Алматы, Қазақстан, 2 ақпан 2024ж. /PRNewswire/ – 2014 жылдан бастап Болат Өтемұратов қоры қоғамды алға жылжытатын пайдалы әрі орнықты шешімдер қабылдау үшін адамдарды, идеялар мен ресурстарды жүйелі түрде біріктіріп келеді. Бүгін ол соңғы он жылда атқарған жұмыстарының қорытындысын шығарып, өзінің таяу арада атқаратын жаңа мақсаттарын белгіледі.
COVID-19, табиғи апаттар және геосаяси шиеленістермен сипатталатын он жыл бойында Қор ақшаға мұқтаж адамдарға жедел қаражат бөлді. Осы уақыт ішінде Қор 20-дан астам жобаны жүзеге асырды, тек 2023 жылы денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылым және дүлей апаттар кезінде көмек көрсету үшін шамамен 90 миллион АҚШ долларын жұмсады.
Білім мен мәдениет Қор миссиясының негізгі элементі болып қала береді. Өткен жылы ол Қосшы қаласындағы 1500 орындық муниципалдық мектептің құрылысын қаржыландырды. Келесі жылы мұнда ауданы 8500 ш. м. қоғамдық спорттық-мәдени орталық салынады.
Басқа ірі жобалардың қатарында қазіргі уақытта еліміздің 12 ірі қаласында жұмыс істейтін «Асыл Мирас» аутизм орталықтарының желісі бар. Қор құрылғаннан бері Kasari Lab және Marcus Autism Center сияқты зертханаларды қоса алғанда, халықаралық сараптамалық ұйымдармен серіктестік құру арқылы аутизмге шалдыққан 16 000 балаға көмектесті.
Қор сондай-ақ үкіметтік емес және жеке қайырымдылық ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың бірегей үлгісін көрсете отырып, Қазақстанның Қызыл Жарты айымен бірлесіп, «Көмек картасы» бағдарламасы шеңберінде мұқтаж 650 отбасына тұрғын үй және 2,6 млн АҚШ долларынан астам сомаға қаржылық көмек көрсетті. 2023 жылы Қор Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге 5 миллион АҚШ доллары көлемінде және Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілер отбасыларына 1 миллион АҚШ доллары сомасында көмек көрсетті.
2024 жылы Қор Алматы облысында тағы екі мектеп пен Қызылорда әуежайының жаңа терминалының құрылысын аяқтап, оларды қоғамға сыйға тартуға ниетті. Ол сондай-ақ «Jas Leader Akademiyasy» және «Жасыл мектеп» жобалары арқылы мектептегі білім беруді дамытуға үлес қосуды жалғастырады.
Болат Өтемұратов қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, доктор Алмаз Шарман: «Біз Қорды құрған кезде денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет мәселелеріне назар аударуды жоспарладық. Өткен 10 жыл ішінде біздің қызметіміздің саласы айтарлықтай кеңейді, біз әрбір жобамызды мақтан тұтамыз».