Юрий Польский: Азия аймағында теннистің дамуы Қазақстанға оң әсер етеді

Жуырда отандық теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский Азия теннис федерациясының (ATF) президенті болып сайланды. Осыған орай жаңа басшымен сұхбатты ұсынамыз. 

Азия теннис федерациясының президентін сайлау Бангкокта ATF бас сессиясы аясында өтті. Юрий Польский төрт жылға сайланды. ATF президенттігіне Таиланд, Жапония және Шри-Ланка елдерінен тағы үш кандидат үміткер болды. Сайлау барысында Юрий Польский 55-тен 34 дауысты жинап, елеулі басымдылыққа ие болды. Юрий Польский сондай-ақ Азия теннис федерациясы директорлар кеңесіне де жетекшілік етеді. Бұған дейін төрт жыл бойы вице-президент болған еді. 

– ATF президентін сайлаудағы жеңістен кейінгі көңіл-күйіңіз қалай?

– Өте қуаныштымыз, Қазақстан қол жеткізген табыстарды барлық Азия үшін пайдалануға болатынын дәлелдей алдық. Бұл менің сайлауалды бағдарламамдағы негізгі тұғырнамам еді.  Айқын нәтиже болса, бұл жай сөз немесе жоспар емес, жүзеге асырылған шындық деуге болады.  Біздер жұмыс істеген ұлттық федерациялар тарапынан үлкен қолдау болды. Көбі Болат Жамитұлы Өтемұратов пен мені жақсы біледі. Біздің әрдайым теннисті дамытуға күш салатынымызды біледі. 

Бәрі де біз үшін бұл не саяси шақыру, не бедел немесе құрметті лауазым емес, шын мәнінде теннисті дамытудағы ауқымды міндет екендігін түсінеді. Жоспар үлкен, егер біз өз атымызды пайдаланып, іске кіріссек, оның орындалатынын бәрі ұғынады. Міне, осы жайт біздің жеңісімізге негіз болды.

– Сайлаудағы жеңістің шешуші сәттерін атасаңыз?

– Бастамалардың ұсынылуы дер едім, атап айтқанда, мен ұсынған бірнеше жобаны директорлар кеңесі мақұлдап, олар енгізіле бастаған еді. Біз Азия федерациясына бұдан да көп жобаны ұсынып, бұдан да көп нәрсеге қол жеткізе алатынымызды бәрі түсінді, бірақ бұл үшін барлық өкілеттіктер қажет еді: ұлттық федерациялармен, елдердің үкіметтерімен кездесу керек, өйткені көптеген теннис аймақтары өз мемлекеттерінен жеткілікті қаржылай қолдау ала алмай отыр. Сондықтан теннистің қажеттігін дәлелдеп, оның дамуына септесетін жаңа жобалар, активтер ұсыну керек. 

Әрине, Азияда мені Қазақстандағы жұмыс нәтижелеріме байланысты білетін, біз төрешілер алмасу бойынша қызмет қылдық, Қазақстанда көптеген бірлескен жиындар өткіздік, сондай-ақ ойыншыларымыз барған кезде шетелде де ұйымдастырдық. Біздің теннисшілеріміздің шеберлігі өсіп, жастардың, жаңа есімдердің қатарға қосылғанын бәрі көрді.

Көпшілігі бірінші кезекте бұл қызметке Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Жамитұлын ұсынды. Бірақ ол мұндай жұмысқа түгел кірісіп, көп жүріп, көп қатысу керектігін айтты. Ол халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті болғандықтан, жүктеме онда да көп еді. Сондықтан біз ақылдасып, ол менің сайлауға түсуімді ұсынды, өз қолдауын көрсетті – бұл ортақ шешім еді. Мен бұл тәуекелге бардым, нәтижесінде бәрі бізді қолдады. 

– Сіздің президенттігіңіз Қазақстан мен Азияда теннистің дамуы үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашады?

–  Ең бастысы – Азия елдері арасында өзара іс-қимылды жақсарту, ойыншылар үшін тартымды орын ретінде Қазақстанды белсенді араластыру. Бізге Азияның үздік ойыншылары келсе, олар біздің теннисшілермен сынға түсер еді. Сөйтіп бәсеке арқылы шеберліктері өсіп, дами алады. Осы орайда менің президенттігім үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Азия үшін өзінде іс-шаралар өткізуге дайын, түрлі турнирлерге ойыншыларын жібере алатын бастамашыл елдер қажет деп есептеймін. Қазақстан кез келген деңгейдегі іс-шараны әрдайым қуанышпен өткізді.   Бұл Азия үшін ойыншылар халықаралық деңгейде тәжірибе алатындай мүмкіндік. Түптеп келгенде, мұның пайдасы екі жаққа да зор – Азия аймағындағы даму Қазақстанға да игі әсер етеді.  

Азия федерациясының жоспарлары жөнінде айтсам, негізгі бағыт – демеуші тауып, бұрын болған барлық жас ерекшеліктеріне қарай Азия ашық чемпионатын қайта ұйымдастыру. Ол медиақамту жағынан тартымды ғана емес, сонымен қатар Australian Open секілді «Үлкен дулыға» турнирлеріне арнайы шақырту (WC) бере алар едік. Сондықтан соңғы алты жылда өтпеген жарысты қайта жандандыруымыз керек. 

«Үлкен дулыға» турнирлерін ұйымдастыру комитеттерімен жақсы қарым-қатынастамын. Біз бұрын болған «Уимблдонға жол» және «Рандеву Ролан Гаррос» турнирлерін өткізе аламыз. Бұл біздің жастарымызға ірі турнирлерге қатысып, алғашқы ұпайларымен қоса, ең бастысы, тәжірибе жинақтауларына мүмкіндік береді.

– Теннистен Азия ашық чемпионаты жөнінде толығырақ әңгімелесеңіз?

– Бұл екі кезеңнен тұратын жыл сайынғы турнир болмақ. Бірінші іріктеу сайысы, онда Азияның барлық елдері екі бозбала мен екі қыздан қоса алады. Осылайша, мұнымен барлық  құрлық барынша толық қамтылады. Екінші, финалдық кезеңге Азияның рейтинг бойынша үздіктері мен іріктеуден өткендер қатысады. Сөйтіп біз Азияның үздік ойыншыларына бірге сынға түсуіне мүмкіндік береміз.  Біз жүлде қорын қатысушы елдер есебінен жинақтаймыз. Әдетте мұндай іс-шараларды журналистер қамтып, теледидарға түсіреді, бұл Азия федерациясының дамуына қаржы салуға дайын демеушілер үшін тартымды болмақ. Азия теннис федерациясы директорлар кеңесінің алдағы жиналысы қаңтарда Мельбурнда Australian Open кезінде өтеді. Онда біз турнирдің қандай ауқымда болатынын талқылап, сосын бір-екі айда бекітуге тырысамыз.  2024 жылы күзге қарай өткізуге ниеттіміз. Біріншілік ауыспалы болып, 5-6 ел басты ұйымдастырушы атанады деп ойлаймыз. Елдердің жыл сайын жарнасын төлеп, жарысты кезекпен жоғары деңгейде өткізу үшін олардың қатарын көбейте түспекшіміз.

– Қазақстанда Елена Рыбакина мен Александр Бублик секілді әлемдік деңгейдегі жұлдыз өсіп шыға алады ма? Рыбакина мен Бубликтің Қазақстанда үлкен табыстарға қол жеткізгені белгілі. Бірақ болашақта шет елден ойыншы тартпай, өз мақсатымызға жете аламыз ба?

– Биыл бізде Бейбіт Жұқаев үлкен серпіліс жасады, ол әлемдік рейтингте жоғары көтеріліп, Қазақстанның екінші ракеткасы атанды. Әрине, біз оған үлкен үміт артамыз.  Ақтау теннис мектебінің түлегі допты жақсы береді, кортта жылдам қимылдап, оң және сол қапталда тұрақты соққы жасай алады. Қазірдің өзінде ТОП-100-ге кіретін бірнеше ойыншыны ұтты, бұл – жақсы көрсеткіш.  Жаңа жылда Жұқаевтың Дэвис кубогінде құрамамызға көмектесіп, шеберлігін жетілдіре түсетініне сенімдімін.  

Жас жеткіншектер жөнінде айтсақ, Әмір Омарханов қатты өсіп келеді. Заңғар Нұрланұлымен бірге жасөспірімдер арасында Дэвис кубогінде өте жақсы нәтиже көрсетті. Омарханов барлық матчтарын жеңіспен аяқтап, Испания мен Италияның үздік ойыншыларын ұтты. Бұл табыстар үміт ұялатып, алдыңғылардың орнын басатын ізбасарлар бар екендігін көрсетеді. Біз өз кезегімізде әлемде үздік атану жолында өз мүмкіндігін толық пайдалануы үшін оларға көмектесетін боламыз. Ең бастысы, қарқынын жоғалтпай, жарақат алмаса, болғаны. 

Қыздар арасында құрама сапында Жібек Құламбаева тұрақты өнер көрсетіп келеді. Ол, әрине, жұптық ойыншы. Дегенмен жекелей сында да мүмкіндігі мол. Қазір біз оған техникалық шеберлігін арттыруға жәрдем беруге тырысудамыз, қосымша жарыс тәжірибесі де керек. Күшті қарсыластарын жеңіп үлгерген Жібектен үміт күтеміз.

Биыл ел тарихында алғаш рет жасөспірімдер арасында Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне шыққан Полина Слепцова, Іңкәр Дүйсебай және Анастасия Крымковалар да бар. Турнир барысында жеңіске де жете білген қыздарымыз қорытындысында әлемнің 10 үздік елінің қатарына енді. Олардың бәрі – біздің «өніміміз», Қазақстан теннис мектебінің түлектері. Енді осы қарқынды сақтап, жоғары деңгейден түспеу қажет.

– Қазіргі кезде ресейлік Александр Шевченконың Қазақстан туы астына өтетіні жөнінде әңгіме көп. Осыны нақтылай кетсеңіз?

– Иә, Шевченконың Қазақстан үшін ойнағысы келетініне көп болды.  Ол бізге сондай өтініш берді. Александр көптен бері Словакияда өздігінен жаттығуда. Ол біздің ойыншыларымызды жақсы біледі, бізде теннистің жүйелі түрде жолға қойылғанын, команданың әр мүшесіне көзқарас ерекше екендігін түсінеді. Сондықтан осы қатарға қосылғысы келеді. Барлық құжаттар дайын деуге болады. Паспорт алуға құжаттарын тапсырды. Таяу уақытта бұл мәселе қаралып, ол АТР жарыстарында Қазақстан атынан өнер көрсете алады. Бірақ ұлттық құрама сапында Александр Шевченко азаматтық алғаннан соң екі жылдан кейін ғана ойнай алады – ITF-дағы жалпы тәртіп осындай.  

– 2008 жылдан бері Қазақстан теннис академиясы жұмыс істеп келеді. Оған қалай кіруге болады, она кім айналыса алады, іріктеу жүйесі қандай?

– Бірқатар шартты орындаса болды, академияға түсуге болады. Барлық ақпарат біздің ресми сайтымызда тұр, онда академияға кіруге қажетті критерийлер көрсетілген. Бірнеше нұсқа бар. Біз 12 жастан бастап барлық талантты жеткіншектерімізді бақылап отырамыз, көзден таса қалдырмауға тырысамыз. Ойыншылар алтын, күміс және қола деңгейге бөлінеді. Бұлар – турнирлерде жеңімпаз атанған, күшті қарсыластарын жеңіп, жақсы нәтиже көрсеткен балалар. Сондай-ақ бұған 12 немесе 14 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан кубогінде өзін жақсы қырынан танытқандар кіреді.  

Негізгі академия Астанада орналасқан. Алматы, Шымкент, Қарағанды және Ақтөбеде мықты базалар бар, онда балаларға кортты тегін беріп, федерация бапкерлері жұмыс істейді. Сонымен қатар ойыншыларға өз жаттықтырушыларымен жұмысты жалғастырып, отбасы, мектебінен алыстамастан, өз қаласында қалуын ұсынамыз. Қиналмас үшін басқа жаққа бармай, жаттыға алады. Біз қаржылай қолдау көрсетіп, жаттығуды ұйымдастырамыз.

– Академияда оқу тегін бе?

– Бізде екі нұсқа бар – толық және ішінара қаржыландыру. Егер ойыншы тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп, қойылған міндетті әркез орындап отырса, біз оның жаттығу мен іссапарға кеткен барлық шығынын жабамыз.  Дегенмен сол деңгейге жетпейтін, үнемі мақсат үдесінен шықпайтындар да бар, біз оларды жігерлендіру үшін ішінара қаржыландырамыз. Егер көрсеткішін жақсартып, барлық міндетін орындай бастаса, толық қаржыландыруға ауыстырамыз.

– 2024 жылғы маусымда АТР  күнтізбесінде жаңа турнир – Almaty Open пайда болды. Алматы АТР-250 жарысы туралы айтып өтсеңіз?

– Алматы мұндай ірі жарысты өткізу үшін әуелден лайықты еді.  Алматыда жанкүйерлер де көп, дәстүрлі түрде теннис те өте жақсы дамыған.  Сондықтан қалада теннистің дамуына жаңа леп беру үшін АТР-250  турнирін Астанадан Алматыға ауыстырдық. Оған қоса Алматы туристік қала болып есептеледі, онда келетіндер көп. Сондай-ақ Алматыда жақсы спорттық нысан – Almaty Arena бар, біз оны турнир қажеттілігіне толық бейімдегіміз келеді.  Әлеуеті де жоғары, 7 мың, болашақта 10-12 мың жанкүйер үшін матчтар өткізуге болады. Көрермен көп болса, бұл ойыншыларға да ұнай, олар өзінің үздік өнерін көрсете бастайды.