Өңірде ҮЕҰ мен қайырымдылық бастамалары белсенді жұмыс істеп тұрғанына қарамастан, Орталық Азия үкіметтер қайыр көрсету процесін жеңілдетуде қажетті құқықтық инфрақұрылымды дамыту үшін көп нәрсе жасай алады.
Марат Айтмағамбетов
Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде Қазақстанда тіркелген ҮЕҰ саны шамамен 15 жыл бұрын 5 000-нан 23 000-ға дейін өсті. Сурет: Андрей Шипилов / Alamy
Жеке адамға ел-жұрт болып бірігіп, көптеп-көлемдеп, көмек қолын созатын қазақтың дәстүрі – ауылдық жерлерде сақталған асарды Орталық Азиядағы еріктіліктің, өз еркімен өзгеге көмектесудің ежелгі түрі деп санауға болады. Қазақ елінде қазақ қазақ болғалы даланың қатал өмір сүру жағдайларын жеңілдететін әдет-ғұрыптар қалыптасты. Қазір Орталық Азияда осы қайырымдылық жасау дәстүрі біртіндеп жанданып келе жатыр.
Соңғы онжылдықтарда өңір өзінің қоғам қалыптастырған қайырымдылық дәстүрлерін ұмытып кетті. Кеңес дәуірінде әлеуметтік қамсыздандырудың негізгі жауапкершілігі мемлекетте болды. Азаматтар өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Үкіметке тәуелді болды, нәтижесінде Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қайырымдылықты ешкім түсінбеді және оған сенбеді. Бірақ жағдай біртіндеп өзгеруде. Соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеушілік байқалды: азаматтар мен кәсіпкерлер мемлекеттің немесе бизнестің жіберген олқылықтарын толтыру үшін қайырымдылықтың маңыздылығын түсіне бастады.
2014 жылы Болат Өтемұратов қоры құрылған кезде оның негізін қалаушының пайымы «Қор іске асыратын бастамалар басқа жобаларды қайталамауы тиіс» деген ұстанымға тірелген болатын. Біз сол кезде ешкім айналыспаған мәселелерді анықтадық және оларды шешудің тиімді жолдарын табуға, содан кейін өз шешімдерімізді қоғаммен де, Үкіметпен де бөлісуге тырыстық.
Мысалы, біз аутизм орталықтарын ашуға назар аудардық. Аутизмді ауру ретінде емес, негізі, адамның қалып-күйі ретінде түсіну және аутистер толыққанды өмір сүре алады деген түсінік бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда ешкімнің құлағы естіп көрмеген түсінік еді. Біз бүкіл ел бойынша 12 қалада ерте жастан араласу қызметтерін тегін ұсынатын, аутизм идеясын өзгертетін және балалар мен олардың отбасыларына тиімді қолдау жүйесін құратын 13 аутизм орталығын аштық.
Біз біріксек, жалғыз болмаймыз. Қазақстан тәуелсіздігінің үш онжылдығында тіркелген ҮЕҰ саны шамамен 15 жыл бұрын 5 000-нан 23 000-ға дейін өсті, бұл ретте олардың 18 000-ға жуығы қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр. Мемлекет біртіндеп азаматтық қоғамды қуып жетуде. 2015 жылы Қазақстан өз тарихында алғаш рет қайырымдылық қызметі туралы заң қабылдады.
Мемлекеттің рөлі қандай болмақ?
Қазақстан Үкіметі қайырымдылық қызметті ынталандыру үшін, мысалы, қолданыстағы заңнамалық базаға түзетулер енгізу үшін көп нәрсе істей алады. Коммерциялық емес ұйымды құру бұрынғысынша, коммерциялық ұйымды тіркеуден гөрі әлдеқайда қиын. Коммерциялық емес ұйымды тіркеу бір айдан астам уақыт алуы мүмкін, ал жеке кәсіпкерді бір тәулікке жетпей тіркеуге болады.
Үкімет қайырымдылық қызметіне тек бизнес үшін емес, азаматтар үшін де салықтық жеңілдіктер бере алады. Мысалы, Венгриядағы 1% салық туралы заң азаматтардың өз таңдауы бойынша салықтың 1%-ын кез-келген іске немесе қоғамға пайда әкелетін кез-келген мекемеге, мысалы, мектепке, ауруханаға, үкіметтік емес ұйымға және т. б. жібере алуын қарастырады. Бұл қайырымдылықты ынталандырып қана қоймай, қайырымдылық қызметінің ашықтығын және осылайша оған деген сенімділікті арттырады.
Қазіргі уақытта Орталық Азия елдерінде қайырымдылық жасау процесін жеңілдету үшін қажетті құқықтық инфрақұрылымды қамтамасыз етуге үлкен ынталандыру бар. Өңір экономика мен адами капитал тұрғысынан тез дамып келеді. Еуропалық қайта құру және даму банкінің деректері бойынша, 2024 жылы Қазақстан мен Өзбекстан экономикасы 5 және одан да көп пайызға өседі.
Ең бастысы, Орталық Азия өзінің халқы әлемдегі ең жас тұрғындардың бірі екендігімен мақтана алады, мұнда орташа жас 27,6 жасты құрайды.
Жас ұрпақ мемлекетке үміт артып, масылдық психологиясымен тәрбиеленген «менікі» сияқты емес. Орталық Азияның жастары басқаша ойлайды және әлемді басқа көзбен көреді. Олардың көпшілігі Еуропада немесе АҚШ-та оқып, жұмыс істеген және тиімді қайырымдылық қызметін көрсетуде тікелей тәжірибесі бар. Олар өзгерістердің катализаторы бола алады, бірақ аға буынның міндеті – сол баяғыдай, оларға білім алуға мүмкіндік беру, өз идеяларын жүзеге асыруға жол ашу және жетілген азаматтық қоғамның дамуына үлес қосу.
Бұл – Болат Өтемұратов қорының жастарға инвестиция салуының тағы бір себебі. Мысалы, біз мемлекеттік мектептердің оқу бағдарламасындағы кемшіліктерді анықтадық және студенттерге әлеуметтік дағдылар мен кәсіпкерлікке үйретуге арналған ақысыз бағдарламаларды ұсынамыз. Біз сондай-ақ Қосшы қаласында мектеп салдық, оны мемлекетке тапсырдық, қазір сол учаскеде Қазақстанда бұрын-соңды тұрғызылмаған қоғамдық орталық салып жатырмыз. Жергілікті филантропияның бұл түрі жас ұрпаққа инвестиция салып қана қоймайды, сонымен қатар филантропияның оң әсерін барлығына көрінетін етеді, осылайша қоғамның сенімі мен қатысуын арттырады.
Қазақстан қаржыландыру және қайырымдылық инфрақұрылымының ауқымы бойынша өңірде көшбасшы болып табылады. Біздің қазіргі кездегі мақсатымыз – көрші елдермен өңірлік ынтымақтастықты ынталандыру. Жас буынның, өсіп келе жатқан экономиканың және кәсіпкерлердің жаңа қатарларының арқасында Орталық Азия шекарадан шыға алатын өркен жайған қайырымдылық саласын құруға қажетті барлық ресурстарға ие.
Бірақ бізге проблемаларды анықтау және олардың шешімі басқалардың емес, өзіміздің қолымызда екенін түсіну үшін құқықтық инфрақұрылымды жетілдіру бойынша ұсыныстар, сондай-ақ елдер, қоғам мен мемлекет арасындағы диалог қажет.
Редактордың ескертпесі: Осы мақалада айтылған пікірлер міндетті түрде Болат Өтемұратов қорының көзқарасын білдірмейді.
Дереккөз: Devex.com