28 қарашада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында өткізілетін «Жомарт жүрек» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттады. Салтанатты рәсім Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында өтіп, ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналды.
«Ел Президенті қазақстандықтардың еңбекқорлығына, ұйымшылдығы мен патриотизміне бәс тікті. Біртұтас мақсатпен ғана біз Отанның өркендеуіне қол жеткіземіз. Құрметті жерлестер! Сіздерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, амандық, сүйікті Отанымыз — Қазақстанның дамуы үшін жаңа жетістіктер тілеймін!»- деді Даниал Ахметов.
Он меценат «Жомарт жүрек» сыйлығының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды. Олардың барлығы облыс тұрғындарына көмек көрсетіп, мұнда ірі қайырымдылық жобаларын іске асырды.
«Жыл тұлғасы» номинациясының жеңімпаздары: кәсіпкер, аттас қордың негізін қалаушы және Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов және «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед болды.
Осы жылдың көктемінде Болат Өтемұратов Қоры Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамымен бірлесіп үйлері су тасқынынан зардап шеккен ШҚО тұрғындарына көмектесті. 21 елді мекенде 863 отбасы материалдық көмек алды.
«Жылдың үздік ұйымы» номинациясында «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС директоры Марк Ле Пейдж жеңіске жетті.
«Туған өлке» номинациясында бірден үш жеңімпаз болды: қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы Айбек Нұғымаров, шаруа қожалықтарының басқарушылары Константин Поп және Тимур Виситаев, сондай-ақ «Тас групп» компаниясының басшысы Дулат Тастекеев.
«Шығыс Innovation» ЖШС директоры Евгений Супроненко мен «Жас» шаруа қожалығының басшысы Жанат Әзімбаев «Жыл меценаттары» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.
Ал «Ерен еріктілік» номинациясында «Зырян ауданының жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Марина Лисовцова жеңіске жетті.
Салтанатты рәсім мерекелік концертпен аяқталды, онда Алтынай Жорабаева, Александр Галсанов бастаған облыс әкімінің симфониялық оркестрі, «Ин Коро» тобы және басқа да орындаушылар өнер көрсетті.
Дереккөз: https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/vostochnom-kazahstane-proshla-tseremoniya-nagrajdeniya-358684/