Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (КТҚ) КТҚ 250 сериясының теннис турнирін Астанадан Алматыға ауыстыру туралы шешімді бекітті. КТҚ сайтында жарияланған күнтізбеге сәйкес, Almaty Open 2024 жылғы 13-20 қазан аралығында өтеді.
«Алматы КТҚ 250 сериясы турнирінің эстафетасын қабылдауға лайық, өйткені қазақстандық теннис дәл осы қалада өткен ғасырдың 20-жылдарында дами бастады. Almaty Open ауқымды спорттық іс – шараға айналуға ғана емес, сонымен қатар турнир өтетін Almaty Arena аумағында мерекенің, энергияның және жарыс рухының ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов.
КТҚ 250 сериясының турнирі – әлемнің 30 елінде өтетін жаһандық спорттық іс-шаралардың ішіндегі бірегейі. Бұл санатқа 40 турнир кіреді, олардың кез-келгенінде жеңіске жету теннисшіге КТҚ рейтингі бойынша 250 ұпай әкеледі. Алдағы КТҚ 250 Almaty Open турнирінің жүлде қоры $1 млн. асады.
КТҚ 250 сериясының алғашқы жыл сайынғы турнирі Астанада 2020 жылы өтті. 2022 жылы турнир деңгейі бір рет КТҚ 500 деңгейіне дейін көтерілді. Сол кезде шын мәнінде нағыз жұлдызды құрам жиналды: Новак Джокович, Стефанос Циципас, Даниил Медведев, Карлос Алькарас, Губерт Хуркач, Андрей Рублев және басқалар. Жыл сайын қазақстандық турнир 110-нан астам елдің аумағында көрсетіледі.