Александр Бублик алғаш рет ірі АТР 500 турнирінің жеңімпазы атанды

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің жеңімпазы атанды.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен бас жүлдені сарапқа салды. Матчты брейкпен сәтті бастаған қазақстандық теннисші бірінші сетте сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3. Екінші партияда есеп 3:2 болған мезетте ресейлік спортшы брейк жасап кетті – 6:3. Үшінші, шешуші сетті Бублик брейкпен бастады – 2:0. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3. Сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 21 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Александр Бубликті жеңісімен құттықтап, оның табысына қатысты пікір білдірді. «Александр Бубликті теннис мансабындағы кезекті қадамымен – АТР-500-дегі бірінші титулымен құттықтаймын. Саша өзі үшін және елімізде теннистің дамуы үшін үлкен жеңіске қол жеткізіп жас ұрпаққа үлгі көрсетті.», деді Өтемұратов.

Осыған дейін Александр жеті рет ATP жарыстарының финалына шығып, соның біреуінде ғана, өткен жылы Монпельеде жеңімпаз атанған еді. Оған қоса, ATP 500 деңгейінде финалға алғаш рет өтіп отыр.

Бублик ATP Live рейтингінде рекордтық 27-орынға көтерілді. Бұған дейін Александрдың ең жоғары позициясы 2022 жылдың ақпанында көтерілген 30-орын болды.

Сондай-ақ Болат Өтемұратов: « Финалға барар жолда мықты қарсыластарды ұтты. Ал финаалда бар күшін салып, әлемнің 7-ракеткасы Андрей Рублевті жеңді. Бііздің ерлер құрамасының көшбасшысына жаңа табыстар тілеймін!»