Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату айы: Болат Өтемұратов қоры әлеуметтік бастамаларды қолдауда

2 сәуірден бастап бүкіл әлемде Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні аясында аутизм туралы хабардарлықты арттыру айлығы басталады. Осы маңызды кезеңге орай Болат Өтемұратов қорының қолдауымен бірқатар әлеуметтік және ағартушылық шаралар ұйымдастырды. Қордың бастамалары аутизм туралы ақпаратты кеңінен таратуға, қоғамның назарын ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларының мәселелеріне аударуға бағытталды.

Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылысы (АСБ) бар адамдар саны жыл сайын артып келеді. Болат Өтемұратов қоры 12 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның 12 қаласындағы 13 «Асыл Мирас» орталығы арқылы АСБ бар балаларды қолдау жүйесін дамытып келеді. Биыл қор 18 жастан асқан АСБ бар адамдарға арналған сүйемелденген жұмысқа орналастыру жобасын іске қосады.

Атаулы күнге орай Astana Opera театры ғимаратында ерекше балалардың қатысуымен қайырымдылық концерт ұйымдастырылып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, аутизмі бар балалардың суреттері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды.

Іс-шараға Ақтөбе, Абай, Қарағанды облыстары мен Астана қаласынан 63 бала қатысты. Олар сахнада өнер көрсетіп, өз таланттарын паш етті. 

Іс-шараға қатысқан жас өнерпаздардың бірі Дарын Ажмолдаев болашақта әнші әрі IT-маман болуды армандайтынын айтты.

«Қазір мен түрлі концерттерде өнер көрсетіп жүрмін. Бүгін “Шынарым” әнін орындаймын. 7-сыныпта оқимын. Фортепианода ойнағанды ұнатамын. Сондай-ақ мектепте математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жақсы көремін», — деді ол.

Өнер арқылы жүректерді жақындастырған бұл кеш әр баланың мүмкіндігі шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сонымен қатар, Болат Өтемұратов қорының қолдауымен «Шуылдақ шыбын» инклюзивтік спектаклі ұйымдастырылды.