Болат Өтемұратов Қорының Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы 2021 жылы Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы 50 мектепте іске қосылды. 5-11-сыныптардың 12,5 мыңға жуық оқушысы оқу жылы бойы сыни ойлауды, командада жұмыс істей білуді, көпшілік алдында сөз сөйлеуді және өз пікірін дәлелді білдіруді үйренді. Жоғары белсенділік пен ынта көрсеткен 450 оқушы Алматыда екі лекпен өткен және 17 шілдеде аяқталған Jas Leader бірінші форумына қатысты.
Форумға қатысушыларға сәлемдесу барысында білім министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей: «Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы Сіздерге бүгінгі таңда сұранысқа ие дағдыларды дамытуға, шығармашылық және көшбасшылық әлеуеттерді ашуға арналған құралдар берді. Енді алған білімді қалай пайдаланатыныңызға байланысты. Сіздер Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлкен үлес қосатындарыңызға сенімдіміз!»
Түркістанның № 14 мектебінің 11 сынып оқушысы Айару Бақытжанқызының айтуынша, көшбасшылық бағдарлама бойынша сабақтар оған көпшілік алдында сөз сөйлеуден қорқуды жеңуге көмектесті: «Мен қыркүйек айынан бастап мектепте Jas Leader Akademiiasy барлық факультативтеріне қатыстым. Осы уақыт ішінде мен сөйлеуден және өз пікірімді білдіруден қорқуды қойдым, өйткені менде сөз сөйлеуге қалай дұрыс дайындалу керектігі туралы білім болды. Бірақ ең бастысы, мен басқаларды тыңдауды, олармен қарым-қатынас жасауды үйрендім. Бір-бірімізді құрметтей отырып, шешімдерді бірге табамыз».
Jas Leader Akademiiasy маңызды міндеттердің бірі — қазақ тіліндегі өзекті білімге қол жеткізуді қамтамасыз етуді шешеді.
Болат Өтемұратов Қорының директоры Марат Аймағамбетовтың айтуынша, сарапшылармен бірлесіп үздік шетелдік тәжірибелерді жинау және бейімдеу бойынша үлкен жұмыс атқарылды: «Біз алғаш рет мектепте ана тілінде сабақ өткізу үшін бір бағдарламаға халықаралық озық тәжірибені жинадық. Форумға қатысушылармен кездесіп, олардың жанып тұрған көздерін көрдім, балалардың өздерінен олардың жетістіктері мен жеңістері туралы білдім. Демек, біз қазақстандықтардың жас буынына бағытталған жобаларды дұрыс жолға қойып, дамытуды жалғастырамыз».
Жаңа оқу жылынан бастап Болат Өтемұратов Қоры бағдарламаны Жамбыл және Қызылорда облыстарында кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы айда таңдалған 50 мектепте мұғалімдерді даярлау басталады. Бір апталық тренингте мұғалімдер Jas Leader Akademiiasy бағдарламасымен танысады және заманауи білім беру тәсілдерін үйренеді.
Дереккөз: TengriNews.kz