5 маусым, жұма күні елордада коронавирусқа халықтың жылдам және жоғары дәлдіктегі ПТР-скринингін жүргізу үшін алғашқы модульдік зертханалық кешен іске қосылды.
Ұтқырлығымен, биоқауіпсіздігінің жоғары деңгейімен және зерттеу процесін автоматтандырумен ерекшеленетін бірегей зертхананы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Нұр-Сұлтан әкімдігіне Болат Өтемұратов Қоры өтеусіз тапсырды.
Қайырымдылық ұйымы медициналық зерттеулер жүргізу, зертханалық талдауларға арналған жабдықтар мен шығын материалдарын өндіру саласындағы әлемдік көшбасшы BGI (ҚХР) компаниясынан жалпы сомасы 4 млн долларға екі зертханалық кешен сатып алды. Алматыда осындай екінші кешен орнатыла бастады.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, қайырымдылық ұйымының құрылтайшысы Болат Өтемұратов және қордың қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман бүгін елордалық зертхананың жұмысына бастау берді.
– Денсаулық сақтау министрлігі қазір елімізде COVID-19 коронавирус індетін тежеу үшін айтарлықтай күш салуда. Бұл үшін үлкен адами және қаржылық ресурстар жұмылдырылды. Бизнес те шетте қалмай, инфекцияны тезірек жою және қалыпты, тұрақты өмір салтына оралу үшін өзінің барлық әлеуетін белсенді пайдаланады. Болат Өтемұратов Қорының көмегінің арқасында Қазақстан коронавирустық инфекцияны диагностикалау үшін ПТР (полимеразды тізбекті реакция) жүргізуге арналған Huo-Yan заманауи, мобильді зертханалық кешендері ашылған алғашқы елдердің қатарында, — деді Елжан Біртанов. – Бұл зертханалар зертханалық қызметтің қуаты мен әлеуетін арттыруға, сондай-ақ зерттеу жүргізу жылдамдығын көбейтуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Зертханаларға Қытай Халық Республикасынан келген BGI компаниясының мамандары оқытқан Ұлттық сараптама орталығы филиалдарының білікті вирусологтары тартылады.
Зертхана мынадай санаттағы адамдар үшін тегін скрининг жүргізеді: жұмыссыздар, аз қамтылған және көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде пациенттер, тыныс алу мүшелерінің, эндокриндік және жүрек-тамыр жүйелерінің ауруларымен динамикалық бақылауда тұрған 50 жастан асқан пациенттер; эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған арнайы контингент – әкімдіктер қызметкерлері, еріктілер, қарттар үйіндегі, интернаттағы және басқа да мамандандырылған мекемелердегі азаматтар; мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері.
Зертханада ПТР талдауының бүкіл циклін жүргізуге арналған толық жабдық бар. Бүкіл кешен биологиялық материалды жинауға, сақтауға және таңбалауға, полимеразды тізбекті реакция әдісімен зерттеу жүргізуге арналған жоғары технологиялық жабдықтар мен құралдар жиынтығының 42 атауынан тұрады. Зерттеу процесі толығымен автоматтандырылған, бұл тестті жылдам, жоғары дәлдікпен және аз мамандардың қатысуымен өткізуге мүмкіндік береді. Зертхананың қуаты бір күнде 1000 талдауды құрайды, оның әлеуеті 5000-ға дейін жетеді, тест нәтижесі үш сағат ішінде дайындалады. Болат Өтемұратов Қоры әрбір зертхананы дереу іске қосу үшін 30 мың тест жүргізу үшін қажетті реагенттер жиынтығымен толықтырды.
Кешеннің ауа өткізгіш құрылымы автономды ішкі желдету және ауаны сүзу жүйесі бар цилиндрлік пішінді үш үрлемелі модульден (мембраналардан) тұрады. Жүйе тіпті стационарлық зертханаларда да қол жеткізілмейтін биологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес келеді. Өндірушінің ұсынысы бойынша кешен тұрақтылық пен қауіпсіздікті арттыру үшін үй ішінде орнатылады. Нұр-Сұлтанда зертхананы орнату орны ретінде «Қазақстан» СК, Алматыда — «Атакент» көрме орталығының павильондарының бірі таңдалды. Қажет болса, зертхананың орналасуын бір аптада өзгертуге болады.
– Басты міндеттердің бірі – COVID-19 ауруына шалдыққандарды барынша анықтау, өйткені тәжірибе көрсеткендей, инфекциясы симптомсыз өтетіндер де бар. Егер карантин басталғанда қалада тек 1 зертхана жұмыс істесе, бүгін олардың 6-уы бар, жақын арада тағы екеуін ашамыз. Болат Өтемұратов Қоры бізге берген ПТР-скрининг жүргізуге арналған зертханалық кешен тесттер санын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді: ерте кезеңде анықталған пациенттер уақтылы медициналық көмек алады, ықтимал байланыстар саны азаяды. Қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін, — деді Алтай Көлгінов.
BGI өндірген зертханалық кешендер қазіргі уақытта Азия мен Еуропаның көптеген елдеріне жеткізіледі. Кешенді шешім бүкіл әлемде пайда болған коронавирусты жаппай скрининг үшін инфрақұрылым құру қажеттілігін қанағаттандыруға арналған. Жаңа әзірлеме алғаш рет екі ай бұрын BGI штаб-пәтері орналасқан Шэньчжэньде (ҚХР) енгізілді.
– Мобильді кешендер коммерциялық зертханаларда коронавирусқа тест тапсыра алмайтын азаматтардың осал санаттары үшін тегін жұмыс істейтін болады. Бұл скринингтік қамтуды кеңейтуге, ауруды ерте анықтауға, асқыну қаупін азайтуға және вирустың таралуын шектеуге көмектеседі. Осылайша, мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігерімен біз инфекциямен күресіп, оны тоқтатамыз, – деп атап өтті Болат Өтемұратова Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
Бұған дейін Болат Өтемұратов Қоры Қазақстанда бірінші болып елге әкеліп, Денсаулық сақтау министрлігіне 200 млн теңгеге 94 мың экспресс-тест тапсырған болатын. Болат Өтемұратов коронавирусқа қарсы мемлекеттік скрининг бағдарламасын қолдаумен қатар, «Верный Капитал» компаниялар тобы арқылы коронавирусқа қарсы іс-қимыл және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қорына 1 1 млн АҚШ долларын аударды.