Елена Рыбакина алғаш рет Штутгарт турнирінің чемпионы атанды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің чемпионы атанды.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 27-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Қарсыластар осыған дейін екі мәрте кездескен еді. 2023 жылы Аделаиде (Аустралия) турнирінде Костюк 6:7 (5:7), 6:2, 6:3 есебімен ұтса, АҚШ ашық чемпионатында Рыбакина есе қайырған еді – 6:2, 6:1. Бұл жолы қазақстандық теннисші матчты брейкпен бастады – 2:0. Бұдан кейін есепті 5:2-ге жеткізіп, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2. 

Екінші партияда да Рыбакина 2:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:2. Содан соң төртінші матчболын пайдалана алды – 6:2.

Бір сағат 9 минутқа созылған матчта қазақстандық спортшы эйс жасамағанымен, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. 

Осылайша, Елена Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет Штутгарт жарысының чемпионы атанды. Ол 500 рейтингілік ұпайға қоса «Порше» автокөлігіне ие болды.

Матчтан соң марапаттау барысында Елена өз командасына, жаттықтырушы мен Штутгартқа Рыбакинаны қолдау үшін арнайы ұшып келген Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа алғысын білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны Штутгарт турниріндегі жеңісімен құттықтады.

«Елена Рыбакинаны Штутгартта өткен теннис турнирінің жеңімпазы атануымен құттықтаймын. Қазақстанның бірінші ракеткасы биылғы маусымда осымен үшінші турнирде жеңіске жетіп отыр. Бұл — үлкен жетістік. Даңқты теннисшімізге толағай табыс тілеймін!» — деп жазды Мемлекет басшысы Instagram парақшасында.

WTA турындағы алғашқы атағын Елена 2019 жылы Бухаресттегі WTA 250 турнирінде жеңіп алды. 2020 жылы ол Хобарттағы WTA 250 турнирінде жеңіске жетті. 2022 жылы Рыбакина Уимблдон чемпионы болды. 2023 жыл қазақстандық спортшыға екі WTA 1000 кубогын әкелді: Индиан-Уэллс пен Римде. Осы жылдың басында Елена Брисбендегі WTA 500 турнирінде, ал бір айдан кейін Абу-Дабиде жеңіске жетті. 

Дереккөз: Orda.kz