Батырхан Шөкенов атындағы қоғамдық қор мен Болат Өтемұратов Қоры ынтымақтастық туралы мәлімдеп, төрт жобаның құрылуы туралы жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Болат Өтемұратов Қоры Батыр атындағы қордың барлық жұмысын өз қамқорлығына алды. Өздеріңіз білетіндей, Батыр саксофонда ойнады және эстрада әртісі ретінде танымал болды. Оны еске алу үшін, сондай-ақ гобой, флейта, саксофон, фагот және кларнет сияқты үрмелі аспаптарда ойнайтын музыканттарды қолдау үшін біз қазір ауқымды жобаны – республикалық ағаш үрмелі аспаптар байқауын өткізуді дайындап жатырмыз. Байқау Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өтеді», – деді Батырхан Шөкенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Бауыржан Шөкенов.
Оның айтуынша, бірінші тур 2018 жылдың 26-30 қарашасы аралығында онлайн өтеді.
«Біз тілек білдірушілердің жазбаларын жинаймыз. Байқауға 16 жастан 32 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Біз тек студенттердің ғана емес, оркестрлерде немесе музыкалық мекемелерде жұмыс істейтін музыканттардың да қатысуын қаладық. Байқау кәсіби болады. Екінші және үшінші турлар консерватория базасында өтеді, екі концерт жоспарланған. Бес номинация, үш орын және үш сыйлық болады. Біз әр аспапқа бағдарлама дайындаймыз. Қыркүйек айында екінші турға өткен үміткерлерді жариялаймыз. Барлық ақпарат консерватория мен қордың сайтында жарияланады», – деді Бауыржан Шөкенов.
Ол сондай-ақ Батырхан Шөкенов атындағы шәкіртақы құрылатынын, әншінің барлық әндерінің жазбалары бар CD-және DVD-дискілер шығарылатынын, сондай-ақ онымен жұмыс істеген авторлармен бірлесіп ноталық басылым жасалатынын қосты.
«Шәкіртақы консерватория студенттеріне таралады. Жыл сайын шәкіртақы иегерлері таңдалады. Шәкіртақы мөлшері 500 мың теңгені құрайды. Барлығы бес шәкіртақы болады. Қазір біз ережені әзірлеп жатырмыз, ол консерватория мен қордың сайттарында жарияланады», — деді Шөкенов. Болат Өтемұратова Қорының директоры Марат Айтмағамбетовтың айтуынша, бұл мақсаттарға 69 миллион теңге бөлінеді.