Бұл жобаларды Болат Өтемұратов Қоры құрды.
Білім министрі Асхат Аймағамбетов Болат Өтемұратов Қорының «Асыл Мирас» аутизм орталығында болып, балалармен жұмыс істеу үшін әзірленген шарттармен және әдістемелермен танысты.
Оның айтуынша, көптеген мамандар осы қор есебінен мінез-құлықтық талдау бойынша оқудан өткен. Қазір олар балалар мен олардың ата-аналарына көмек көрсетуде.
«Қазіргі уақытта біз бұл орталықтарды «Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасы туралы» бұйрыққа жеке ұйымдар ретінде енгіздік. Бұл әкімдіктерге осындай ұйымдарды ашуға және қолдауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, біз психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен мінез-құлықтық талдау бойынша оңалту орталықтары мамандарының біліктілігін арттыруды жоспарлап отырмыз», – деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook-те.
Ол «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту» ҰҒПО базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту бойынша мектептердің қызметін үйлестіру жөніндегі ресурстық орталық ашылғанын атап өтті.
Сондай-ақ, министр Болат Өтемұратов Қорының «Жасыл мектептер» жобасы аясында енгізілген мектеп жылыжайларына барды.
«Алматыда осындай 16 жылыжай жұмыс істейді, онда біздің оқушылар педагогтармен бірге өсімдіктер өсіре алады. Алдағы уақытта жобаны басқа өңірлерде де енгізу жоспарлануда», – деп атап өтті министр.
Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, қалалық мектептердегі мұндай жаңалық балаларды еңбекке баулиды, экологиялық мәдениетті дамытады және мектеп орындығынан практикалық білім мен дағдылар алуға мүмкіндік береді.
Дереккөз: https://informburo.kz/novosti/ministr-obrazovaniya-posetil-autizm-centr-i-shkolnye-teplicy-v-almaty