Әлемнің бірінші ракеткасы және АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы Елена Рыбакина теннис шыңын қалай бағындырды

Енді Елена Рыбакина әйелдер теннисіндегі «Үлкен дулыға» турнирінің төртеуінің екеуін жеңіп алған қазіргі чемпионы атанып отыр. Charly Triballeau / AFP via Getty Images

Charly Triballeau / AFP via Getty Images

Авторы: Метью Футтерман

12 қыркүйек, 2026

НЬЮ-ЙОРК –Осыдан бір жыл бұрын Елена Рыбакина басты бәсекелерден тыс қалған еді.

Ол «Үлкен дулыға» турнирлерінің бірде-бірінде төртінші раундтан әрі аса алмады. Оның Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) өтетін WTA Tour финалына қатысуы белгісіз еді. Маусымның қорытынды додасына жолдама алу үшін оның қыркүйек пен қазан айларында бірінен соң бірі өтетін бірнеше турнирге қатысып, әбден титықтайтын кестемен ойнауына тура келді.

Бірақ кейін ол бұл турнирде жеңіске жетті. Финалда ол жойқын доп беру, аса қуатты форхен және көзін жұмып ойнай алатындай меңгерген өткір бэкхенд әдістері арқылы Арина Соболенкоға еш мүмкіндік қалдырмады. Рыбакина турнирді жеңімпаз болып, олжалы аяқтап, 5 миллион доллардан астам жүлде қаржысын иеленді. Ол кезде бұл әйелдер теннисі тарихындағы ең қомақты ақшалай жүлде болатын.

Арада бір жылға да жетпей, сенбі күні Артур Эш атындағы стадионда ол осы жетістігін тағы қайталады. Рыбакина тағы да Соболенконы айқын басымдықпен тас-талқан етті. Тағы да рекордтық чекке ие болды — бұл жолы 5,5 миллион доллар көлемінде. Ал бұл жолы қандай жаңалық болды? Ол тағы да өзін «Үлкен дулыға» турнирінің төртеуінің екеуін жеңіп алған қазіргі чемпионы атандырған жеңістері сериясының арқасында Соболенконы басып озып, әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілді.

Ресейдің тумасы, соңғы тоғыз жыл бойы Қазақстанның атынан өнер көрсетіп келе жатқан 27 жастағы Рыбакинаның небәрі он айдың ішінде биіктерді бағындыруы оның ғажайып өмір жолы мен спорттық мансабының өзіндік көрінісіне айналды.

Рыбакинаның жиырмаға да толмаған кезінде Ресей теннис федерациясы оған іс жүзінде қолдау көрсетуден бас тартты. Ресей — аумағы ұлан-ғайыр ел. Федерацияның көзқарасы бойынша, басқа да болашағы зор жас теннисшілерге көбірек назар аудару қажет және олар жаттығу үшін қажетті қаржылай қолдауға лайық деп саналды. Ал Рыбакинаның ата-анасының енді ғана кәсіби теннис жолына қадам басқан қызының жаттығулары мен жарыстарға сапар шығындарын өз қалтасынан көтеруге мүмкіндігі болмады.

АҚШ-қа колледжге оқуға түсу үшін аттанар алдында Рыбакина тығырықтан шығудың басқа жолын тапты.

2007 жылы қазақстандық миллиардер, кәсіпкер әрі тенниске құмар әрі жанашыр Болат Өтемұратов ұлттық теннисшілерді даярлау жүйесін нөлден бастап құруға ауқымды инвестиция сала бастады. Инфрақұрылым мәселесін шешу аса қиын болған жоқ. Алайда бұл өздігінен талантты спортшыларды қалыптастыра алмайды. Өтемұратов теннисі әлдеқайда дамыған елдерде туып-өсіп, түрлі қиындықтармен күресуге тура келген дарынды ойыншыларға назар аударды.

Олардың бірі  Александр Бублик болса, екіншісі Елена Рыбакина еді. Қазақстан теннис федерациясы Рыбакинаның Ресей Федерациясы қаржыландырғысы келмеген барлық жаттығулары мен жарыстарға қатысу сапарларына кететін шығынды өз мойнына алды. Бұл шығындарды Рыбакинаның ата-анасының өздері көтеруге мүмкіндігі болмады. Оның орнына Рыбакина Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, теннис мәдениеті мен спорттың бұл түрінде қалыптасқан жеңіс дәстүрі болмаған дерлік елдегі жас спортшыларға үлгі болды.

Төрт жылдан кейін Рыбакина 2022 жылғы Уимблдон турнирінде жеңіске жетті. Бұл жеңіс салтанаты сондай-ақ оның спорттағы қалыптасу жолымен байланысты болды. Егер Рыбакина азаматтығын ауыстырмаған болса, оған сол жылғы турнирге қатысуға рұқсат берілмес еді. Бүкіл Англиялық лаун-теннис клубы Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты жаза ретінде ресейлік және беларусьтік ойыншылардың турнирге қатысуына тыйым салған еді. Бұл шешім Беларусьтің Ресей әрекетін қолдауына байланысты қабылданды.

Оның орнына Рыбакина кортқа шығып, жеңіске жетті. Осылайша, оның жұлдызы жана бастады.

Елена Рыбакина 2022 жылғы Уимблдон турнирінде жеңіске жетті,  Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов құттықтауда. (Julian Finney / Getty Images)

Өткен жаздың соңына қарай Рыбакинаның мансабы кері бағытқа бет алғандай көрінді. 2024 жылдың қыркүйегінде ол жаттықтырушысы Стефано Вуковпен жұмысын тоқтатты, алайда кейін оны қайтадан жұмысқа алды. 2025 жылғы Аустралия ашық чемпионаты қарсаңында Вуков мінез-құлық кодексін бұзды деген іс бойынша жүргізілген тергеу аяқталғанға дейін WTA тарапынан уақытша шеттетілді.

Вуков өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды. Сол кезде әлемдік рейтингте 6-орында тұрған Рыбакина Вуковтың өзіне деген қарым-қатынасы ешқашан қорлау сипатында болмағанын бірнеше рет мәлімдеді.

Сол жылдың ақпан айында WTA Вуковқа бір жыл бойы жаттықтырушылық қызметпен айналысуға және аккредитация алуға тыйым салды. Сол кездегі WTA-ның атқарушы директоры Порша Арчер тергеу қорытындысы бойынша әзірленген құпия есепте Вуковтың Рыбакинаға қатысты «өкілеттігін асыра пайдаланғанын және қорлау сипатындағы әрекеттерге барғанын» жазған.

«Мен ешкімді ешқашан қорлаған емеспін», — деп жазды Вуков былтыр мәтіндік мәлімдемесінде.

Тергеу барысында да, құқығынан айырғаннан кейін де Рыбакина Вуковтың «өзіне ешқашан жаман мінез-құлық танытпағанын» бірнеше рет мәлімдеді. Жаттықтырушы 2025 жылғы Франция ашық чемпионаты қарсаңында өзіне салынған шеттету жазасына шағым түсірді. Сол жылдың тамыз айында WTA-мен жабық төрелік сот барысында Вуковтың шағымы қаралғаннан кейін, шеттету шарасы алынып тасталды.

Тамыз қыркүйекке ұласты. Рыбакина Нью-Йорктегі турнирде жеңіліп қалды. Содан кейін WTA қорытынды турниріне жолдама алу үшін күрделі іріктеу кезеңінен өтті. Ол турнирде жеңіске жетіп, марапаттау рәсімі кезінде Арчермен бірге суретке түсуден бас тартты.

Содан кейін ол жаңа жылды Аустралия ашық чемпионатындағы финалда Соболенкодан басым түсіп, жеңіспен бастады. Рыбакина турнир аяқталған сәтте соңғы 22 матчтың 20-сында жеңіске жеткен еді. Ал әлемдік рейтингтің үздік ондығына кіретін қарсыластарына қарсы кездесулердегі көрсеткіші — 10:0.

Арада жеті ай өткенде оның «Үлкен дулыға» турниріндегі жүлделер қоржыны тағы бір чемпиондық атақпен толықты. Мұндай жетістікке оның өзінен басқа ешкім таңғалмаған да шығар. Өйткені өткен айда сол аяғынан жарақат алып, Цинциннати турнирінің ширек финалында жарысты жалғастырудан бас тартқан кезде, оның жүруінің өзі қиын болған еді.

«Сөзбен айтып жеткізе алар емеспін», — деді ол сенбі күні марапаттау рәсімі кезінде кортта тұрып. «Бұл турнирге келгенде мұндай жетістікке жетемін деп мүлдем күтпедім».

Рыбакина марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп жатқанда, Өтемұратов Артур Эш атындағы стадиондағы сәнді ложалардың бірінде құттықтауларды қабылдап отырды.

Жұма күні, Рыбакина Коко Гауффты жеңіп, АҚШ ашық чемпионатының финалына алғаш рет шыққаннан бірнеше сағат өткен соң, Өтемұратов Қазақстанның Алматы қаласынан өзінің Gulfstream ұшағына отырып, Нью-Йоркке дейін 14 сағат бойы тоқтаусыз ұшты.

Рыбакина марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп жатқанда, Өтемұратов Артур Эш атындағы стадиондағы сән-салтанаты келіскен ложалардың бірінде құттықтаулар қабылдап отырды.

Жұма күні, Рыбакина Коко Гауффты жеңіп, АҚШ ашық чемпионатының финалына алғаш рет шыққаннан бірнеше сағат өткен соң, Өтемұратов Қазақстанның Алматы қаласынан өзінің Gulfstream ұшағына отырып, Нью-Йоркке 14 сағат бойы тоқтаусыз ұшып барды.

«Қазақстанда оны халық өте жақсы көреді,-деді Өтемұратов финалдың басталуына бір сағат қалғанда берген сұхбатында. -Тек теннистегі ойыны үшін ғана емес, мінезі, жымиысы, сабырлылығы үшін де. Ол — қарапайым әрі ақылды қыз».

Осыны айта отырып, Өтемұратов Алматының әр түкпірінде: әуежайда, футбол стадионының электронды таблосында, қала көшелерінде Рыбакинаның бет-жүзі бейнеленген жарнамалық билбордтар мен басқа да суреттер топтамасын парақтап отырды. АҚШ ашық чемпионатының финалы Қазақстанның жергілікті уақытымен түнгі сағат 2-де басталуы тиіс еді.

«Олар ұйықтамайды», — деді Өтемұратов.

Ол елдің түкпір-түкпіріндегі теннис орталықтарында жаттығатын балалардың бейнежазбасын көрсетті. Олардың көпшілігі Өтемұратовтың қолдауының арқасында ішінара қаржыландырылады. Онда балалар Ресей федерациясының бірқатар сәтсіз шешімдерінің және өзге біреудің мәселесін шешуге айналған сәтті жағдайдың арқасында өз отандасына айналған теннисшіге ақжолтай тілектерін айтып, оған деген сүйіспеншілігін білдірген.

«Біз кездесіп, сөйлестік және бірге жұмыс істеу мүмкіндігін талқыладық», — деді ол. Олар жетістікке жету үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз етті. Ал Рыбакина өзіне лайықты адамдарды айналасына топтастырып, қай бағытта жүру керектігін айқындады да, іске кірісті.

«Біз әу бастан оның нағыз кәсіби маман екенін көрдік», — деді ол.

Елена Рыбакина Нью-Йоркте өзінің доп беру тәсілінің арқасында US Open чемпионы атанды. Финалдағы артықшылығы өзіне аса қолайлы болмаған күннің өзінде басымдығын сақтап, жеңісті уысынан шығармады. (Caleb Bowlin / Getty Images)

Бұл соншалықты даңғыл әрі тегіс жол емес еді. Вуковты қызметтен босату, кейін қайта жұмысқа жалдау және оған қатысты жүргізілген тергеу Рыбакинаның нәтижелерінің төмендеуімен, сондай-ақ ұйқысы мен денсаулығына байланысты мәселелермен тұспа-тұс келді. Вуковты жұмыстан босатқаннан кейін Рыбакина 2001 жылғы Уимблдон чемпионы, Новак Джоковичтің бұрынғы жаттықтырушысы Горан Иванишевичті бапкері етіп жалдады. Алайда 2025 жылдың басында Рыбакина Вуковтың командасына қайта оралатынын жариялаған кезде, Иванишевич қызметінен кетті. Рыбакина Иванишевичпен бірге жұмыс істеген кезеңді «сынақ мерзімі» деп атады.

Рыбакина Дубайда тұрады. Оның отбасы мүшелерінің басым бөлігі Ресейде қалған. Алайда Өтемұратовтың айтуынша, Рыбакина жыл сайын күзде немесе одан кейін Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяда өтетін қатты жабындағы турнирлер сериясының соңында Қазақстанға келеді. Мұнда оның екі қайырымдылық қоры бар. Оның бірі жас әрі талантты теннисшілерді қолдауға қаржы бөлсе, екіншісі әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көмек көрсетеді.

Бұл – әдеттегіден тыс өмір салты. Дегенмен Рыбакина мұның бәрі де іске асуы үшін әр жолы бәрін үйлестіріп, жолын таба біледі.

«Бір жыл екіншісіне ұқсамайды», — деді ол баспасөз мәслихатында. «Бұл — таңғажайып сапар. Енді осы биікте қала беремін деп үміттенемін».

Осыдан үш апта бұрын оның финалға шығудың өзі мүмкін еместей көрінген еді. Canadian Open финалында Ига Швентектен ойсырай ұтылғаннан кейін Рыбакина Цинциннати турнирінің ширек финалында дәл сол қарсыласымен өтетін кездесуден Ахилл сіңіріндегі ауырсынуға байланысты бас тартты.

Оның Нью-Йорктегі турнирге қатысуы да екіталай көрінді. Бір аптадан астам уақыт бойы ол қолына ракетка ұстамады. Алайда кейін кортқа қайта оралып, алғашқы раундта жеңіске жетті, содан бері тоқтаған жоқ.

«Әр күн өзінше бір сынақ болды. Бірақ осындай жағдайларда бұрынғыға қарағанда сабырлырақ болғанымды сезіндім», — деді ол.

Осы сәтте одан шамамен 6 400 миль қашықта, Қазақстанда Өтемұратов оның өнерін жіті бақылап отырды.

Сенбі күні кеште Артур Эш атындағы стадионда қолына чемпиондық кубогын ұстап, әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілген Рыбакина соңғы сөзінде өзінің екінші отанына, Қазақстанға, жүрекжарды лебізін білдірді.

«Барлық қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Қазақстанға баруды жоспарлап отырмын және осы қуанышты сәтті сіздермен бірге бөліскім келеді», — деді ол.

Сірә, олар да осы кездесуді асыға күтіп отырған сияқты.

Дереккөз: The New York Times