Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының маңындағы орман өрті салдарынан баспанасыз қалған әрбір отбасына 1 млн теңге бөлді. Табиғи және техногендік апаттардан зардап шеккендерге арналған «Көмек картасы» жобасы, сондай-ақ басқа да әлеуметтік және қайырымдылық бастамалары туралы қор директоры Марат Айтмағамбетов айтып берді.
– Марат Темірғалиұлы, «Көмек картасы» жобасының мәні жайлы және оған кім қатысуға құқылы екенін толығырақ айтып берсеңіз.
– Бұл – 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Болат Өтемұратов Қоры, Қызыл Жарты Ай қоғамы және Fortebank бірлескен қайырымдылық жобасы. Осы уақыт ішінде табиғи және техногендік апаттардан зардап шеккендерге жалпы сомасы 350 млн теңгеден астам көмек көрсетілді. Негізінен су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі, бірақ Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстардан кейін ТЖ-ға ден қою тәжірибесі де болды.
Биылғы жылы Риддерде өрт болғанын білгеннен кейін, командамен шетте қала алмадық және қиындыққа тап болғандарды қолдау жолдарын іздей бастадық. Көмек уақтылы және орынды болуы үшін біз баспанасынан айырылған әрбір отбасына 1 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетуді ұйғардық. Өкінішке қарай, өрт кезінде құрбансыз болған жоқ. Қайтыс болған Галина Филаретовна Спивакованың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын.
Зардап шеккен отыз отбасының әрқайсысы номиналы 1 млн теңге болатын банк карталарын алды, ал көмектің жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады.
– «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын жүзеге асыру биыл жалғасын таба ма?
– Әрине, бұл – біздің аутистік спектрдің ауытқулары бар балалар мен олардың ата-аналарына қолдау көрсететін флагмандық бағдарлама. Бағдарлама аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Шымкент, Петропавл және Павлодар қалаларында 9 «Асыл Мирас» аутизм орталығы ашылды. Соңғысын өткен жылдың желтоқсан айында Павлодарда аштық.
Біздің орталықтарымыздың есіктері күн сайын барлық ата-аналар мен балалар үшін ашық, мұнда ең озық әдістемелер бойынша даярлықтан өткен біздің мамандар АСА диагностикалау үшін мүлдем тегін көмектеседі және балада ауытқу анықталған жағдайда оны қажетті дағдыларды дамыту жөніндегі тиісті бағдарламаға тіркейді. Біздің барлық орталықтарымыз Калифорния университеті мен Атлантадағы Marcus Autism Center әзірлеген американдық технологиялар бойынша сабақтар өткізеді. Бұл технологиялардың тиімділігі дәлелденді. Біздің орталықтарда оқыған немесе жаттығатын әрбір баланың дамуында ілгерілеу бар.
– Олардың мемлекет құрған түзету орталықтарынан айырмашылығы неде?
– Біз АСА бар балалармен Кеңес Одағы кезіндегідей бұрынғы ескі әдіспен жұмыс істейтінін түсіндік. Біз мұндай тәсілдерден бас тартып, халықаралық тәжірибеге жүгінуді шештік. Біздің «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламамыз АҚШ пен Еуропада кеңінен қолданылатын, ғылыми дәлелденген әдістерге негізделген.
Қазақстанда мемлекеттік түзету кабинеттерінің жұмыс стандарттары «Асыл Мираста» қабылданған жүйемен сәйкес келмейді. Мысалы, біздің орталықтарда баламен сабақ 60 минутқа созылады, ал мемлекеттік түзету кабинетінде – 25-40 минут, бұл баламен тиімді жұмыс істеу үшін жеткіліксіз. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламада маманның кестесіне ата-аналармен жұмыс уақыты және бағдарлама аяқталғаннан кейін баланы бақылау кірмейді. Осы себептерге байланысты 2020 жылдың ортасынан бастап біз «Асыл Мирас» орталықтарын арнайы білім беру ұйымының жеке түрі ретінде заңнамалық айқындауға қол жеткіздік. Жақында мұндай бұйрыққа қол қойылды, біз оған өте қуаныштымыз. Енді Нұр-Сұлтан, Шымкент, Петропавл және Павлодар қалаларында әкімдіктермен серіктестікте ашылған орталықтарымыз «Аутистік асқынуы (АСА) бар балаларды қолдау орталықтары» мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз, біз осы орталықтарда «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын толық көлемде және мемлекеттік бағдарламамен қайшылықсыз жүзеге асыра аламыз.
Сондай-ақ, біз қалған орталықтарды КММ (коммуналдық мемлекеттік мекемелер) форматында мемлекеттік басқаруға өткізуді бастаймыз. Бұл ретте біз бағдарламаның тиімділігін сақтаймыз, мамандарды оқыту процесін және олардың үздік тәжірибелерді пайдалануын бақылауды жалғастырамыз.
Біздің жоспарымызда жаңа орталықтар ашу бар. Қор осы бағытта өңірлік әкімдіктермен ынтымақтастықты жалғастырып, оқытуды, оның ішінде шетелдік сарапшыларды және орталықтарды толық жарақтандыруды өзіне қалдырады.
– Болат Өтемұратов Қоры тағы қандай қайырымдылық жобаларын қолдайды?
– Биыл Болат Өтемұратов Қоры «Халық» қайырымдылық қорының «Ел тірегі – Елбасы» науқанын қолдады. Оның мәні неде? Аз қамтылған көп балалы отбасыларға және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсету. Біздің қор құрған 4 000 азық-түлік себеті еліміздің ең тығыз қоныстанған қалаларының: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қызылорда тұрғындарына жеткізілді.
Бұл – «Халық» қорының науқаны, біз оны қолдауды және пандемия мен карантиндік шектеулер жағдайында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетуді шештік. Бүгінде біздің қоғам бұрынғыдан бетер бірігіп, мұқтаж адамдарға көмектесуі керек, сонда ғана біз барлық қиындықтарды жеңе аламыз.
– Қазақстанда ондаған қайырымдылық қорлары бар, бірақ Болат Өтемұратов Қоры жүзеге асыратын жобалар олардан өзгеше. Сіз мұндай жобаларды қайталамау үшін арнайы таңдайсыз ба?
– Шынында да, көптеген қорлар бар, олар әрқилы, әр түрлі деңгейлерде жұмыс істейді – қалалар, өңірлер, елдер. Болат Өтемұратов Қоры ел ауқымында ұлттық деңгейде жұмыс істейді, ал іске асырылып жатқан әлеуметтік жобалар, бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде балаларға, жасөспірімдерге, жастарға бағытталған.
Қордың мұраты: Қазақстанға бүгін және болашақта адамдар өмір сүруі үшін жақсы мекенге айналуға көмектесу. Бірақ оның құрылтайшысының ең маңызды месседжі – қордың мемлекет жүзеге асырып жатқан және қолдап отырған бастамалар мен жобаларды қайталамауы.