіліктердің бұл сомадан әлдеқайда жоғары екені түсінікті. Салыстыру үшін, ФИФА-ның жаһандық спорт пен білім беруді дамытуға салған инвестициясы 2019 және 2022 жылдар аралығында 2,5 миллиард доллардан асты.

Қазақстандағы жұмыс тәжірибеме сүйене отырып, біздің инвестицияларымыз бен үздік әлемдік тәжірибелерді ұстануымыз өз жемісін беретінін айта аламын. Бүгінде Қазақстан теннистің даму деңгейі бойынша әлемнің 20 жетекші елінің қатарына кіреді. Қазақстан теннис федерациясы теннисті инфрақұрылымға инвестициялау, корттар мен жаттығуларға қол жеткізу шығындарын азайту, сондай-ақ болашақ теннис жұлдыздарына – ерлерге де, әйелдерге де – кәсіби және қаржылық көмек көрсету арқылы жалпыға қолжетімді спорт түріне айналдыру үшін көп күш жұмсады.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың теннис ойнай алуы үшін барынша жақсы жағдайларды жасау қажет. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ITF өткен жылы мүгедектер арбасындағы теннисті дамыту бағдарламасын іске қосу үшін 375 000 доллар бөлді. Бұл бастаманың сәтті болуы үшін Ұлттық теннис қауымдастықтарының белсенді қатысуы қажет, ал мүгедектер арбасындағы теннис турнирлерге біріктірілуі тиіс. Қазақстанда теннистің дамуы менің жүрегіме нық сенім ұялатады, өйткені инклюзивті теннис бүкіл ел бойынша барған сайын танымал бола бастады. Наурызда Алматыда мүгедектер арбасындағы теннистен тұңғыш Қазақстан чемпионаты өтті, ал теннис Қазақстанның Паралимпиадалық бағдарламасы аясында мүгедектер арбасындағы бірден-бір жалғыз пән болып табылады. Бұл үміт ұялатып, жігерлендіретін қадамдар, олар даму үшін қажетті әлеуетті көрсетеді, мұндай күш-жігердің Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де жалғасуының өмірлік маңызы зор.

Сөзімнің соңында, мен теннисті ашық, әмбебап және инклюзивті спорт түрі ретінде дамытуға үлес қосқан және үлес қосып жүрген барлық адамдарға алғысымды білдіргім келеді. Біз 1870-ші жылдардағы Британия бақтарынан басталатын ұзақ жолды жүріп өттік, мен болашақ ұрпаққа теннис әлемін ашуды жалғастыру үшін тағы қанша жұмыс істей алатын мүмкіндіктерімізді көруді асыға күтемін.

Болат Өтемұратов – бизнесмен және филантроп. Ол – Халықаралық теннис федерациясының вице-президенті және Қазақстан теннис федерациясының президенті.

Дереккөз: Sports Business Journal