Қазақстан Президенті 23 қарашада, дүйсенбіде Қарағанды облысында болды.
Қарағандының жаңа теннис орталығының инфрақұрылымы үздік әлемдік стандарттарға сай келеді: 11 корт (оның ішінде — 7 жабық), 2 жалпы дене шынықтыру даярлығы (ЖДШД) және арнайы дене шынықтыру даярлығы (АДШД) залы. Орталықты техникалық жарақтандыру (GreenSetжабыны, 1000 люкс жарықтандыру, Technogym тренажерлер кешені) әлемдік деңгейдегі үздік-100 ойыншы қатысатын ATP/WTA Challenger деңгейіндегі республикалық және халықаралық теннис турнирлерін өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы ауданы 7,8 мың шаршы метр болатын орталық аумағында конференц-зал мен 2 асхана қарастырылған, қонақ үй кешені бар. Сызықтық панельдерден жасалған ғимараттың қасбеті орталықты жақсы ерекшелеп, қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі лендмарктердің біріне айналдырады. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында осындай деңгейдегі орталықтың ашылуына әлемдік теннис жұлдыздары – Новак Джокович пен Рафаэль Надаль қатысты.
Қарағандылықтардың сүйікті демалыс орны болып табылатын Жеңіс саябағына қарай орталықтың айналасында жайлы қалалық ортаны дамыту бойынша үздік әлемдік тәжірибелерді ұстана отырып, ауданы 1,5 га аумақ абаттандырылып, көгалдандырылды. Нысанның құрылысы 2,4 млрд теңгені құрады. Қазақстан теннис федерациясы құрылысқа жеке инвестицияларды тартты.
– Мен қала үшін осы маңызды нысанның іске қосылуымен құттықтағым келеді. Біз қазір бұқаралық спортты дамыту мәселесін көтеріп жатырмыз. Бұл сарай барлық балаларға үлкен теннисті үйренуге және денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Мұнда өте функционалды және ыңғайлы. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Теннис федерациясының президенті Болат Жәмитұлы Өтемұратовқа алғыс білдіргім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
650 балаға арналған оқу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін теннис орталығының қызметін әдістемелік сүйемелдеуді және операциялық басқаруды Қазақстан теннис федерациясы жүзеге асырады. Айта кетейік, осы жылдың қазан айында Теннис федерациясы ATP (ATP – кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы) әлемдік рейтингінің үздік-70 спортшысының қатысуымен Қазақстанда алғашқы ATP 250 Astana Open турнирін өткізді. Барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау жағдайында өткізілген іс-шара ATP жоғары бағасына ие болды.
— Қарағандыда екінші теннис орталығының ашылуы Теннис федерациясының Қазақстандағы әлемдік деңгейдегі теннис инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жүйелі жұмысының жалғасы болып табылады. Федерация басқаратын жаңа теннис орталығы балалар мен жасөспірімдерді тартатын орынға айналатынына және әрқашан танымал болған Қарағанды спортшыларының жаңа буынын тәрбиелеуге ықпал ететініне сенімдімін, – деп атап өтті Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов.
Жаңа орталықта бір бала үшін теннис сабағының құны айына 15-20 мың теңгені құрайды. Ересек теннис әуесқойлары үшін – айына 20 мыңнан.
АНЫҚТАМА ТҮРІНДЕ
Бүгінгі таңда 14 облыс орталығында (Түркістанды қоспағанда), сондай-ақ Алматы мен Нұр-Сұлтанда 344 корты бар 35 теннис орталығы жұмыс істейді (салыстыру үшін: 2010 жылы елде тиісінше 18 орталық және 184 корт болды). Тенниспен айналысатын балалардың жалпы саны шамамен 8,5 мыңды құрайды (салыстыру үшін: 2007 жылы тенниспен 1,5 мың бала айналысты).
Қазақстан теннис федерациясының филиалдары Қазақстанның 17 қаласында орналасқан: Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Тараз, Орал, Өскемен, Шымкент, Екібастұз.
Толығырақ ақпарат ktf.kz.
Дереккөз: https://forbes.kz/