16 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы «Дэвис Кубогының» іріктеу кезеңінде «қола» жеңіп алды

Шымкент қаласындағы Beeline Arena ұлттық теннис орталығында Asia/Oceania Final Juniors Davis Cup біліктілігі аяқталды.

Үшінші орын үшін матчта Сергей Квактың шәкірттері Таиланд құрамасын 2-0 есебімен жеңді.

Бастапқы ойында Заңғар Нұрланұлы 7:5, 6:0 есебімен жеңіске жетті. Бірінші партияда қазақстандық 2:5 есебімен жеңіліп қалды, бірақ жағдайды өзгертіп, жеңісті жұлып алды. Келесі кезекте кортқа Әмір Омарханов шықты, ол қарсыласын 20 минут ішінде жеңді – 6:0, 1:0. Екінші партияның басында қарсыласы күресті жалғастырудан бас тартты.

Естеріңізге сала кетейік, іріктеудің топтық кезеңінде Қазақстан құрамасы үш ойында үш жеңіске жетті, ширек финалда алты дүркін «Дэвис Кубогының» чемпионы Австралия құрамасын жеңіп, жартылай финалда Оңтүстік Кореядан жеңіліп, нәтижесінде 3-орын үшін матчта Таиландты жеңіп, «қоланы» ұтып алды.                

Қазақстан құрамасының құрамы:

Әмір Омарханов (Қарағанды), Заңғар Нұрланұлы (Түркістан), Дамир Жалғасбай (Алматы), капитан Сергей Квак, дене шынықтыру жаттықтырушысы Дмитрий Костецкий және ҚТФ «Team Kazakhstan» департаментінің директоры Тимур Аққазиев.      

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Қазақстан құрамасының 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына шығуына түсініктеме берді: 

«Бұл – қазақстандық теннистің кезекті жетістігі! Бір апта бұрын біздің 16 жасқа дейінгі қыздарымыз тарихта тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алды, ал қазір бұған жас жігіттеріміз қол жеткізді. Жаңа буын өз әлеуетін іске асырып, ойынның жоғары деңгейін көрсете алатынына қуаныштымын. Бірден екі жасөспірімдер құрамасының жетістіктері қазақстандық теннистің барлық құрылымының қадамдық жұмысы нәтиже беретінін көрсетеді. Іріктеу турнирі барысында біздің жасөспірімдер көптеген мықты құрамаларды, соның ішінде Австралия құрамасын, Дэвис Кубогының алты дүркін чемпионын жеңді. Біздің команданы және оның жаттықтырушыларын әлем чемпионатына қатысуымен құттықтаймын, онда олар лайықты өнер көрсетіп, жеңістерге жетеді деп үміттенемін».

Күзде Испанияның Кордоба қаласында қазақстандық теннис тарихында алғаш рет «Дэвис Кубогы» мен «Билли Джин Кинг Кубогының» финалдық кезеңінде Қазақстан құрамасының 16 жасқа дейінгі ұлдары да, қыздары да өнер көрсетеді.