Болат Өтемұратов Қоры Қызылордада жаңа әуежай терминалын салады

Жаңартудан кейін әуежай қазіргі жолаушыларға қарағанда екі есе көп жолаушыға қызмет көрсетеді.

Қызылорда облысының әкімдігі Болат Өтемұратов Қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді. Келісімнің мақсаты – өткізу қабілетін кеңейте отырып, қазіргі заманғы халықаралық нормативтерге жауап беретін «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа заманауи жолаушылар терминалын салу. Жаңартудан кейін әуежай сағатына 300 жолаушыға қызмет көрсете алады, бұл қазіргі жолаушылар ағынынан екі есе көп.

Қор жобаны толығымен қаржыландыруға ниетті, оның басталуы 2022 жылға жоспарланған. Жаңа терминал 3,9 гектар аумақта орналасады. Құрылыс аяқталғаннан кейін терминал Қызылорда облысы әкімдігінің балансына беріледі.

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, әуежайды кеңейту – бұрыннан пісіп-жетілген мәселе. «Жаңа әуежай құрылысының қымбаттығына байланысты біз жаңа терминал салу арқылы қолданыстағы инфрақұрылымды халықаралық стандарттарға сәйкестендіре отырып, оны кеңейту және жаңғырту оңтайлы шешім болады деп шештік. Қол қойылған меморандум және Болат Өтемұратов Қорының қаржылық қолдауы осы стратегиялық маңызды жобаны жедел әрі уақтылы іске асыруға көмектеседі», — деп атап өтті өңір басшысы.

Дереккөз:https://forbes.kz/process/fond_bulata_utemuratova_postroit_novyiy_terminal_aeroporta_korkyit_ata_v_kyizyilorde/