Студенттер сондай-ақ болашақта АХҚО резидент компаниясына жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.
Нархоз Университеті, «Астана» халықаралық қаржы орталығының соты (АХҚО соты) және Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Енді университет студенттері АХҚО сотында және ХТО-да тағылымдамадан өтуге, сондай-ақ болашақта АХҚО резидент компаниясында жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
Сот қызметкерлері Нархозда құқық мектебі және мемлекеттік басқару пәндері бойынша сабақ береді.
«Біз Нархоз Университетімен ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға және осы серіктестіктің арқасында Алматыда қатысуымызды кеңейтуге қуаныштымыз. Нархоз өңірдегі жетекші университеттердің бірі болып табылады және біз оның студенттерін бұрын басқа университеттердің 70-тен астам студенті өткен АХҚО соты мен ХТО халықаралық тағылымдамалар бағдарламасында асыға күтеміз. Біз сондай-ақ университеттің толық жабдықталған тыңдау залында заңды тыңдау өткізуге дайынбыз және асыға күтеміз. Осылайша, біз дауларды шешу бойынша қызметтерімізді Астанадан тыс компаниялар мен инвесторлардың кең ауқымы үшін кеңейтуді жалғастырамыз», – деді АХҚО сотының және ХТО тіркеушісі Кристофер Кэмпбелл-Холт.
Сондай-ақ АХҚО соты мен ХТО Нархозға жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын ашуда жәрдем көрсетеді. Өз кезегінде, университеттің жаңа кампусында коммерциялық соттардың халықаралық стандарттары бойынша жабдықталған арнайы құрылған сот отырысы залында тыңдаулар өткізіледі.
«Біз осындай деңгейдегі тәжірибешілер АХҚО сотында және ХТО-да тағылымдамадан өте алатын студенттерімізбен білімдерімен бөлісе алатынына қуаныштымыз. Қазан айында Нархоз университетінің студенттер тобы алғаш рет кәсіби негізде жыл сайынғы сот отырыстарының конкурсына қатысады. Бұл біздің студенттерге қазіргі судьялардың алдында тараптардың өкілдері ретінде өздерін сынап көруге мүмкіндік береді. Нархоздың жаңа кампусында нақты сот тыңдауларын өткізу біздің қарым-қатынасымыздың сенімді сипатын көрсетеді», – деді университет президенті Мирас Дәуленов.
Айта кету керек, оқытушылар студенттерге арналған сабақтарды ағылшын тілінде жүргізеді.
«Келісім жасасу бізге жалпы «Құқық» бағыты бойынша мектебіміздің білім беру бағдарламаларын да, «Құқық бойынша кейстер», «Дауларды баламалы шешу», «Халықаралық коммерциялық төрелік» жекелеген курстары бойынша оқыту бағдарламаларын да жетілдіруге мүмкіндік береді. АХҚО сотының және ХТО өкілдері жүргізетін курстарды қамтитын, келісімде көзделген бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске қосудың мүмкіндігін ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар, студенттер АХҚО сотында және ХТО-да тағылымдамадан өтуге, өздері ұйымдастырған сот тыңдауларының конкурстарына қатысуға, сондай-ақ АХҚО соты және ХТО нормативтік-құқықтық базасы мен басылымдарына қол жеткізуге мүмкіндік алады», – деп түйіндеді құқық және мемлекеттік басқару мектебі директорының міндетін атқарушы Анар Құсайынова.
Дереккөз: InformBuro.kz