Жаңа кәсіпорынның іске қосылуымен RG Gold жылына алты тонна алтын өндіреді.
Ақмола облысындағы Райгородок кен орнын игеретін RG Gold алтын өндіруші компаниясы жылына 5 млн тоннаға дейін кен өңдеуге қабілетті жаңа тау-кен металлургиялық кешенін (ТМК) іске қосты, деп хабарлайды кәсіпорынның баспасөз қызметі.
ТМК құрылысын өндірісті автоматтандыруға және металлургияда жаңа технологияларды қолдануға бағытталған халықаралық инжинирингтік компаниялар жобалады. Зауытты AAEngineering Group бас мердігері рекордтық 1,5 жыл ішінде салды және CIP (carbon in pulp – қойыртпақтағы көмір) әдісімен жұмыс істейді. Кәсіпорын Metso Outotec, ThyssenKrupp, FLSmidth, Weir Minerals, Roytec, Kemix сияқты әлемдік көшбасшылардың заманауи жабдықтарымен жабдықталған. Жоғары технологиялық жабдықты қолдану персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төмен операциялық шығындармен өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
ТМК жобалау және салу кезінде RG Gold қоршаған ортаға шығарындылардың нөлдік қағидатын ұстанды. Кәсіпорында халықаралық талаптарға сәйкес цианидті залалсыздандыру жүргізіледі. Алдын ала тазалаудан және залалсыздандырудан кейін барлық қалдықтар халықаралық мамандардың қадағалауымен арнайы салынған, көлемі 8 млн текше метрден асатын қалдық қоймасына жіберіледі.
RG Gold компаниясының бас директоры Лоуренс Россоу құрылысты сапалы және уақытында аяқтай алғанын атап өтті.
«Үлкен жетістік – тау-кен металлургия кешенінің құрылысы пандемия мен геосаяси жағдайдан туындаған логистикалық қиындықтарға қарамастан, небәрі 18 айда аяқталды. Жоба тобы мен бас мердігер мүмкін емес болып көрінген нәрсені орындай алды», – деп қосты Лоуренс Россоу.
«Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспановтың айтуынша, топ кез келген жобаны іске асыруда ең жоғары сапа стандарттарын ұстанады,бұл тұрғыда жаңа кешен де ерекшелік болған жоқ.
«Біз жауапты инвестициялауды қолдаймыз және сапа туралы айтатын болсақ, біз зауыттың техникалық сипаттамаларын ғана емес, оның экологиялық тазалығын да көздейміз. Біз үшін, акционер ретінде, бір кездері келешегі аз кен орнын біртіндеп пайда табуға және аймақтың әл-ауқатын көтеруге қабілетті құнды активке айналдыруымыз маңызды», – деді Ерлан Оспанов.
RG Gold компаниясының екінші акционері – американдық Resource Capital Funds жеке капитал қоры – компанияға 2018 жылы инвестиция салды.
«Бұл біздің Қазақстандағы алғашқы инвестициялық тәжірибеміз болды және дью-дилидженс процесінің басынан бастап біз барлық тараптардың, әсіресе жергілікті тұрғындардың мүдделерін сақтай отырып, персоналдың кәсібилігі мен пайдалы қазбаларды өндіруге ұқыпты қараудың деңгейіне тәнті болдық. RG Gold жаңа өндірісі үздік салалық стандарттарға сәйкес келеді, бұл компанияның өсуіне және одан әрі дамуына мүмкіндік береді», – деп атап өтті қорда.
ТМК құрылыс жобасы 424 млн АҚШ долларына бағаланады, оның 30%-ы акционерлердің өз қаражаты есебінен қаржыландырылды, қалған 297 млн доллар – Қазақстанның Даму банкіндегі қарыз есебінен.
Жаңа өндірісті іске қосу өңірді жаңа жұмыс орындарын құрып дамытуға және ірі өндірістік кәсіпорынға тауарлар мен қызметтерді жеткізу есебінен ШОБ-ты дамытуға мультипликативтік әсер етеді. Жобаны іске асыру үшін компания 600 орындық жаңа вахталық кент салды, қосымша 350-ден астам адамды жұмысқа тартты, олардың көпшілігі – жергілікті тұрғындар. RG Gold жүйелі түрде жақын маңдағы ауылдарға көмектеседі және жергілікті жастарға білім беру гранттарын бөледі. 2015 жылдан бастап компания «Верный Капитал» тобының иелігіне өткен кезде RG Gold 45 млрд теңгеден астам салық төлеп, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларына 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді.
Дереккөз: InformBuro.kz