Шымкент пен Түркістанның 500 оқушысы Алматыда жас көшбасшылардың бірінші форумына жиналады

Жас көшбасшылар форумы шілденің бірінші жартысында Алматыда өтеді және Болат Өтемұратов Қорының Jas Leader Akademiiasy жобасының бірінші жылының қорытындысын шығару алаңына айналады.

Форумға бір жыл ішінде әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларды дамытуда елеулі прогреске қол жеткізген жалпы білім беретін мектептердің 500 үздік оқушысы қатысады.

Jas Leader Akademiiasy жобасы 5-11-сынып оқушылары арасында көшбасшылық қасиеттерді дамыту бойынша сабақтарды жаппай және жүйелі енгізудің Қазақстандағы алғашқы тәжірибесі болды. Жасөспірімдер оқу жылы бойы сұранысқа ие дағдыларды үйренеді, олардың ішінде көпшілік алдында сөз сөйлеу, уақытты басқару, командада жұмыс істеу, жанжалдарды шешу және мақсат қою бар. Бірінші пилоттық оқу жылында 13 мыңға жуық бала өздері үшін жаңа дағдыларды меңгерді.

Жоба пилотын Болат Өтемұратов Қоры Шымкент пен Түркістан облысының 50 мектебінде іске қосты. Өңірді таңдау кездейсоқ емес – Түркістан облысы республикадағы оқушылар саны бойынша көшбасшы болып қала береді, мұнда мектеп жасындағы жарты миллионнан астам бала тұрады.

«Біз бәріміз балаларымызға сапалы білім берудің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз, ол тек мектеп пәндерімен шектелмеуі керек. Бүгін салынған білім мен дағды болашақ Қазақстаны құрылатын базаны қалыптастырады. Қазірдің өзінде біз білімді, батыл көшбасшыларды жаңа көзқараспен және жаңа идеялармен тәрбиелеуіміз керек. Біздің өңірде 10-15 жылдан кейін өз ауылын, өз қаласын және өз елін дамыту үшін жұмыс істейтін осындай прогрессивті жастар бар екеніне қуаныштымын», – деп атап өтті Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Барлық сабақтар интерактивті тренинг форматында өтеді, бұл сабақтарда ашықтық пен қолдау ахуалын қалыптастырады.

Шымкенттің №129 мектебінің оқушысы Аружан Айтбаеваның пікірінше, бұл тәсіл оған аудитория алдында сөз сөйлеуден қорқуды жеңуге көмектесті.

«Мен батыл болдым, енді олар мені мазақ етеді немесе сөзімді бөледі деп қорықпаймын. Бұл тек көшбасшылық сабақтарында ғана емес, сонымен қатар басқа мектеп сабақтарында және үйде де сөз сөйлеуге қатысты. Біз сынға дұрыс жауап беруді, өз сөздерімізді дәлелдеуді, бір-бірімізді тыңдауды және қолдауды үйренеміз», – деп бөлісті Аружан Айтбаева.

Факультативтер бағдарламасы мен оқу құралы жасөспірімдерді оқыту саласындағы сарапшылардың қатысуымен әзірленді және әлемдік әрі жергілікті білім беру ерекшеліктерін ескереді. Таңдалған мектептерде 100 мұғалім сабақ береді. Оқу жылы басталар алдында олар бір апталық тренингтен өтіп, Jas Leader Akademiiasy бағдарламасымен және оқытудың жаңа тәсілдерімен танысты. Әр мұғалім бір жыл ішінде 32 сағаттық элективті сабақтар өткізді, бұл олардың жүргізу стиліне және бейіндік пәндеріне әсер етті.

«Көшбасшылық сабақтарында біз «тең-теңге» қағидаты бойынша жұмыс істейміз, пікірталас кезінде біз әрқашан оқушыға соңына дейін сөйлеуге мүмкіндік береміз, түзетпейміз, керісінше әр түрлі көзқарастарды ынталандырамыз. Мен бұл тәсілді ағылшын тілі сабақтарына енгізе бастадым, бұл – менің негізгі пәнім, оқушылар әлдеқайда белсенді және қызығушылық таныта бастады», – деп атап өтті Түркістандағы Науаи атындағы №13 мектептің мұғалімі Еркін Әбдірайымов. 

Жыл бойы мұғалімдер әр оқушыны бақылайды және кері байланыс сауалнамаларын толтырады, онда олар бастамашылықты, сабаққа дайындықты, дағдыларды дамытудағы прогресті атап өтеді. Осы деректердің негізінде Шымкент пен Түркістаннан бағдарламаның 250 үздік қатысушысы шілде айында Алматыда өтетін қорытынды форумға шақырылады. Бес күн ішінде жасөспірімдер шеберлік сабақтарына, командалық және білім беру ойындарына қатысады. Форумды өткізу және балалардың қатысуы бойынша барлық шығыстарды Болат Өтемұратов Қоры жабады.

Jas Leader Akademiiasy жобасы жаңа оқу жылынан бастап Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы тағы 50 мектепте басталады. Келесі үш жыл ішінде Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Жетісу және Алматы облыстарының мектептерін қамту жоспарлануда

Дереккөз: www.zakon.kz