Қазақстан жоғары білім беру саласында өңірлік көшбасшыға айналуда

Марат Атнашев
Нархоз Директорлар кеңесінің төрағасы,
Нархоз бизнес-мектебі академиялық ортасының елшісі

Қазақстан өзіне жоғары білім беруді интернационалдандыру және елді білім беру қызметтерін жетекші халықаралық жеткізушілердің біріне айналдыру міндетін қойды.  Орын алып тырған объективті қиындықтар мен сын-тегеуріндерге қарамастан, Қазақстан қазірдің өзінде бұл бағытта үлкен жұмыс атқарды, ал өңірдегі қалыптасқан геосаяси жағдай Қазақстанға және оның жоғары оқу орындарына халықаралық қызығушылықтың өсуіне ықпал етеді.

Шетелдік студенттердің үлесі Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының негізгі индикаторы болып табылады. Соңғы жылдары олардың саны қазақстандық жоғары оқу орындарында үш есеге өсті. Бүгінгі таңда Қазақстанда 26 мыңнан астам шетелдік студент оқиды, бұл студенттердің жалпы санының 4,5%-ын құрайды. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 10% – ға, ал 2050 жылға қарай 20% – ға дейін өседі деп жоспарлануда. Білім беруді жаһандық ортаға интеграциялаудың тағы бір негізгі көрсеткіші -жалпыға танылған кемінде 2 халықаралық рейтингте белгіленген жоғары оқу орындарының саны. Билік мұндай рейтингтерге 2025 жылға қарай үш қазақстандық университет, ал 2050 жылға қарай бес университет кіреді деп есептеп отыр.

Бірақ бұл – қаншалықты өршіл мақсат, ол қаншалықты өзін-өзі ақтаған және ең бастысы, оған қаншалықты қол жеткізуге болады?  

Халықаралық білім беру қызметтері нарығында бәсекелесуге тырысу –маңызды сын-қатер екені сөзсіз. Қазақстан қазірдің өзінде АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, дамушы Қытай және Үндістан сияқты алыптар басым болып табылатын қалыптасқан нарыққа шығуда. Демек, Қазақстанға білім беру саласында ұсынылатын қызметтердің ерекшелігі неде екенін айқын түсініп, оны нақты көрсете білу қажет.

Менің ойымша, Қазақстанның құндылығы – бүгінде оның ерекше геосаяси жағдайға тап болып отырғаны. Орталық Азиядағы ең тұрақты және дамыған елдердің бірі бола отырып, сондай-ақ АҚШ және Қытаймен байланысын арттыру арқылы Қазақстан тек аймақтан ғана емес, Болон жүйесінен шыққан Ресейден де студенттерді тарту орталығына айналды.

Мұндай жағдайда қазақстандық оқу орындарында білімге деген сұраныс қысқа мерзімді ғана емес, ұзақ мерзімді перспективада да сақталатын болады деп сеніммен айтуға болады.

Қалыптасқан геосаяси жағдай халықаралық білім беру қызметтері нарығында Қазақстанның қолындағы жалғыз «көзір» емес. Ел халықаралық стандарттарға сай болу үшін жоғары білім беру жүйесінде айтарлықтай реформалар жүргізді. 2010 жылы Қазақстан Болон жүйесіне қосылып, Азиядағы еуропалық білім беру кеңістігінің құрамына енген алғашқы ел болды.

Мен білім орнықты қоғамның негізгі тірегі екеніне сенімдімін. Білім беру саласында институционалдық шешімдер қабылдамай, орнықты қоғамды құру мүмкін емес. Бұл мәлімдеме жаһандық бәсекелестік ойын ережесін тұрақты түрде өзгертіп отыратын әлемде барған сайын өзекті бола түсуде. Қазақстан осы маңыздылықты түсінетін және оны жаңа сын-қатерлер мен талаптарға бейімдей отырып, білім беру жүйесін белсенді түрде жетілдіретін елдің үлгісі болып табылады.

Өткен жылы Қазақстан БҰҰ-ның Адами даму индексі бойынша 56-шы орынға ие болды және АДИ өте жоғары елдердің рейтингіне енді. Бұл маңызды мемлекеттік реформалардың, соның ішінде білім беру саласындағы реформалардың арқасында жүзеге асты. 

Бұл посткеңестік кеңістіктегі ең реформаланған елдердің бірі және оның білім беру жүйесі түбегейлі өзгерістерден өтті деп айтуға болады.

Қазақстанның жетекші университеттері халықаралық рейтингтік агенттіктердің назарына барған сайын көбірек түсуде, бұл елді Орталық Азиядағы оқу және білім алмасу бағдарламалары үшін перспективті орынға айналдырады. Британдық Quacquarelli Symonds аналитикалық компаниясы биылғы жылы QS Asia University Rankings рейтингіне 32 қазақстандық университетті енгізді.

Қазір Қазақстанда 117 ЖОО бар, оның 47-сі жекеменшік. Соңғы жылдары еліміздің білім беру секторында ескі, түбегейлі реформаланған жоғары оқу орындарынан басқа көптеген жаңа ойыншылар – жеке жоғары оқу орындары пайда болды. Посткеңестік кеңістіктегі көптеген адамдар коммерциялық жоғары оқу орындары сапалы білім беру қызметін көрсетпейді және олардың басты мақсаты – пайда табу деген таптаурын түсінікке ие. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Мемлекеттік және жеке университеттер әртүрлі функцияларды атқаратынын түсіну керек. Мысалы, біздің Нархоз ЖОО — кәсіпкер және филантроп Болат Өтемұратов қолдау көрсететін жеке ЖОО, бірақ түптеп келгенде, бұл – коммерциялық ЖОО емес, оның дивиденд төлеу және пайда алу бойынша міндеттері жоқ.  Барлық пайда, бүкіл экономикалық ресурс тек бір мақсат – оқытушыларды тарту, гранттар беру, инфрақұрылымды дамыту үшін университеттің миссиясына тиімді қызмет ету үшін қажет.

Нархоз университеті «оқу сапасы» және «түлектердің мансаптық мүмкіндіктері» сияқты бірнеше санаттар бойынша 5 жұлдызды QS рейтингін және 5 жұлдыздың 4 жалпы рейтингін алған әлемдегі 111-ші университет болды. Қазақстанның басқа университеттерімен салыстырғанда, Нархоздың халықаралық байланыстары барынша кең. Оның серіктестеріне Еуропадағы Erasmus+ бағдарламасы, АҚШ – тағы Питтсбург университеті, Финляндиядағы Хельсинки университеті, Ұлыбританиядағы Coventry University және Швейцариядағы EU Business School кіреді. 

Екінші жағынан, мемлекеттік жоғары оқу орындары әлеуметтік миссияны орындайды – халықтың жоғары білім алуға кеңінен қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Менің көзқарасым бойынша, бұл – өте жақсы үрдіс, өйткені мұнда білім беру саласында әр түрлі ойыншылар мен әр түрлі міндеттері бар жоғары оқу орындары көп болады. 

Бүгінгі таңда қолда бар нәтижелер Қазақстанның білім беру саласын дамытуда үлкен прогреске қол жеткізгенін көрсетеді. Осы сектордағы ел Үкіметі қойған қызметтерді экспорттау жөніндегі міндетті барынша өзін-өзі ақтаған әрі барабар міндет деп айтуға болады. Алайда бұл күш-жігердің басы-көзіне қарамай, рейтинг пен сан қуалауға айналмауы, керісінше адам әлеуетін және ғылымды дамытуға бағытталуы маңызды деп айтуға болады.