Болат Өтемұратов қоры Мырзакентте 150 үй салды

Су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының тұрғындарына үйлердің кілттері табысталды

Өткен көктемде бөгеттің жарылуы салдарынан болған су тасқынынан зардап шеккендерге Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент қаласында Болат Өтемұратов Қоры 150 үй салды. Ағымдағы жылдың 19 қазанында ҚР вице-премьері Роман Скляр мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен үйлердің кілттері болашақ тұрғындарына табысталды. Облыс тұрғындары тегін баспана алады, деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.

«Біздің акционер Болат Өтемұратов көктемде болған апатқа қазақстандық меценаттардың алғашқысы болып жауап берді. Ол апат салдарынан үйінен айырылған мақтааралдықтар үшін 150 үй салуға 6 миллион АҚШ долларын бөлді. Бұл, шамасы, аймақты қалпына келтіруге ең үлкен үлес және салынған үйлердің ең көп саны болар. Жобаны жүзеге асыра отырып, біз тек ең жақсы материалды таңдап, жұмыс сапасын қатаң қадағаладық. Пандемия мен карантиннің барлық қиындықтарына қарамастан, төрт айдан кейін біз қойылған міндетті орындадық. Айта кетейік, өткен жылы Арыс қаласында өткен тәжірибе бізге көмектесті, онда біз жарылыстардан зардап шеккен 100 отбасына үй салдық», — деді «Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов.

Мырзакенттің жаңа перспективалы ауданында ауданы 100 шаршы метр үш бөлмелі үйлер салынды. Мұнда үйлері қираған Достық, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныс аударды. Жаңа шағын ауданға барлық коммуникациялар жүргізіліп, балабақша мен мектептің құрылысы басталды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бүкіл елдің қолдауымен өңір барлық қиындықтарды жеңгенін атап өтті. «Мақтаарал ауданының тұрғындарына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Ешкім назардан тыс қалған жоқ. Бүкіл ел көмекке келді. Барлық қиындықтар артта қалсын, алда сіздерді тек бақытты және қуанышты оқиғалар күтеді. Сіздерді қоныс тойымен тағы да шын жүректен құттықтаймын», – деді аймақ басшысы.

«Қайырымдылық жобасы Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылды, оған біз көрсетілген көмек үшін алғыс айтамыз. Біздің әріптестігіміз жеке бастама мен мемлекеттік қолдау қоғамдық проблемаларды тиімді шешетін кезекті табысты үлгі болды», – деп атап өтті Болат Өтемұратова Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.

2019 жылы Болат Өтемұратов Қоры Қызылордадағы 100 көпбалалы отбасыға және Арыстағы оқ-дәрілердің жарылуынан зардап шеккен 100 отбасына арналған үйлердің құрылысын қаржыландырды. Жобаларға бөлінген жалпы сома 1,3 млрд теңгені құрады.

 

Дереккөз: https://kapital.kz/gosudarstvo/90643/fond-bulata-utemuratova-postroil-150-domov-v-myrzakente.html