Батырхан Шөкенов атындағы шәкіртақы иегерлері анықталды

28 қыркүйекте Болат Өтемұратов Қорының қаржылай қолдауымен берілетін Батырхан Шөкенов атындағы шәкіртақының бес алушысын іріктеу комиссиясының отырысы өтті.

Серік Аргимберде, Артур Бемм, Анна Данильченко, Мади Мадениетов және Эльвира Ропперт 500 000 теңге көлемінде атаулы шәкіртақы иегерлері атанды. Олардың барлығы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аспаптық орындау факультетінің бакалавриат студенттері.

«Біз қазақстандық музыканттардың зор әлеуетіне сенеміз және оларды қолдау мүмкіндігіне қуаныштымыз. Бұл – пилоттық жоба, бірақ біз еліміздің түрлі облыстарында жаңа есімдерді табу үшін оның географиясын кеңейтуді қалаймыз», — деп түсіндірді Батырхан Шөкенов атындағы қордың директоры Наргиз Шөкенова.

Батырхан Шөкенов Қазақ ұлттық консерваториясының саксофон сыныбы бойынша бірінші түлегі болды, сондықтан үрмелі аспаптарда орындаушыларды қолдау үшін атаулы шәкіртақы құру туралы шешім қабылданды. «Ленинградтан оралған Батыр өзін аспапта ойнауға арнап, консерваторияға түсуге шешім қабылдады, – дейді Наргиз. — Ол кезде үрмелі аспаптар бөлімі болған, бірақ саксофон сыныбы болмаған. Опера әншісі Бибігүл Төлегенова көмектесті: ректор Ғазиза Жұбановамен сөйлесіп, ол бірінші студент болса, саксофон сыныбын құруды бұйырды. Біз үшін бұл – бір адамның таланты мен табандылығы айналаны қалай қалыптастыра алатыны және бұл талантты көру және оларға уақтылы қолдау көрсету қаншалықты маңызды екендігі туралы әңгіме».

Іріктеу комиссиясының құрамына: Бауыржан Шөкенов — Батырхан Шөкенов атындағы қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Марат Айтмағамбетов — Болат Өтемұратов Қорының директоры; Жанат Ержанов — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аспаптық орындау факультетінің деканы және Наргиз Шөкенова — Батырхан Шөкенов атындағы қордың директоры кірді.

Барлық қатысушылар уәждемелік және ұсынымдық хаттар, сондай-ақ музыкалық шығармалардың орындалуы туралы бейнежазбалар ұсынды. Осылайша, қазылар алқасы олардың орындаушылық шеберлігін, әртістігі мен ынталануын толық бағалай алды. Финалдық кезеңге барлығы 15 адам қатысты.

Екі қордың жоспарында ағаш үрмелі аспаптарда орындаушылардың республикалық конкурсын өткізу, Батыр әндерінің қазақ тіліндегі ноталық басылымын және сыйлық CD-DVD басылымын шығару бар.

 

Дереккөз: https://tengrinews.kz/music/opredelilis-obladateli-stipendii-imeni-batyirhana-shukenova-354754/