Брендан Дюпри | 27 қазан 2023ж.
2023 жылдың шілдесі жер бетіндегі метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең ыстық ай болды. Грецияда дем алған мыңдаған туристер аптап ыстықтың салдарынан орын алған ормандарды ораған өрттің құрсауынан құтылуға тырысып бақты. АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы тұрғындар да аптап ыстықтан зардап шекті. Қытайдың солтүстік-батысында температура 52°C-дан асып, ұлттық рекордтарды жаңартты.
Эль-Ниньо табиғи құбылысы белсенділік ала бастады; ол 2024 жылы жаңа табиғи апаттар қаупін тудыратын тропикалық Тынық мұхиты суларының жылынуына байланысты болмақ.
2023 жылдың қарашасында Дубайда (БАӘ) COP28, БҰҰ басқаруымен жыл сайын өтетін Климаттық конференция ашылады, онда ғасырдың ортасына қарай жаһандық жылынуды 1,5°C-ға дейін шектеуге бағытталған стратегиялар талқыланады.
Осындай стратегиялардың бірі – көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту үшін жаңартылатын энергия көздері мен электромобильдерге ауысатын индустриалды дамыған елдер жүргізетін көміртексіздендіру мәселесі. Климаттың өзгеруі мәселесін шешудің тағы бір әдісі табиғи шешімдерді қамтиды, олар тек көміртексіздендіруге ғана емес, сонымен қатар адамзаттың өмір сүруі үшін өмірлің маңызы бар табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге өте қажет қосымша болып табылады.
Қазақстан экологиялық шешімдерді енгізе отырып, көміртексіздендіруге қол жеткізу бойынша шаралар қабылдауда. Қазақстан 2030 жылға қарай көмірқышқыл газының шығарындыларын 15% – ға қысқартуды мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жету үшін бұрыннан қазба отынына тәуелді ел жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырады. Қазақстанның ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары, оның ішінде «АрселорМиттал Теміртау», «ҚазМұнайГаз» және «Қазмырыш» (Glencore еншілес компаниясы) шығарындыларды азайту жөніндегі бағдарламаларды іске асыруда.
Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметі 2025 жылдың соңына дейін 2 миллиард ағаш отырғызу бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл бастама ауа сапасын жақсарту және шөлейттенуге қарсы күрес арқылы елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Нархоз университеті жанындағы Қазақстан орнықты даму ғылыми-зерттеу институты (ҚОДИ) әзірлеген тағы бір практикалық табиғи шешім ауаның ластануының негізгі көздерінің бірі болып табылатын қалалық жол жүйелері мен тау-кен өндіру кәсіпорындарының маңында ауадағы зиянды бөлшектерді ұстау үшін өсімдік тосқауылын жасау болып табылады. Институтта бұл технология «Фито-тұту» деп аталады.
Бұл неліктен маңызды? БҰҰ ауаның ластануы ғаламшар халқының 99%-ына әсер етеді және жыл сайын 6,7 миллион адамдың мезгілсіз өлім құшуына әкеледі деп есептейді. Дем алған сайын адамдар өкпеге зиян келтіретін және жүрек-қан тамырлары проблемаларына әкелетін ең ұсақ бөлшектерді жұтады. Бұл бөлшектердің ішіндегі ең қауіптісі – диаметрі 2,5 микроннан (PM 2,5) аз болып келетін ұсақ бөлшектер, олардың құрамында өнеркәсіптік шаңнан бастап сульфаттарға дейін әр түрлі ластаушы заттар бар.
ҚОДИ командасы қазақстандық алтын өндіруші «Алтыналмас» компаниясының кенішінде фитотұту технологиясын енгізіп үлгерді. Қазақстанның орнықты даму ғылыми-зерттеу институты адам денсаулығын жақсарту мақсатында қала аудандарында және өнеркәсіптік объектілерде уытты ластану деңгейін төмендетудің оңтайлы тәсілдерін айқындау үшін жасанды интеллектіні пайдаланудағы ізашарлардың бірі болып табылады. EMVI-Met бағдарламалық жасақтамасын және өнімділігі жоғары әмбебап компьютерді пайдалана отырып, ҚОДИ командасы шаңның ластануын барынша азайту және сол арқылы адамдардың денсаулығын жақсарту үшін қаланың жол жүйелері мен қалдық қоймаларының айналасында нақты өсімдік отырғызу жобаларын 3D модельдеуді жүзеге асырады. Біздің модельдеу мұндай жобалар шаңның ластануын 40% – ға, ал озон сияқты зиянды газдарды 70% – ға азайтып, ауа сапасын жақсарта алатыны ғылыми дәлелденген.
Нақты мысал – біздің Ақсу кенішіндегі жұмысымыз. ҚОДИ ұжымы қалдық қоймаларының маңына күміс сорғыштың бұталарын отырғызды. Бұл бұталардың биіктігі 1,5 метрге дейін жетеді және шаңның үлкен бөлшектерін тиімді тұтады. Сәл әрі қарай үйеңкі мен қарағаш қатарлары отырғызылды: тығыз жапырақтары бар бұл биік ағаштар желмен тасымалданатын шаңның ұсақ бөлшектерін ұстай алады. Қазіргі уақытта біз ESG стратегиясы шеңберінде табиғи шешімдерді зерттеуге инвестиция салған тағы бір қазақстандық алтын өндіруші RG Gold-қа тиесілі тау-кен учаскесінде осындай жобаны іске асырып жатырмыз.
Қазақстанның орнықты даму ғылыми-зерттеу институтының табиғи шешімдері БҰҰ Еуропа экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК, БҰҰ-ның 56 елді біріктіретін бес өңірлік комиссиясының бірі) қалдық қоймаларының қауіпсіздігі және өнеркәсіптік авариялардың алдын алу және қалдық қоймаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің озық тәжірибесі ретінде Қалдық қоймаларының қауіпсіздігі туралы конвенция бойынша өңірлік конференциясы шеңберінде ұсынылды.
Өнеркәсіптің қажеттіліктерін ескере отырып, ҚОДИ тау-кен қалдықтарынан туындаған су мен топырақтың ластануымен күресу үшін табиғи шешімдерді қолдана отырып, сектордағы жұмыс портфолиосын кеңейтеді.
Тау-кен жұмыстарының нәтижесінде пайда болатын ағынды сулардың алдын алу мен азайтудың екі негізгі әдісі бар. Олардың бірі ағаштарды ерекше жолмен – тамыр жүйесіне топырақтағы жер асты суларының терең қабаттарынан ластаушы заттарды сіңіруге мүмкіндік беретін өткізбейтін материалдан жасалған «құдықтарға» отырғызуды қамтиды. Тағы бір әдіс — ластаушы заттарды сіңіру үшін арналардың немесе жылғалардың түбіне арнайы биокөмір мен шымтезек төсеніштерін орналастыру. Нидерландтық Tauw Engineering компаниясымен бірлесіп, біз осы технологияларды Қазақстанда, сондай-ақ көршілес Қырғызстандағы Ақ-Тұз кенішінің қалдық қоймасында сынақтан өткіземіз.
Ғылыми зерттеулер жүргізуден басқа, ҚОДИ миссиясына сарапшылармен және сала жетекшілерімен озық тәжірибелер, білім алмасу кіреді.
Доктор Брендан Дюпри -Қазақстанның орнықты даму ғылыми-зерттеу институтының директоры, Нархоз университеті.
Дереккөз: Mining.com