Болат Өтемұратов Зарина Диасты дайындау кететін ірі сомалар туралы айтып берді

 

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ – Қазақстан теннис федерациясының басшысы Болат Өтемұратов қазақстандық танымал теннисшілердің бірі Зарина Диасқа кететін шығындар туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біз Зарина Диасты 21 жасқа дейін қаржыландырдық, оған миллион доллар салдық. Кейбіреулер Заринаның өзін ұрынып шыққанын айтады – мен оны 14 жасында алдым. Менің жеке қаражатымнан оны дамытуға 1 миллион доллардан астам ақша жұмсалды. Және ол өзін көрсетті», – деді ол ҚТФ жыл сайынғы қорытынды есеп беру конференциясында.

Б. Өтемұратовтың айтуынша, қазір З. Диас өзі ақша табады. 

«Оған иығына ота қажет болғанда, біз оны да қаржыландырдық. Қазір ол өзі ақша табады. Оны өткен жылдың жұлдызы деп атауға болады. Ол жүздіктен ұшып кетті, жарақат алды, оның оралуы өте сәтті болды. Ол жүздікке оралды, қазір ол 62-ші. Токиода өткен беделді турнирде жеңіске жетті», – деді ол. 

Жас ойыншыларды даярлау тақырыбын жалғастыра отырып, ҚТФ басшысы нәтижеге жету үшін балаларды мүмкіндігінше ертерек тенниске беру керектігін атап өтті.

«Өз ойыншыларымызды дайындауға келетін болсақ, жоғары деңгейлі теннисшіні дайындау үшін қанша жыл қажет? Ол бізге 5-6 жасында келеді. 6 жас – бұл уақытында келді деп саналады, 7 жас – кеш. Қазір олар 4 және 5 жаста әкеледі, яғни жасы үнемі жасарып келеді», – деп атап өтті Б. Өтемұратов.

Оның айтуынша, көптеген азиялық теннисшілер жастар турнирлерінде өте жақсы өнер көрсетеді, бірақ ересектер санатына жеткенде көлеңкеге кетеді.

«Ойыншының гүлденуі 20-21 жаста, осы жаста ол алғашқы жетістіктерге жетеді. Себебі, 18 жасқа дейін – бұл жасөспірімдер турнирлері. Ересектер санаттарында бәрі мүлдем басқаша — 18 жасқа дейін өте сәтті ойнайтын ойыншылар бар, бірақ содан кейін олар абыржып, жоғалады. Бұл әсіресе азиялық теннисшілерге тән», – деді ол.

«Теннис – бұл менің өмірімнің бір бөлігі, мен өзім ойнаймын, бүгінгі күнді түсіністікпен көре аламын. Бүгінде теннис қарқынды дамып келеді, техникасы мен жылдамдығы өзгеруде, көптеген ойыншылар пайда болуда. Теннисте көптеген қызықты оқиғалар болып жатыр және оны үнемі қадағалап отыру керек», — деп қосты Б. Өтемұратов.

Авторы: Азамат Сыздықбаев