Қазақстандық команда «Билли Джин Кинг Кубогының» финалдық кезеңіне жолдама алды. Астанада Ярослава Шведованың шәкірттері Beeline Arena топырақ кортында Польшадан келген қарсыластарын 3:1 есебімен жеңді. Өз матчтарын екі рет Елена Рыбакина, бір рет Юлия Путинцева жеңді. Польшадан келген теннисшілер тек жұптық матчта жеңіске жетті.
Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Әйелдер ұлттық құрамасын және барлық қазақстандықтарды жеңісімен құттықтады.
«Ұлттық құраманы Астанадағы «Билли Джин Кинг Кубогы « іріктеу турниріндегі жеңісімен және әлем чемпионатының финалдық бөліміне шығуымен құттықтаймын! Польша командасымен табанды қарсыластықта жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингтің 10-на кіретін әлемдегі ең мықты ұлттық командалардың бірі атағын растай отырып, кезекті рет ойынның жоғары деңгейін көрсетті. Жұлдызды ойыншылар Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Анна Данилинамен қатар қазақстандық құрама құрамында жас теннисшілер Жанель Рүстемова мен Аружан Сагандықова, сондай-ақ тәжірибелі Гозаль Айнитдинова өздерін танытты. Мен барлығын жеңіспен құттықтаймын және спортшыларымызға алдағы әлем чемпионатында одан әрі жеңістер мен сәттілік тілеймін».
Сондай-ақ ҚТФ президенті қазақстандық құраманың барлық жанкүйерлеріне алғысын білдірді – ересек теннис әуесқойларынан басқа, біздің спортшыларымызды еліміздің әр өңірінен Астанаға келген, тенниспен айналысатын 500-ге жуық бала қолдады.
Өткен турнир туралы бес қызықты факт:
– қазақстандықтар екінші жыл қатарынан әлем чемпионатына – «Билли Джин Кинг Кубогының» финалдық кезеңіне шықты. Өткен жылы Глазгодағы әлемдік біріншілікте Ярослава Шведованың шәкірттері топтық кезеңде Ұлыбританиядан келген қарсыластарын жеңіп, Испаниядан жеңіліп, жартылай финалдан бір қадам артқа қалған болатын.
– Қазақстан мен Польша құрамалары арасындағы матч Beeline Arena теннис орталығының топырақ жабынында өтті. Бұл қарсыласу үшін Сербиядан 120 тонна топырақ әкелінді. Оны төсеу үшін мамандарға 10 күн қажет болды. Дәстүрлі хард жабын төселген теннис аренасының бүкіл тарихында мұнда тек үш рет топырақ төселді: 2023, 2022, 2013 жылдары.
– Ұлттық командалар арасында жаңартылған әлемдік рейтингте Қазақстан құрамасы 7-орынға көтеріледі.
– 2014 жылы ұлттық құрама құрамында дебюті болған Юлия Путинцева Магда Линетке қарсы матчта өзінің 18-жеңісіне қол жеткізді. Бұл – Қазақстан құрамасының бүкіл тарихында жалғыз разрядтағы ең үздік көрсеткіш. Ярослава Шведова мен Зарина Дияс – 14 жеңістен.
– Тарихта алғаш рет Қазақстанда әлемдік әйелдер рейтингінің үздік ондығына кіретін теннисші Елена Рыбакина ойнады (қазіргі уақытта әлемнің 7-ракеткасы).
Қайнар: ҚТФ баспасөз қызметі