Даниил Медведев (сол жақта) және Корентен Муте (оң жақта) Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовпен Almaty Open турнирінің финалынан кейін, 19 қазан 2025 ж.
Қазақстанның теннисті дамытудың жаңа орталығына айналуы елдің спорттық ландшафтын өзгертті. Бұқаралық спорт бағдарламаларын да, халықаралық турнирлерді де қамтитын ұзақ мерзімді стратегия өз жемісін беруде, дегенмен оның болашағы осы негіздердің қаншалықты берік екендігіне байланысты.
АЛМАТЫ, Қазақстан, 20 қазан (Синьхуа) – ATP Almaty Оpen кортына шыға отырып. Бейбіт Жұқаев үй кортының артықшылығынан бөлек басқа дүниені сезінді. «Үйге оралып, өз үйіңдегі турнирге қатысу қашан да ғанибет», – дейді ол. «Жанкүйерлерім мені, ата-анамды, отбасымды мақтан тұтса екен деп тырысамын. Менің иығымдағы жүк ауыр, тынбай еткен еңбектің арқасында соңғы он-он бес жылда көп нәрсеге қол жеткіздім».
Бұл мақтаныш сезімін қазақстандық теннисшілер барған сайын сезініп, бөлісіп келеді, олар қазір кәсіби турнирлерде жиі өнер көрсетіп жүр. Бір кездері күреспен және бокспен танымал болған елде теннис Орталық Азияның осы бұрышындағы ең жылдам дамып келе жатқан спорт түрлерінің біріне айналды.
ТАҚЫРДАН ЖАСАУ
Болат Өтемұратов 2007 жылы Қазақстан теннис федерациясын (ҚТФ) басқарған кезде оның тек атауы болды. «Теннис федерациясы тіпті заңды тұлға ретінде болған жоқ», — деп еске алады ол. «Ол нар көтермен қарызымен және ITF-ге мүшелігі тоқтатылғандықтан, банкротқа ұшырады. Менің бәрін тақырдан бастауыма тура келді».
Оның басшылығымен Қазақстан корттарға, жаттықтырушыларға және жасөспірімдер бағдарламаларына жүздеген миллион доллар инвестиция салды. Федерация халықаралық деңгейдегі 39 спорт кешенін салды, олардың көпшілігі қатал қыстың суығына шалдырмайтын жабық құрылымдармен жабдықталды. «Біз барлық өңірлерде инфрақұрылым салдық», — дейді Өтемұратов. «Содан соң біз үздік жасөспірімдерді жинау, оларға толық қолдау көрсету және әрбір жас тобында жарыстар саны жеткілікті болуы үшін турнирлердің күнтізбесін жасау үшін Team Kazakhstan құрамасын құрдық».
Нәтижелер көз алдымызда. Ендір Қазақстанда Дэвис кубогы мен Билли Джин Кинг кубогына қатысатын бәсекеге қабілетті командалар бар, Үлкен дулыға турнирлерінің жеңімпазы Елена Рыбакина бар, сондай-ақ елде ATP және WTA турнирлері өткізіледі.
Алайда Федерацияның жетістігі көбінесе Өтемұратовтың жеке инвестицияларына байланысты болды. Өтемұратовтың бағалауы бойынша оларға 200 миллион АҚШ долларынан астам жеке ақша салынды. Ресурстардың бұлайша шоғырлануы ол кеткеннен кейін ұзақ мерзімді тұрақтылықтың болу-болмасы туралы елеусіз сұрақтар туғызды.
ИМПОРТТАН ЖЕРГІЛІКТІ ТАЛАНТТАРҒА

Медведев Almaty Open турнирінің финалында сол жақтан соққы жасауда, 19 қазан 2025 ж.
Кейбір сыншылар Рыбакина мен елдің үздік ойыншысы Александр Бублик сияқты Ресейден көшіп келген ойыншыларды тартқандықтан, Қазақстанның жетістігін жоққа шығарады, бірақ Өтемұратов дәл осы қадам сәттіліктің кілті болды деген идеяны жоққа шығарады.
«Олар мұнда келгенге дейін айтарлықтай нәтиже көрсеткен жоқ», – дейді ол. «Рыбакина біз оған мүмкіндік бермес бұрын теннистен кететін болды. Ол өзінің жетістігі Қазақстанның көрсеткен қолдауының арқасында екенін бірнеше рет айтқан».
Енді Федерация жергілікті таланттардың ағынын көрсете алады. 17 жастағы Әмір Омарханов: «Теннис сөзсіз танымал бола бастауда. Мен еліміздің түкпір-түкпірін аралап саяхаттаған кезімде ойыншылар болды, бірақ олардың ішінде кәсіби турға шыққандар аз болды. Енді мен біздің көптеген жасөспірімдердің шеберліктерін арттырғанын көріп отырмын. Біздің спортшылардың үлкен алаңдарда өнер көрсетіп жатқанын көру жаныңа қуаныш сыйлайды» – дейді.
Омарханов өзіне жол ашқаны үшін Федерацияға алғысын айтады. «Қазір жағдай жақсарды. Ойыншылар жүйенің қалай жұмыс істейтінін, яғни өздеріне қандай жаттықтырушылардың және қай орындардың сәйкес келетінін көреді. Тіпті Еуропаға бармас бұрын Орталық Азияда қалып, сол жерде де өзіңді дамытуға болады».
Бұл прогресті өткен жылы Ресейді Қазақстанға ауыстырған Александр Шевченко да растайды. «Менің анам — Қазақстанның тумасы, маған Қазақстан қашан да ұнайтын», – дейді ол. «Басқалар теріс айналғанда, Қазақстан маған көмектесті. Жыл сайын тенниспен айналысатын адамдарды көбейіп келе жатқанын көремін, мұнда жаңа орталықтар пайда болуда, балалар да үсті-үстіне көбейіп келеді. Мен шеберлік сыныптарын өткізген кезде ойнағысы келетін балалар ұзын-сонар кезекке тұрады».
ТУРНИР ЖӘНЕ СЫНАҚ

(Солдан оңға қарай) Бейбіт Жұқаев, Карен Хачанов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Болат Өтемұратов, Флавио Коболли, Александр Шевченко және Даниил Медведев Алматы қаласында «Алатау» теннис орталығының ашылу салтанатында, 2025 жылғы 12 қазан.
Almaty Open турнирінің кеңесшісі Аттила Рихтер үшін ATP 250 қалалық турнирі әрі өзіңді көрсету мүмкіндігі, әрі сынақ алаңына айналды. «Біз 2020 жылы COVID пандемиясы кезінде небәрі алты апта бұрын хабарлама ала бастадық», – деп еске алады ол. «Содан бері турнир жыл сайын бес сатыға өсті».
Турнирдің 2024 жылы Астанадан Алматыға көшуі де оның алаңы мен аудиториясын кеңейтті. «Алматы – елдің экономикалық орталығы», – дейді Рихтер. «Адам да көп, компаниялар да көп, әуе рейстері де көп – мұның мәні зор».
Ол турнирдің кәсіби беделі федерацияның дәйектілігіне байланысты деп санайды. «Олар өңірлік орталықтар салып, жүздеген жаттықтырушыларды жалдап, жасөспірімдерді даярлаудың толыққанды бағдарламаларын жасады. Шынымды айтсам, мен көптеген федерациялардың өсу жолын көрдім, бірақ Қазақстанның жетістіктері ғаламат. Олар тек осы қарқынды сақтауы керек».
ӘЛЕМНІҢ МОЙЫНДАУЫ
Келген кәсіби мамандар бұған назар аударды. «Өткен жыл туралы менің есімде керемет естеліктер қалды», – дейді 2024 жылғы чемпион Карен Хачанов. «Турнир өте жақсы ұйымдастырылған. Егер біз оны еуропадағы турнирлермен салыстыратын болсақ, онда ол орын-жайда өткізілетін турнирлерге лайықты бәсекелес бола алады».
Қазақстанның табысқа жетуінің тарихы — Рыбакинаның, Бубликтің және өсіп келе жатқан жас ойыншылардың қол жеткізген табыстары. Ол елдің спорттық келбетін өзгертеді. «Бұл – құбылыс», – дейді Шевченко. «Біз жыл сайын айтарлықтай жетістіктерді көріп отырмыз және менің ойымша, одан әрі де жетілдіре береміз».
Теннис Қазақстандағы ең танымал спорт түрлерінің біріне айналғанына қарамастан, Өтемұратов әлі де ұзақ мерзімді перспективаны назарға алады. «Енді бізде әртүрлі деңгейдегі командалар бар», – дейді ол. «Біз әлеуеті барлардың барлығын ерте жастан анықтаймыз және олардың дамуына көмектесеміз. Стратегиялық тұрғыдан біз бірдей қағидаттарды ұстанамыз, бірақ бұл бұрынғысынша қаржыландыруды қажет етеді».
Бұл жүйе бір адамның басшылығынсыз өркендей ала ма? Бұл – басы ашық сұрақ. Алайда, қазіргі уақытта Қазақстанның әлемдік теннис сахнасындағы өрлеуі уақытша серпіліс емес, «ұзақ беріс» сияқты көрінеді.
Дереккөз: Xinhua