Елена Рыбакинаның теннис шыңына көтерілуі — Болат Өтемұратов пен Қазақстан теннис федерациясының жетістігі

Елена Рыбакинаны Қазақстанға әкелу жобасын іске асырып, оған жол ашқан Болат Өтемұратов: «Оның әлемнің бірінші ракеткасы атануы — біздің инвестицияларымыз бен күш-жігеріміздің дұрыс бағытта екенін дәлелдейді».

Мәскеуде дүниеге келіп, 2018 жылы Қазақстан азаматтығын қабылдаған Елена Рыбакина өзіне жаңа отан болған елдің тарихында есімін мәңгілікке қалдырды. Ол Орталық Азия елдері тарихында әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілген тұңғыш теннисші атанды. Бұл —  Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов қолға алған жобаның нақты нәтижесі. Оның пайымынша, бұл тарихи жетістік болашақ ұрпаққа шабыт беріп, жас спортшыларды биік белестерді бағындыруға ынталандырады.

Луи Буле
10 қыркүйек, 2026

Тақ тым жақын еді, енді бұл ресми түрде расталды: сәрсенбі күні US Open турнирінің ширек финалында Чжэн Циньвэньді 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңген Елена Рыбакина дүйсенбі күні әлемнің жаңа бірінші ракеткасы атағына ие болды. 1975 жылғы қарашада WTA рейтингі енгізілгелі бері әйелдер теннисінде әлемнің бірінші ракеткасы атағын 29 теннисші иеленді. Енді бұл беделді тізімге Қазақстанның өкілі алғаш рет өз есімін жазатын болды.

Мәскеуде дүниеге келген Рыбакина 2018 жылы Қазақстан теннис федерациясының ықпалды президенті Болат Өтемұратов қолға алған спорттық әрі қаржылық жобаның аясында Орталық Азия елінің туы астына көшіп, өнер көрсете бастады. Ол Рыбакина, Александр Бублик секілді жас ресейлік теннисшілерге және басқа да көптеген ойыншыларға қомақты қаржы салып, Қазақстанды әлемдік теннис картасына шығаруды көздеді. Бұл бастама өз нәтижесін берді. Енді Өтемұратов мұндай жетістіктердің алдағы уақытта да жалғасын тауып, одан әрі дами түсетініне үміт артады.

«Елена Рыбакина жеңіске жетіп, әлемнің бірінші ракеткасы атануына кепілдік берген АҚШ ашық чемпионатының ширек финалдық кездесуін қалай қабылдадыңыз?».

— Бұл — Елена үшін айрықша жеңіс, ал Қазақстан теннисі үшін тарихи күн болды. Әлемдегі ең ірі теннис ареналарының бірінде бар күшін салып, ең жоғары шеберлік деңгейін көрсеткені үшін оған тағы да алғысымды білдіргім келеді. US Open турнирінің жартылай финалына қайта шығып, әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілетінін ресми түрде қамтамасыз ету арқылы ол өзінің айқын прогресін және ойын сапасының тұрақты жоғары деңгейін айқын дәлелдеді. Нью-Йоркке жақында алған жарақатынан кейін келсе де, оның табандылығы мен психологиялық беріктігі таңғаларлық болды. Ол еліміздегі теннистің даму жетістігін мінсіз көрсетіп келеді. Ал оның әлемдік теннистің ең биік шыңына көтерілуі Қазақстандағы жас теннисші қыздар мен ұлдарға зор шабыт беретіні сөзсіз. Біз оларды қолдауды әрі қарай да қолымыздағы барлық мүмкіндікті пайдалана отырып жалғастыра береміз.

«Федерация оған қажет болған барлық қолдауды көрсетуге дайын болды, ал Елена өз кезегінде үнемі даму үстінде болып, Қазақстанға талай тарихи жеңіс сыйлады».

Болат Өтемұратов Елена Рыбакинаның азаматтығын ауыстыруы туралы.

Оның әлемдік рейтингтің ең биік шыңына көтерілуі — Қазақстан теннисі үшін тарихи жетістік…

Бұл — Федерациямыздың барша ұжымы үшін де, сондай-ақ бүкіл ел үшін де зор мақтаныш пен қуанышқа толы сәт. Қазақстан атынан өнер көрсететін спортшының әлемдік теннистің шыңына көтерілгенін көру — ұзақ уақыттан бері көкейімізде әлдилеп, жүзеге асыруға ұмтылып келген арманымыздың орындалуы. Бұл жетістік теннисті дамытуға бағытталған стратегиялық инвестицияларымыз бен осы спортты елде өркендетуге көп жылдар бойы жұмсаған қажырлы еңбегіміздің дұрыс бағытта болғанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Елена еліміздегі теннистің табысты дамуының жарқын көрінісіне айналып отыр. Біз оның жетістігіне және бұл тарихи белестің біздің қауымдастығымыз үшін мәні зор екеніне шын жүректен қуаныштымыз.

Сіз Рыбакинаны 19 жасында, ол әлі әлемнің бірінші ракеткасы атануы мүмкін деген мәртебеден әлдеқайда алыс кезде қолдауға шешім қабылдадыңыз ба?. Оның спорттағы жолы қалай қалыптасты және Федерация оған қалай қолдау көрсетті?

— Елена бізге алғаш рет жүгінген кезде-ақ оның бойындағы орасан зор талант пен әлеуетті бірден байқадық. Тіпті сол кездің өзінде дұрыс бағыт-бағдар мен қолдау көрсетілсе, оның бұл спортта биік белестерді бағындыра алатынын түсіндік. Алайда біздің шешім қабылдауымызға ең басты әсер еткен нәрсе — оның тәртіке бағынуы мен темірдей табандылығының үйлесімі болды. Еленаның ерекше адами қасиеттері бізге өзара жоғары сенім мен шынайы жақындыққа негізделген қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді. Федерация оған қажетті барлық қолдауды көрсетуге дайын болды, ал Елена өз кезегінде өзін барынша дамытып, Қазақстанға көптеген тарихи жеңістер сыйлады. Бұл — өзара сенімге құрылған таңғажайып жол болды.

Оның даму жолында сізді бәрінен бұрын не таңғалдырады?

— Оның көзге көрініп тұрған табиғи физикалық қабілеттерін айтпағанда, мен оның мінезі мен ділінің беріктігін ерекше мақтан тұтамын. Әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілу үшін айрықша табандылық қажет. Осындай биік жетістіктеріне қарамастан, Елена қарапайымдылығын сақтап, өз мақсатына берік әрі ұстанымдарына адал болып қалды. Оның Қазақстанды әлемдік аренада абыроймен таныстырып жүргенін мақтан тұтамын.

— Оның әлемнің бірінші ракеткасы атануы Федерация үшін және Қазақстанда теннисті одан әрі дамыту мен ауқымын кеңейту үшін нені өзгертеді?

— Бұл тарихи жетістік біз үшін аса маңызды. Өйткені ол — бүкіл Федерация ұжымының көп жылдар бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесі. Осы жолда еңбек еткен әрбір адамға алғысым шексіз. Дегенмен бұл жетістіктің ең басты құндылығы оның болашаққа тигізер ықпалында. Еленаның мысалы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мыңдаған бала мен олардың ата-анасын мейлінше ынталандырып, көңілдеріне сенім ұялатады. Арамыздан шыққан спортшының осы спорттағы ең биік шыңға шыққанын көру ең өршіл мақсаттардың өзіне қол жеткізуге болатынын дәлелдейді. Мұндай шабыттың құны өлшеусіз. Оның Қазақстанда теннисшілердің жаңа буынын, соның ішінде болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге көмектесетіні сөзсіз.

Дереккөз: L’equipe