Мемлекет басшысы Алматыдағы «Эйс» жаңа теннис орталығында болды

АСТАНА. ҚАЗАҚПАРАТ — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласындағы «Эйс» жаңа теннис орталығында болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы спорт нысанын аралау барысында 10 жыл ішінде Қазақстанда теннисті дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Корттардың саны төрт есеге өсті — 60-тан 244-ке дейін, жыл сайын осы спорт түрімен айналысатын спортшылар саны да артып келеді.

«Теннисті дамыту тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Балалардың спортпен шұғылдануына және кәсіби биіктерге жетуіне мүмкіндік беру үшін әр аймақта әлемдік стандартты теннис орталығы салынуы керек. Сіздің тәрбиеленушілеріңіз әлемдік деңгейдегі жұлдыздарға айналады деп сенемін», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Алматыдағы «Эйс» жаңа теннис орталығында болды

Жас теннисшілермен әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті оларға әрқашан жеңіске сенімді болуды, алға қойған мақсаттарына қол жеткізуді, табандылық пен спорттық шеберлікті көрсетуді тіледі. «Эйс» теннис орталығында жалпы ауданы 8100 шаршы метрді құрайтын 4 жабық және 6 ашық корт бар. Мұнда 2 жаттығу залы, медициналық пункт, киім ауыстыратын бөлмелер, нұсқаушылар кабинеттері, конференц-зал, тамақтану пункттері орналасқан. Барлық корттарда халықаралық талаптарға сәйкес келетін жарықтандыру орнатылған. Бұл – Алматыдағы жазғы уақытта «ATP Challenger» деңгейіндегі турнирлерді қабылдай алатын жалғыз теннис орталығы. Спорт нысаны жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынған.  

Дереккөз: http://www.inform.kz/ru/glava-gosudarstva-posetil-novyy-tennisnyy-centr-eys-v-almaty_a3243218