Алматыда Көшбасшылық академиясының үздік түлектері марапатталды

Алматыда Jas Leader Akademiiasy екінші жыл сайынғы республикалық форумы аяқталды. Форумға Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласының Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы іске асырылатын мектептерінен 500-ден астам оқушы мен педагог қатысты.

Болат Өтемұратов қоры 5-11-сынып оқушылары арасында көшбасшылық қасиеттерді қолдау және дамыту үшін осы бағдарламаны қазақ тілінде оқытатын өңірлік мектептерде бес жылдық іске асыруға 5 миллион доллар бөлді. Жыл бойы оқушылар факультативтік сабақтарға, ай сайынғы шағын конференциялар мен мамандандырылған тренингтерге қатысады, көшбасшылық қасиеттерді, сыни ойлауды, қарым-қатынасты, көпшілік алдында сөйлеуді, командада жұмыс істеуді, жобаларды басқаруды және келіссөздерді қоса алғанда, «жұмсақ» дағдыларды тиімді пайдалануды үйренеді. Жас көшбасшылар академиясындағы оқу жылының қорытындысы дәстүр бойынша Алматы қаласының демалыс үйлерінің бірінде өтетін жалпы республикалық форумда шығарылады, оның барысында бағдарламаға қатысушы мектептердің үздік оқушылары мен педагогтары марапатталады.

«Барлық ұйымдастырушылар тобына зор алғыс, қорға қазақ жастарын қолдауда табыс тілейміз. Біздің ризашылығымыздың тереңдігін сөзбен жеткізе алмаймын. Бүкіл білім беру жүйесі үлкен өзгерістерге ұшыраған дәуірде «жұмсақ» дағдылар ерекше маңызға ие болады. Өкінішке қарай, бұл дағдылар мектептерде оқытылмайды, сондықтан біз өскелең ұрпақтың дамуына қосқан зор үлесі үшін көшбасшылық академиясына ерекше ризамыз», – дейді Тараздан келген көшбасшылық бағдарламасының мұғалім-жаттықтырушысы Гүлзейнеп Шалдыбаева.

Jas Leader Akademiiasy жобасын тек оқушылар мен мұғалімдер ғана емес, сонымен қатар балаларының мектептегі үлгерімінің артқанын атап өткен оқушылардың ата-аналары да бағалай алды.

«Біздің балалар жақсы уақыт өткізді. Олар сондай-ақ құнды білім алды және бос уақытты зая емес, пайдалы іс-шараларға пайдалану керек екеніне тағы мәрте көз жеткізді. Біздің жас көшбасшыларымыз өз елінің нағыз азаматтары мен патриоттары болып өсетініне сенімдімін. Сондай-ақ, бұл жоба жалғасады және болашақта мектеп бағдарламасына енеді деген сенімдемін», – деп атап өтті академияның жас түлектерінің бірінің анасы Гүлнұр Орынбайқызы.

Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы жұмысы кезінде еліміздің әр түрлі өңірлеріндегі 110 мектептен 24 мыңнан астам бала және 230 мұғалім-жаттықтырушы оқытудан өтті.