Әйелдер арасындағы ұлттық құрамалардың жаңартылған әлемдік рейтингі жарияланды. Астанадағы айтулы жеңісінің арқасында Қазақстан құрамасы өз көрсеткішін жақсартып, тоғызыншы сатыдан жетінші орынға көтерілді.
Рейтингтегі ілгерілеуге іріктеу кезеңінде 2023 жылғы әлем чемпиондары – Канада құрамасын жеңуі себеп болды. Астанада өткен кездесу 3:1 есебімен аяқталды. Бұл жеңіс қазақстандық теннисшілерге 2026 жылдың күзінде Шэньчжэньде (Қытай) өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алуға мүмкіндік берді.
Әлемдік рейтингте Италия көш бастап тұр. Сондай-ақ үздік үштікке Ұлыбритания мен Украина енді. Жаңартылған тізімде Қазақстан Канаданы артқа тастап, Испания, Чехия және АҚШ бастаған алдыңғы қатарлы топқа жақындады.
Әлемдегі ең үздік жеті команданың қатарына ену – қазақстандық теннис мектебінің жоғары деңгейін және құраманың халықаралық аренадағы тұрақты нәтижелерін айқын дәлелдейді.
Дереккөз: Zakon.kz