Оралдағы аутизм орталығы жылына 600-ден астам баланы қабылдай алады

«Асыл Мирас» аутистік спектрдің ауытқулары (АСА) бар балаларды қолдау орталығы Орал қаласында Самал көшесі, 102 мекенжайы бойынша ашылды.

Ауданы 675 шаршы метр болатын үй-жайды Батыс Қазақстан облысының әкімдігі бөлді. Жаңа орталықта интервенция бағдарламаларымен жылына 600-ден астам бала қамтылады.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев жаңа орталықтың жабдықталуымен танысып, педагогтармен және ата-аналармен әңгімелесті. Ол өңір үшін осындай орталықтың болуының маңыздылығын атап өтіп, Болат Өтемұратов Қорының Қазақстанда аутистік спектрдің ауытқулары бар балаларды тиімді қолдау жүйесін құру жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады.

Оралдағы алғашқы «Асыл Мирас» аутизм орталығы 2018 жылы «БҚО «Бәйтерек» ҚБ-мен – 10 жылдан астам мүгедек балалармен жұмыс істейтін ұйыммен серіктестікте ашылды. Төрт жыл ішінде «Бәйтерек» мамандары аутизмді түзетудің заманауи тиімді әдістерін үйренді және отбасыларға көмектесу үшін алған білімдерін белсенді енгізді. Диагностика сапасы жақсарған сайын және аутизмді ерте жаста анықтау жоғарылаған сайын аутизм орталығының қызметін кеңейту қажеттілігі туындады.

«Біз Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне жаңа заманауи орталық құруға көмектескені үшін алғыс айтамыз. Біз өз тарапымыздан балалар мен олардың ата-аналарына қызмет көрсетудің жоғары сапасын сақтауға кепілдік береміз. Біз мамандарды іріктеуге мұқият келдік. Орталықтың барлық мамандары ғылыми дәлелденген «Асыл Мирас» жұмыс әдістемесі бойынша оқудан өтті. Әдістемелердің тиімділігі Қазақстандағы аутизм орталықтары желісінің көп жылдық тәжірибесімен расталады», – деді Болат Өтемұратова Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.

«Аутизм. Баршамызға бір әлем»  бағдарламасын Болат Өтемұратов Қоры 2015 жылдан бері іске асырып келеді. Осы уақыт ішінде 10 орталық ашылды, онда 11 мыңнан астам бала тегін білікті көмек алды. Қор қазақстандық балалардың үздік әлемдік тәжірибелерге қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін Атлантадағы Marcus Autism Center және Калифорния Университетіндегі Kasari Lab сияқты АСА бойынша халықаралық сарапшылармен ынтымақтасады.

Дереккөз: https://orda.kz/autizm-centr-v-uralske-smozhet-prinjat-bolee-600-detej-v-god/