Сенбі күнгі кеште Елена Рыбакина жеңімпаз жүлдесін алу үшін сахнаға көтеріліп, әдеттегідей бірнеше адамға — өзінің қарсыласына, бапкерлер тобына, демеушілеріне және Австралия теннис федерациясына алғысын білдірді.
Алайда ол Австралия ашық чемпионатында сағатына 183 шақырым жылдамдықпен соғылған эйспен өз жеңісін нықтаған сәттен кейін, өміріндегі ең жарқын сәттердің бірін сол адаммен бөлісу үшін осыдан бірер сәт қана бұрын мінберге қарай қолын созып, көрермендер арасындағы бір ер адамды ерекше атап өтті.

Жеңістен кейінгі сөзінде Елена Рыбакина жеке жеңісін қарсыласына деген құрметпен және жанкүйерлердің қолдауына деген ризашылықпен әдемі үйлестіре отырып, өзінің жеңіске жетуіне үлес қосқан жандардың барлығына шын жүректен алғыс білдірді.
Марапаттау рәсімі кезінде: «Мен өзімнің демеушілеріме, сондай-ақ біздің Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа алғыс айтқым келеді», — деді сабырлы қалпын бұзбаған Елена Рыбакина.
«Үнемі жанымыздан табылып, бізге қолдау көрсететініңіз үшін рахмет. Бүгін бізде қазақстандық ойыншылар қатысқан тағы да бірнеше матч өтті, мен соған ерекше мақтанамын. Иә, біз алдағы уақытта да осылай жақсы нәтижелерге жете береміз деп үміттенемін».
Болат Өтемұратов — дипломат, өнеркәсіппен айналысатын ірі кәсіпкер және көп жылдардан бері Қазақстан теннис федерациясының президенті. Ол Рыбакинаның теннистегі мансаптық жолына қомақты қаржы салды.
Forbes деректеріне сүйенсек, оның байлығы шамамен 3,7 миллиард АҚШ долларына бағаланады.

Қазақстандық Елена Рыбакинаның 2022 жылы Уимблдонда Болат Өтемұратовпен қуанышын бөлісіп жатқан сәті. Сурет: Getty Images
2022 жылы The New York Times газеті Өтемұратов теннисті 20 миллион тұрғыны бар Қазақстанда тек элиталық спорттан барлық адамдарға қолжетімді спортқа айналдыруды өзінің алдына мақсат етіп қойғаны туралы жазды. Times деректеріне сүйенсек, Қазақстан теннис федерациясы инфрақұрылымға шамамен 200 миллион АҚШ долларын жұмсаған, оның басым бөлігін Өтемұратов өз қаражаты есебінен салған және Ресейден жас кәсіби мамандарды тартып, олардың мансабын қаржыландыруға уәде берген.
Қазақстан 1990 жылдардың басында бұрынғы Кеңес Одағынан бөлініп, тәуелсіз мемлекет болды. Соңғы бірнеше жылда Өтемұратов Қазақстан туының астында жарыстарға қатысу үшін ресейлік ойыншыларды көбірек тарту науқанын басқарады.
Ресейден шыққан басқа ойыншылар, соның ішінде Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Андрей Голубев Қазақстанға көшіп келген.
2022 жылы Уимблдон турнирі Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Ресей мен Беларусь ойыншыларына жарыстарға қатысуға тыйым салған соң дау тудырған, бірақ 2023 жылы бұл шешім күшін жойды. Қазіргі кезде Ресей мен Беларусь ойыншыларына Үлкен дулыға турнирлерінің барлығына да жарысқа қатысуға рұқсат берілді, бірақ олар тек бейтарап ту астында ойнауға тиіс.

Арина Соболенкоға қарсы өткен тартысты үш сеттік финалдан кейін Елена Рыбакина эйспен жеңіске жетіп, Австралия ашық чемпионатында өзінің бірінші титулын жеңіп алды.
Мәскеуде дүниеге келген Рыбакина мансабының басында жарыстарға жасөспірім кезінде Ресейдің атынан қатысқан, бірақ 2018 жылы 19 жасында Қазақстанға көшіп келген.
2020 жылы ол журналистерге қаржылық мәселелердің спорттық мансабын жалғастыруына кедергі келтіргенін және «қазақстандықтар» өзіне сенім артқандықтан азаматтығын қазақстандық азаматтыққа ауыстырғанын айтты.
Жексенбі күні таңертең Рыбакина Қазақстан теннис федерациясына тағы да алғысын білдіріп, бұрынғы кеңестік республиканың атынан шыққанын мақтан тұтатынын айтты.
«Көп уақыт өтті, бұл қиын әрі маңызды шешім болды, өйткені мен жасөспірім едім, шынымен де қай жолды таңдайтынымды шешуім керек болды», — деді ол.
«Қазақстанның маған сенім артқанына және қолдағанына өте қуаныштымын, сондықтан Қазақстанның намысын қорғау мен үшін өте маңызды. Ал осы жылдар ішінде теннистің қаншалықты мықты дамығанын және қазіргі кезде қанша бала осы спорт түрімен айналысатынын қарасақ, әсіресе менің Уимблдондағы жеңісімнен кейін, онда бұл жеңістің теннис ойнағысы келетін одан да көбірек тартатыны сөзсіз».
Рыбакина өзінің басқа теннисшілерден өзгеше екенін біледі.
Үлкен дулығаның екінші титулын иеленіп, әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңгеннен кейін 26 жастағы спортшы жұдырығы түйілген қолын қатты сілтеп, білінер-білінбес күлімсіреп, тордың жанына таянды.

«Рыбакина әйелдер арасындағы жеке разряд финалында жеңіске жеткеннен кейін Дафна Ахерст мемориалдық кубогымен суретке түсті. Сурет: Getty Images»
«Мен басқа теннисшілер сияқты көңіл-күйімді ашық көрсете бермеймін», — деді ол.
«Мен айқайламаймын, жерге де жата қалмаймын, бет-жүзімнен қатты қуанғаным көрініп тұрмаған болуы да мүмкін, бірақ мен өте бақытты сәтті басымнан кешірдім».
Жексенбі күні таңертең Соболенкомен ойында 6-4, 4-6, 6-4 есебімен жеңіске жеткеннен Рыбакина ашық қызыл көйлек киіп, қолына Дафна Ахерст мемориалдық кубогын ұстап, жүзі бал-бұл жанып, Ярра өзенінің бойымен жүріп өтті.
«Сіздер менің суретке дұрыстап түсуіме мүмкіндік беруге тиіссіздер!» — деді ол өзін күтіп тұрған БАҚ өкілдері мен фототілшілерге айқайлап, ал сол кезде қылқайықтар мен қайықтардағы көрермендер оған қолдарын бұлғап, құттықтап жатты.

«Рыбакина Үлкен дулыға турнирінде өзінің екінші жеңісіне қол жеткізді. Сурет: Getty Images»
Үш сағат ұйықтағаннан кейін Рыбакина тілшінің Ярра өзеніне атақты Джим Курье секірісін қайталауды сұраған ұсынысынан сыпайы түрде бас тартты.
«Бұл ұзақ түн болды, бірақ менің отбасыммен хабарласуға және командамен жеңісімді аздап атап өтуге мүмкіндігім болды, бұған мені қатты қуандым», — деді ол.
Рыбакина бұған дейін бапкері Стефано Вуков туралы айтып, оның кеңестерінің матч кезінде «пайдасының зор екенін» атап өтті.
Сенбі күні кешке «жеңімпаз бапкер» сыйлығын алған 38 жастағы хорват бапкері өткен жылы WTA турнирлеріне қатысуға салынған 12 ай тыйымға сәтті шағымданған.
Вуков 2025 жылдың басында «тіл тигізіп, қорлау» және «билікті теріс пайдалану» мәселелеріне қатысты мінез-құлық кодексін мейлінше бұзу бойынша WTA жүргізген тергеуден кейін уақытша қызметінен шеттетілген болатын.
Істің егжей-тегжейі құпия қалдырылды, бірақ Вуков қандай да бір құқық бұзушылықты мойындамаған, ал Рыбакина өздерінің бірлесіп жұмыс істеген кезде ешқашан нашар мінез-құлық көрсетпегенін айтты.
Рыбакина Австралия ашық чемпионатында бүкіл жарыс барысында өзіне қолдау көрсетіп, сенім білдірген командасына алғыс айтатынын атап өтті.
Дереккөз: The Sydney Morning Herald