Қазақстан 26 қазан-1 қараша аралығында алғаш рет ATP 250 сериялы беделді теннис турнирін өткізді. AstanaOpen турниріне ерлер рейтингінің алғашқы жүздігінен ойыншылар келді. Қазақстан теннис федерациясы қысқа мерзімде жоғары деңгейдегі үлкен теннис апталығын ұйымдастыра алды. Жеңімпаз Джон Миллманның жарқын жеңістері мен ренішті жеңілістері, бәсекелестік рухы және салыстыруға келмейтін эмоциялары осы жеті күнде Ұлттық теннис орталығының корттарын толтырды.
Пандемия кезіндегі турнир
Коронавирустық пандемия барлық салаларға, соның ішінде турнир күнтізбесіне өзгерістер енгізді. Көптеген жарыстар кейінге қалдырылды, кейбіреуінен мүлдем бас тартылды. Нәтижесінде бір жыл ішінде рейтингтік турнирлер көп болған жоқ. Міне, Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) жыл соңында төрт қосымша турнир өткізуге шешім қабылдап, олардың бірін өткізу орны ретінде Қазақстан астанасын таңдады.
Турнир бастапқыда күнтізбеде болмағандықтан, оны ұйымдастыруға Қазақстан теннис федерациясының небәрі алты аптасы болды. Ойыншыларға қатысу туралы жедел шешім қабылдау қажет болды. Жаңа турнирден не күтетінін ешкім білмеді, көбісі Нұр-Сұлтанға алғаш рет келді, ал бүкіл әлемдегі Covid-19 жағдайы тек белгісіздік тудырды.
Осының бәріне қарамастан, AstanaOpen турниріне қатысушылардың өте мықты құрамы жиналды, олардың арасында әлемнің 28-ракеткасы Бенуа Пер, 39-нөмір Адриан Маннарино, теннис жанкүйерлеріне Үлкен дулыға турнирлеріндегі жарыстардан жақсы таныс Фернандо Вердаско, Фрэнсис Тьяфу және рейтинг ұпайлары үшін күресетін жас перспективалы ойыншылардың тұтас бір тобы болды.
Джон Миллманның жеңісі
AstanaOpen жеңімпазы – австралиялық теннисші Джон Миллман 250 рейтинг ұпайы мен 13 мың доллар жүлдеге ие болды. Оның финалға жету жолы оңай болған жоқ. Алдымен, ол әйгілі испандық Фернандо Вердасконы жеңді, содан кейін үш сеттік ауыр жекпе-жекте жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, Томми Пол мен Фрэнсис Тьяфуды жеңді.
Финалда Джон Миллманға өте ыңғайсыз қарсылас – француз теннисшісі Адриан Маннарино қарсы тұрды. Миллман қиын күресте финалдың нәтижесін анықтаған бірінші сетті ала алды. Маннарино осы уақытқа дейін турнирде ешкімнен кем түспеді және бұл орын алған кезде, айтарлықтай абыржып, бұл Джон Миллманға матчты өз пайдасына аяқтауға мүмкіндік берді: 7:5, 6:3.
Турнирде қазақстандық теннисшілерден Михаил Кукушкин ең жақсы ойын көрсетті. Ол ширек финалға Бенуа Перді жеңу арқылы жетті.
Қауіпсіздік шаралары
Нұр-Сұлтан қаласының жанкүйерлері, әрине, ұйымдастырушылар Нұр-Сұлтанда осындай көлемдегі оқиғаның көрерменсіз өтетінін жариялаған кезде көңілдері қалды. Трибуналарға коронавирустық инфекцияға үнемі тексеріліп тұратын турнирдің бірнеше қызметкерлері ғана жіберілді.
Биылғы жылы ойыншылар соғылған доптың қатты қошеметтеусіз жүретініне бой үйрете бастады. Нұр-Сұлтанда оларды қуанышты тобыр дыбыстарының жазбасы алмастырды. Бірақ басқа амал жоқ. Дегенмен, теннисшілер үшін ең бастысы – турнирлік тәжірибе мен рейтинг ұпайларын алу мүмкіндігі.
Турнир жыл сайын өткізілуі мүмкін
Төрт күн сайын барлық ойыншылар Covid-19 тексерілді. Қатаң регламентке байланысты теннисшілер экскурсияға бармады және қаланы аралай алмады, тек қонақ үйден корттарға және кері қарай жүрді. Бірақ бұл қонақтардың сапардан жағымды әсер алуы үшін жеткілікті болды.
Турнирдің жартылай финалисті Фрэнсис Тьяфу алғашқы ойын күнінде мұндай қалың қар жауады деп күтпегенін атап өтті, ал Нұр-Сұлтанды өте жағымды қала деп атады.
«AstanaOpen-де ойнау мүмкіндігі пайда болған кезде мен бір минут та күмәнданбадым. Бұл – мен ойнаған ең жақсы турнирлердің бірі. Мен бұл турнирдің жыл сайынғы болатынына сенімдімін, өйткені мен әр минутты осы керемет елдің қонағы ретінде тамашаладым», – деді Джон Миллман.
Турнир директоры Атилла Рихтер қорытынды марапаттау рәсімінде Қазақстан үшін алғашқы тарихи турнирді өткізу мүмкіндігі үшін Қазақстан теннис федерациясына және оның президенті Болат Өтемұратовқа алғысын білдірді.
«Мен бәрі разы деп үміттенемін. Сіздерді келесі жылы Нұр-Сұлтанда қайта көруге үміттенемін», – деді ол.
Андрей Ударцевтің суреті, ҚТФ