Теннис – өзіндік ерекшелігі бар спорт түрі. Кейде турнирлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуын шектеп, іс жүзінде жабық клуб қағидатымен жұмыс істейтіндей әсер қалдырады.
Бәлкім, бұл пікірім біржақты болып көрінуі мүмкін, дегенмен, менің ойымша, мұндай тәсіл кері нәтиже береді. Өйткені ол ұйымдастырушыларды өз турниріне қосымша назар аудартып, оны тегін тарту мүмкіндігінен айырады.
Almaty Open өткен аптада бұл тұрғыда шын мәнінде тың тәсіл ұсынды. Еліміздің басты теннис турнирі қарсаңында бізге Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараевпен сұхбаттасу мүмкіндігі бұйырды.
Мұның маусым соңында өтетін ATP 250 санатындағы турнир болғанына қарамастан, Almaty Open соңғы жылдары әлемдік теннистің бірқатар әйгілі ойыншыларын өз алаңына жинап келеді. Осы жолы да ол қатысушылар құрамының жоғары деңгейімен ерекшеленіп отыр.
Соңғы бірнеше күнде Tennishead басылымы Даниил Медведевтен Александр Зверевтің әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілуіне қатысты пікірін білуге қызығушылық танытса, Стефанос Циципастан Гаэль Монфистің мансабын аяқтауына байланысты ойыншының көзқарасын білдіруін өтінді.
Ал бұдан кейін тағы бір эксклюзивті сұхбат аясында біз Диас Досқараевпен әңгімелесіп, Almaty Open турнирінің болашағына қатысты маңызды мәліметтерге қанықтық.
Қазақстан теннис федерациясы басшылығының өкілі Almaty Open турнирін одан әрі дамыту және оның болашағына қатысты жоспарларымен бөлісті
Алдағы жоспарлары туралы сөз қозғаған Диас Досқараев турнирдің басты басымдықтарының бірі – бұрынғыша қатысушылар құрамын барынша күшейту болып қала беретінің ерекше атап өтті. Бұл таңғаларлық жайт емес.
Өйткені әлемдік теннис жұлдыздарын турнирге тарту оның беделі мен мәртебесін айшықтай түсіп қана қоймай, жанкүйерлердің қызығушылығын арттырып, іс-шараның маңыздылығын да еселей түседі.
Диас Досқараев алдағы жоспарларға тоқтала келе, былай деп атап өтті:
«Біздің басты мақсатымыз – жыл сайын көрермендердің қызығушылығын оятып, қатысушылардың тартысты әрі бәсекеге қабілетті құрамын жасақтау. Алдағы уақытта да турнирге мықты және таңдаулы ойыншыларды, соның ішінде болашақта әлемдік теннистің жаңа жұлдыздарына айналуы мүмкін жас дарындарды барынша көптеп тартуды көздейміз.
«Сонымен қатар, біз турнирдің ұзақ мерзімді дамуына басымдық береміз. Алдымызға қойған негізгі мақсаттардың бірі – Almaty Open турнирінің мәртебесін ATP 500 деңгейіне дейін көтеру».
Әрине, турнирдің мәртебесін мұндай биік деңгейге көтеру оңай шаруа емес. Дегенмен, Almaty Open осы мақсатқа жету жолында нық қадам басып, даму бағытын жүйелі түрде жалғастырып келе жатқаны сөзсіз.

Турнир жабық кешенде өткізілетініне қарамастан, оны қоршаған табиғи көріністердің әсемдігі ерекше назар аудартады. Заманауи сәулетімен көз тартатын Алматының көрікті келбеті мен көк тіреген қарлы шыңдары асқақтаған Іле Алатауының ғажайып үйлесімі турнирге айрықша сән беріп, қайталанбас көрініс қалыптастырады.
Сұхбат барысында Досқараев бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ATP ұйымымен қазіргі кезде келіссөздер жүргізіліп жатқанын да жеткізді. Алайда ол көздеген межеге жету жолында бірқатар кедергілер бар екенін де жасырмады. «Қазіргі уақытта ATP ұйымымен келіссөздер жүргізіп, қажетті лицензияны алу мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Дегенмен ATP турнирлерінің күнтізбесі қайта құрылымдалып жатқандықтан, мүмкіндіктеріміз әзірге шектеулі қалпында қалып отыр. Себебі лицензиялардың бір бөлігі қазірдің өзінде өзге турнирлерге бөлініп қойылған. Соған қарамастан, біз алдағы жылдары бұл мақсатымызға қол жеткізу жолындағы жұмыстарды жалғастыруға ниеттіміз», – деді ол.
«Әзірге біз турнирдің осындай маңызды қадамға толықтай дайын болуына басымдық беріп отырмыз. Инфрақұрылым, техникалық қамтамасыз ету, теннисшілерге жасалған жағдай, логистика және көрермендерге ұсынылатын қызмет сапасы тұрғысынан Almaty Open турнирі ATP 250 санаты үшін белгіленген ең төменгі талаптардан әлдеқашан асып түсті. Біздің мақсатымыз – әуел бастан ATP 500 санатының жетекші турнирлерінің қатарына қосылу», – деп атап өтті Диас Досқараев.
Almaty Open – 2026: турнирдің жұлдызды құрамы және әлемдік теннис саңлақтарының жарқын жеңіс жолы
Досқараевтың алға қойған мақсаттары мен асқақ армандары шын мәнінде зор құрметке лайық. Оның үстіне, бұл армандар – қол жетпес қиял емес, жүзеге асуы әбден мүмкін мақсаттар екені анық.
Одан Алматыда қай теннисіні көргісі келетіні туралы сұрағанда, ол бір ғана ойыншының есімін атаумен шектелмей, бұған дейін турнирдің сәнін келтірген әлемдік теннис саңлақтарының тұтас шоғырын тізіп шықты. Бір қызығы, оның осы бір армандарының талайы әлдеқашан шындыққа айналған.
Ол сөзін жалғастырып: «2022 жылы біздің елімізде өткен турнирге Карлос Алькарас, Новак Джокович, Стефанос Циципас, Андрей Рублев және Даниил Медведев қатысты. Сол жылы әлемдік рейтингтің үздік ондығына енген жетіге жуық теннисші өзара бақ сынады», – деп атап өтті.
«Сондай-ақ Карен Хачанов, Флавио Коболли мен Лучано Дардери де біздің турнирге арнайы келді. Біз үшін Almaty Open додасына қазақстандық теннисшілердің барынша көп қатысуы аса маңызды. Біздің басты мақсатымыз – жыл сайын көрермендер қызыға тамашалайтын, бәсекесі жоғары әрі мықты ойыншылар бас қосқан турнир ұйымдастыру», – деді ол.
Әрине, жергілікті жанкүйерлер үшін турнирдің басты жұлдызы Александр Бублик болғаны сөзсіз.
Өкінішке қарай, Қазақстанның теннистегі жарық жұлдызы болашақ чемпион Даниил Медведевке қарсы өткен жартылай финалдық кездесуді жалғастыра алмай, жарыстан шығуға мәжбүр болды. Оны орталық кортта көрермендердің ду қол шапалағы мен зор қошеметі ұзатып салды.
Сұхбат соңында Досқараев биылғы турнирге қатысушылар құрамына да тоқталып, бұл жолы да әлемдік деңгейдегі талантты теннисшілердің бас қосқанын атап өтті.
Турнир басталар алдында ол: «Биылғы турнирдің ең жарқын ойыншыларының арасынан біреуін ғана даралап көрсету оңай емес. Мәселен, Almaty Open турниріне жыл сайын дерлік қатысып жүрген Адриан Маннарино бұл кортта үнемі жоғары деңгейде ойын көрсетіп, біздің корттарымызда өнер көрсетуге әрдайым зор ықыласпен келеді», – деді.
Федерацияның вице-президенті ойын деңгейі жылдан-жылға тек артып келе жатқан Стефанос Циципасты да ерекше атап өтті. Сондай-ақ Рейя Сакамотоны «өте ерекше әрі болашағынан зор үміт күттіретін жас теннисші» деп бағалады.
Әрине, Досқараев Александр Бубликтің турнирге қатысқанына айрықша қуанышты болды. Ол бұл туралы: «Әрине, Александр Бублик әлі де турниріміздің ең жарқын жұлдыздарының бірі болып қала береді. Оны қазақстандық жанкүйерлер ерекше жақсы көреді. Жанкүйерлері оны Алматы кортынан қайта көруді өте ұзақ күткен еді», – деп атап өтті.
Дереккөз: TennisHead.net