Нұр-Сұлтан мен Алматыда халықтың коронавирусқа жылдам және жоғары дәлдіктегі ПТР-скринингін жүргізу үшін бірегей модульдік зертханалық кешендер іске қосылды. Ұтқырлығымен, биоқауіпсіздігінің жоғары деңгейімен және зерттеу процесін автоматтандырумен ерекшеленетін бірегей зертхананы Болат Өтемұратов Қоры Денсаулық сақтау министрлігіне өтеусіз тапсырды.
Меценат Болат Өтемұратов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі кез келген уақытта көрінетініне сенімді. Қазақстанда Covid-19-ға қарсы күрес те ерекшелік болған жоқ, меценат оған батыл түрде қосылды. Кәсіпкер медициналық зерттеулер жүргізу, зертханалық талдауларға арналған жабдықтар мен шығын материалдарын өндіру саласындағы қытайлық әлемдік көшбасшы BGI компаниясынан 4 миллион долларға екі зертханалық кешен сатып алды.
Зертханада ПТР талдауының бүкіл циклін жүргізуге арналған толық жабдық бар. Бүкіл кешен биологиялық материалды жинауға, сақтауға және таңбалауға, полимеразды тізбекті реакция әдісімен зерттеу жүргізуге арналған жоғары технологиялық жабдықтар мен құралдар жиынтығының 42 атауынан тұрады. Зерттеу процесі толығымен автоматтандырылған, бұл тестті жылдам, жоғары дәлдікпен және аз мамандардың қатысуымен өткізуге мүмкіндік береді. Зертхананың қуаты бір күнде 1000 талдауды құрайды, оның әлеуеті 5000-ға дейін жетеді, тест нәтижесі үш сағат ішінде дайындалады. Болат Өтемұратов Қоры әрбір зертхананы дереу іске қосу үшін 30 мың сынақ жүргізу үшін қажетті реагенттер жиынтығымен толықтырды.
«Инфекциямен күресу және оны тоқтату»
Болат Өтемұратов сатып алған зертханалар инфекциялық қызметтің қуаты мен әлеуетін ұлғайтуға, сондай-ақ зерттеу жүргізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік берді.
«Зертханаларға Қытай Халық Республикасынан келген BGI компаниясының мамандары оқытқан Ұлттық сараптама орталығы филиалдарының білікті вирусологтары жұмылдырылды», – деді елордада зертхананың ашылуында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Зертханалар жұмыссыздарға, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, 50 жастан асқан науқастарға және патрульдік еріктілерге тегін скрининг жүргізеді.
Зертхана жүйесі ДДҰ талаптарына сәйкес келетін биологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, оған тіпті стационарларда да қол жеткізу мүмкін емес. Өндірушінің ұсынысы бойынша кешен тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру үшін үй ішінде орнатылады. Нұр-Сұлтанда зертхананы орнату орны ретінде «Қазақстан» спорт кешені, Алматыда – «Атакент» көрме орталығы павильондарының бірі таңдалды. Қажет болса, зертхана бір апта ішінде орналасуын өзгерте алады.
– Басты міндеттердің бірі – Covid-19 ауруына шалдыққандарды барынша анықтау, өйткені тәжірибе көрсеткендей, инфекциясы симптомсыз өтетіндер де бар. Егер қалада карантин басталған кезде бір ғана зертхана жұмыс істесе, бүгін олардың алтауы бар, жақын арада тағы басқаларын ашамыз. Болат Өтемұратов Қоры бізге берген ПТР-скрининг жүргізуге арналған зертханалық кешен тесттер санын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді: ерте кезеңде анықталған пациенттер уақтылы медициналық көмек алады, ықтимал байланыстар саны азаяды. Қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін», – деді Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов.
BGI өндірген зертханалық кешендер қазіргі уақытта Азия мен Еуропаның көптеген елдеріне жеткізіледі. Кешенді шешім бүкіл әлемде пайда болған коронавирусты жаппай скрининг үшін инфрақұрылым құру қажеттілігін қанағаттандыруға арналған. Жаңа әзірлеме алғаш рет екі ай бұрын BGI штаб-пәтері орналасқан Шэньчжэньде (ҚХР) енгізілді.
«Мобильді кешендер коммерциялық зертханаларда коронавирусқа тест тапсыра алмайтын азаматтардың осал санаттары үшін тегін жұмыс істейтін болады. Бұл скринингтік қамтуды кеңейтуге, ауруды ерте анықтауға, асқыну қаупін азайтуға және вирустың таралуын шектеуге көмектеседі. Осылайша, мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігерімен біз инфекциямен күресіп, оны тоқтатамыз», – деп атап өтті Болат Өтемұратова Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
Бұған дейін Болат Өтемұратов Қоры Қазақстанда бірінші болып елге әкеліп, Денсаулық сақтау министрлігіне 200 млн теңгеге 94 мың экспресс-тест тапсырған болатын. Коронавирусқа мемлекеттік скрининг бағдарламасын қолдаумен қатар Болат Өтемұратов коронавирусқа қарсы іс-қимыл және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қорына 1 млн доллар аударды.
Болат Өтемұратов Қоры 2014 жылы құрылды. Қордың мұраты – денсаулық сақтауды, білім мен мәдениетті дамытуға ықпалдаса отырып, Қазақстанға бүгін және болашақта адамдар өмір сүруі үшін жақсы мекенге айналуға көмектесу.