ITF вице-президенті және Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Қазақстандағы теннистің дамуы туралы ой толғайды

19 қаңтар 2024ж.
ЛОРЕНЦО ЧИОТТИ

«Қалаларымыздың көшелерінде теннис ракеткалары салынған рюкзактарын асынған балалардың күн өткен сайын артып келе жатқанын көру – мен үшін үлкен қуаныш. Қазір еліміздің қай аймағында болмасын теннис корттарының барынша толы болуы және тенниспен айналысқысы келетіндер кезегінің барған сайын ұлғая түсуі дұрыс бағытта келе жатқанымызға көзімді жеткізе түсіп, маған ерекше сенім ұялатады.

Өңірлік билікпен бірлесіп, біз осы серпінді қолдауға және жаңа теннис орталықтарын салу, сондай-ақ балабақшалар, мектептер мен университеттер аумағында теннис секцияларын ашу арқылы тенниспен айналысатын балалардың санын одан әрі ұлғайтуға тырысамыз».

Осындай сөздермен Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов өзінің Tennis World USA басылымына ықыласпен берген сұхбатында Қазақстандағы теннистің тұрақты үдемелі дамуын сипаттап берді.

Көп жылдар бойы спорттың осы түріне ірі мақсатты және үздіксіз инвестиция салудың арқасында Қазақстандағы теннис соңғы уақытта айтарлықтай өскенін көрсетіп отыр, бұған кортта да, одан тыс жерлерде де қол жеткізілген жетістіктер дәлел бола алады. Елена Рыбакинаның Қазақстанның атынан сайысқа шығу туралы шешімі -жалғыз жетістік емес. Теннис федерациясының атқарған жұмысы қазақстандық теннисті еліктеуге үлгі боларлықтай деңгейге көтере отырып, қажетті нәтижесін берді.

«Инфрақұрылымның болуы жасөспірімдер мен кәсіби ойыншыларды даярлаудың құрылған жүйесімен бірге біздің теннис экожүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және қазақстандық теннисшілердің тұрақты жақсы нәтижелер көрсетуіне мүмкіндік береді, бұл біздің жұмысымыздың негізгі мақсаттарының бірі болып табылады», – деп түсіндірді Өтемұратов.

ATP 500 Astana Open finalists – Novak Djokovic, Stefanos Tsisipas

Astana Open ATP 500 финалистері – Новак Джокович, Стефанос Циципас © Қазақстан теннис федерациясы

Статистикаға сәйкес, соңғы 16 жылда елдегі теннисшілер саны бірнеше есе өсті, ал Теннис федерациясы ойыншыларды қажетті инфрақұрылыммен, корттармен және үй-жайлармен қамтамасыз ету үшін бар күшін салуда.

«Менің басты міндетім еліміздің барлық 17 өңірінде заманауи қолжетімді теннис инфрақұрылымын салу болды. Сондай-ақ, жаттығу процесін қамтамасыз ету және халықаралық турнирлерді өткізу үшін қажетті база құру керек болды. 2007 жылдан бастап біз 364 кортта 38 теннис орталығын іске қостық. Осылайша, біз Қазақстанның түкпір – түкпірінен келген таланттардың теннисте өздерін көрсетуіне және сынап көруіне мүмкіндік бердік, сондай-ақ ойыншылар арасындағы бәсекелестікті арттырдық, бұл ойыншылардың шеберлігін үнемі арттыруға ықпал етеді», – деді Өтемұратов. 

Тағы бір назар аударатын жайт: қысы суық климатқа байланысты Қазақстанда корттардың жартысынан көбі жабық үй-жайларда орналасқан. Бұл олардың құнын айтарлықтай арттырады және теннисті инвесторлар үшін аса тартымды етпейді.

Өтемұратов өзінің жеке қаражатын осы жобалардың қаржылық тұрақтылығына қол жеткізу және оларды инвесторлар үшін тартымды ету үшін теннис базаларын салуға жұмсады. Соңғы жылдары мемлекеттің құрылысқа белсенді қатысуына қарамастан, ол орталықтар салуды одан әрі де жалғастыруды жоспарлап отыр, өйткені тенниске деген сұраныс жылдам қарқынмен өсуде және Теннис федерациясына ата-аналардан жаңа теннис базаларын ашу туралы көптеген өтініштер келіп түседі.

Kaz Womens team

Қазақстанның әйелдер құрамасы © Қазақстан Теннис федерациясы

Бүгінгі таңда Қазақстанда, Өтемұратовтың айтуынша, тенниспен 3500 бала кәсіби түрде айналысады және 35 000-нан астамы үнемі жаттығуларға қатысады.

«Алдағы 5 жылдағы біздің міндетіміз – бұл көрсеткіштерді baby-теннисті (3-5 жас аралығындағы балалар үшін) белсенді енгізу, сондай-ақ жаңа теннис орталықтарын салу арқылы арқылы кемінде 3 есе ұлғайту, теннисті оқыту бағдарламасы бар балабақшалар, мектептер мен университеттер санын арттыру.Теннис бойынша нұсқаушылар мен жаттықтырушыларды жаппай даярлау осы өршіл жоспарларды іске асырудың басты негізі болып табылады және қазір Теннис федерациясы жүзеге асыратын білім беру бағдарламаларының көпшілігі осыған арналған»,-деп ойын бөлісті Қазақстан теннис федерациясының президенті.

Теннистің экспоненциалды өсуінің арқасында Қазақстанда АТР турнирлерін, бір WTA турнирін және ITF турнирлерін өткізуге мүмкіндік туды. Өтемұратов 2020 жылы пандемияның өршіп тұрған кезінде Қазақстан тәуекелге барып, ATP уақытша лицензиясы бойынша өзінің алғашқы ATP 250 турнирін қалай өткізгенін айтты. Ұйымдастыруға небәрі 6 апта уақыты болғандықтан, Федерация адам сенгісіз жұмыс жасады. Президент атап өткендей, Дэвис Кубогы мен Билли Джин Кинг Кубогы матчтарының жинақталған тәжірибесі «турнирді өте жоғары деңгейде ұйымдастыруға көмектесті». 

Ол сондай-ақ Федерацияның 2021 жылы ATP 250 және WTA 250 турнирлерін қалай жүйелі түрде ұйымдастырғанын айтты. Әрі қарай, осы сәттіліктің екпінімен Федерация тұрақты ATP 250 лицензиясын сатып ала алды және 2022 жылы Бейжің турнирінің тоқтатылуына байланысты Новак Джокович, Карлос Алькарас, Даниил Медведев және Стефанос Циципас сияқты ойыншыларды жинап, санатты ATP 500-ге дейін уақытша көтеруге қол жеткізді.

«Біз биылғы жылы лицензиямызды 500-ге дейін тұрақты жаңарту құқығы үшін күрестік, бірақ логистикалық себептерге байланысты Мюнхенге басымдық берілді. Әрине, біз күнтізбемізді нығайту және оған WTA турнирін қосу бойынша әсіресе әйелдер құрамасының мүшелері – Елена Рыбакина, Анна Данилина және Юлия Путинцеваның жетістіктерін ескере отырып, жұмысты жалғастырамыз», – деді ол.

2023 жылдың желтоқсанында Өтемұратов ITF вице-президенті болып қайта сайланды. 

Біз Өтемұратовтан АТР, WTA және ITF қызметінде синергияны қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа қанағаттанған-қанағаттанбағанын сұрадық. «Мені ITF және ATP позицияларының жақындасу үрдісі қуантады.  Андреа Гаудензидің ATP басшылығына келуімен Дэвис Кубогында, деректерді сату (live-score) және басқа бағыттар бойынша ынтымақтастық туралы бірнеше маңызды келісімдерге қол жеткізілді. 

«Біз теннистегі табыс деңгейін арттыру үшін бірлескен жұмысты жалғастыруымыз және көрерменге басқа спорт түрлерімен бәсекелесу үшін активтерімізді басқаруды шоғырландыруымыз керек. Менің ойымша, бұл ITF, ATP және WTA-да жақсы түсініледі және қазір біздің өзара қарым-қатынасымыз дұрыс бағытта келе жатыр, дегенмен қажетті синергия деңгейіне қол жеткізу үшін әлі көп нәрсе істеу керек». 

Kaz Junior Boys Team

Kaz Жасөспірімдер құрамасы © Қазақстан теннис федерациясы 

Елена Рыбакина туралы айта келе, Президент Өтемұратов Уимблдон жеңімпазынан үлгі алатын жас қазақстандық теннисшілерге тоқталды.

«Қазіргі уақытта бізде 18, 16 және 14 жасқа дейінгі жас санаттарында өте перспективті жас ойыншылар бар, оларға үлкен үміт артамыз. Қыздар арасында Асылжан Арыстанбекова, Соня Жиенбаева, Полина Слепцова, ал жастар арасында Әмір Омарханов, Даниял Рахматуллаев, Заңғар Нұрланұлы бар. Олардың барлығы әлемдік жасөспірімдер рейтингінің үздік ойыншыларын жеңіп, үлкен даму әлеуетіне ие болды».

Жас теннисшілерге келетін болсақ, Әмір Омарханов Australian Open жасөспірімдер турнирінің 2-ші айналымына жетіп, матчтың бірінші айналымында итальяндық Федерико Чинді жеңді. Матч 1 сағат 37 минутқа созылды: жарқырап шығып келе жатқан қазақстандық жас жұлдыз 0-6, 6-3, 6-3 қорытынды есебімен қатарынан екі сетте жеңіске жетті.

Роджер Федерерсіз, Серена Уильямссыз және 2024 жылдың аяғында мансабын аяқтауы мүмкін Рафаэль Надальсыз теннистің болашағы ағымдағы жылы ең жоғары деңгейге жететін тақырып болып табылады. 

Өтемұратов бұл теннис аңыздарының мансабын аяқтауы, әрине, көптеген жанкүйерлердің теннистің болашағына алаңдаушылығын туғызатынын және ойыншылардың жаңа буыны оларды лайықты түрде алмастыра алатынын айтты. Бірақ сонымен бірге соңғы жылдары ерлер арасында Карлос Алькарас, Янник Синнер, Даниил Медведев, Холгер Руне және әйелдер арасында Елена Рыбакина, Ига Швёнтек, Арина Соболенко, Коко Гауф секілді көптеген жаңа жарқын ойыншылар пайда болды.

«Олардың барлығы тамаша техникалық және физикалық дағдыларға ие, сонымен қатар әрқайсысы өз алдына адамдарды өзіне тарта білетін жарқын тұлға,  олар теннис индустриясының қазіргі жанкүйерлер базасын сақтап қана қоймай, көрермендердің жаңа буынын әкелуге, мақсатты аудиториямызды кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, ATP-ден Next Gen Finals сияқты бастамалар ұрпақ транзитінде үлкен рөл атқарады, өйткені олар жас ойыншылардың тезірек ашылуына мүмкіндік береді және оларға көрермендердің, демеушілердің назарын аударады, бұл ойыншылардың қарқынды дамуы үшін қажет», – деді ол.