Топырақ төсенішке бүйрегі бұратын Тимофей Скатов 2024 жылы хардта қол жеткізген жетістіктері оның Almaty Open турнирінде жеңіске жетуіне көмектеседі деп үміттенеді.

Жасөспірімдер арасындағы бұрынғы бірінші нөмірлі 23 жасар ойыншы ATP Challenger турындағы жағдай, туған еліндегі теннистің жағдайы, сондай-ақ итальяндықтардың Музетти мен Арнальди сияқты ойыншыларды қалай бағалайтыны туралы айтты.

Авторы – Мэтт Фитцжеральд

АЛМАТЫ, Қазақстан — Осы аптаның басында қазақстандық төрт спортшы Almaty Open турнирінің негізгі жарысына қатысты. Олардың екеуі сейсенбіде өткен өздерінің алғашқы матчтарында-ақ жеңіске жетті: Александр Шевченко іріктеуден өткен отандасы Михаил Кукушкинмен жекпе-жекте жеңіске жетті, ал Wild card иегері Бейбіт Жұқаев Бенджамин Хассанды жеңді.

Жасөспірімдер арасындағы экс бірінші нөмірлі ракетка Тимофей Скатов Шанхайда өткен аптаның жартылай финалисі Томаш Махачпен кездескен кезде үш қазақстандықты сәрсенбідегі келесі раундқа өтетіндей етуге тырысады. Осы кездесудің алдында TENNIS.com Скатовпен әңгімелесті, 23 жасар ойыншы «үйге» оралу, топырақ төсенішінсіз ойынға бейімделу, федерацияның қолдауы және турнирлерде ойындарын бақылағанды ұнататын теннисшілері туралы әңгімеледі.

Өз еліңде, «үй» турнирінде, әр апта сайын ойнау мүмкін бола бермейді. Almaty Open ойынының басталуынан қандай әсер алдыңыз?

СКАТОВ: Мен қазір нағыз бабымдамын. Үш жыл ішінде алғаш рет 250 деңгейлі турнирді елімізде, «үйде» ойнамақпын. Қазіргі уақытта жағдайым жақсы, тек ойынның басталуын асыға күтудемін. Сонымен қатар, менің қарсыласым да оңай шағылатын «жаңғақ» емес, ендеше, бәрін уақыт көрсетеді. Мен бар күшімді салуға тырысамын.

Скатов Фабиан Марожанмен бірге Аюсай келушілер орталығында Almaty Open турнирінің жеребе тарту рәсіміне қатысты

Сіз үш жыл бұрын Алматы қаласында топырақ төсеніште өткен Challenger деңгейіндегі турнирде өзіңіздің алғашқы финалыңызға қол жеткіздіңіз. Алматы қаласына деген көзқарасыңыз қандай және турнирдің Астанадан кеткеніне қалай қарайсыз?

СКАТОВ: Мен Алматыда бірнеше рет болдым: бір рет Challenger турниріне және ұлттық жарыстарға қатыстым. Маған бұл қала ұнайды, оның атмосферасы ерекше. Мұндағы адамдар жылы шырайлы, мейірімді болып көрінетін сияқты. Алматыны «Қазақстан теннисінің астанасы» дейді ғой. Мұнда көптеген теннис корттары бар әрі адамдар спорттың бұл түрін жақсы көреді. Сондықтан мен айтарлықтай қолдау күтемін. Жалпы, Қазақстанда теннис барынша дамуда әрі барған сайын танымал бола түсуде.

Challenger турнирлерінде көрсеткен барлық үздік нәтижелеріңіз топырақ төсенішінде, ал сіз іріктеуден өткен төрт Үлкен дулыға турнирінің үшеуі хардта өтті. Сіздің тек топырақ төсенішінде шебер маманы шеңберінен шығуыңызға не көмектесті?

СКАТОВ: Бұл менің Испанияда бес жыл жаттыққаныма байланысты. Жоспарымыздың мақсаты жерде көбірек ойнау болды, сондықтан осындай жағдай туындады. Бірақ мен биылдан бастап Стокгольмге көштім, енді біз хардты корттарда үйде көбірек жаттығамыз. Өзімнің шамалауымша, ойыным бұрынғыға қарағанда агрессивті болған сияқты, мен корттың ішінде жақсы ойнаймын, допты жылдам кері қайтару мен допты ойынға қосу тәсілдерімді жақсартудамын. Сондықтан мен қазір топырақ төсеніште де, хардта да өзіме сенімдімін.

Мен тек топырақ төсеніште жақсы ойнайтын, бірақ хардта немесе шөп төсеніште қолынан ештеңе келмейтін ойыншы болғым келмейді. Турнирлердің көпшілігі хардта өтеді, сондықтан менің өз ойынымды бейімдеуіме тура келді, қазір бұл әдісім бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы жұмыс істейді.

Сіз Қазақстан атынан ойын көрсеткен кезде ерекше мақтанышпен ойнайсыз ба? Өйткені, соңғы маусымдарда сіз командалық жарыстарда өте жақсы өнер көрсеттіңіз.

СКАТОВ: Солай деп ойлаймын. Дэвис кубогында ойнаған кезде, адамдар саған сеніп, қолдау көрсеткен кезде өз елімнің мүддесін қорғау менің міндетім екенін сезінемін. Маған командада ойнау ұнайды. Ең мықты ойынды мен «үйдегі» жанкүйерлерімнің алдында көрсетуге тырысамын.

Теннис жолыңызда ұмтылатындай мансапқа айналдыру үшін ұлттық федерацияның қолдауы қаншалықты маңызды болды?

СКАТОВ: Қазақстан Теннис федерациясы, әсіресе біздің Президентіміз Өтемұратов мырза, жалпы елімізде теннисті дамыту үшін адам сенбес жұмыстарды атқаруда. Соңғы 10 жылда олар бүкіл ел бойынша көптеген теннис орталықтарын ашты. Олар жас ойыншыларға және біздің Дэвис кубогының негізгі командасына қолдау көрсетеді. 17 жасымнан бастап маған қатты қолдау көрсетіп келеді. Федерация болмаса, қазіргі қол жеткізген деңгейіме жету әлдеқайда қиын болар еді, тіпті мүмкін болмас емес еді. Олар мен үшін шынымен де өте маңызды.

Сіздің көзқарасыңыз бойынша, ATP Challenger деңгейінде ойнау қаншалықты қиын?

СКАТОВ: Әрине, Challenger турнирлерінен ATP Tour немесе Үлкен Дулыға турнирлеріне мүмкіндігінше тезірек ауысқым келеді. Бұл әлдеқайда дұрыс болар еді. Дегенмен, бұл барлық ойыншылар өтуі тиіс кезең. Алдымен сен Future турнирлерінен бастайсың, ал белгілі бір деңгейге жеткенде Challenger турниріне ауысасың. Кейбіреулер мұны Алькарас немесе Синнер сияқты тезірек өтеді, олар бірнеше айдың ішінде оған қол жеткізіп, топ-100-дің құрамына кірді. Ойынын дамытып, жақсарту үшін кейбіреулерге көбірек уақыт қажет. Мен Challenger турнирлерінде үш-төрт жылдан бері ойнап жүрмін, шамамен солай. Қазір бізде 100-125 сияқты неғұрлым жоғары деңгейлі турнирлер көп. Олардың көпшілігі шынымен де жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Теннис физикалық тұрғыдан да, эмоционалдық тұрғыдан да қалжыратып, титықтатуы мүмкін. Сіз спортшы ретінде жанып кетпес үшін қиын сәттерді қалай еңсересіз?

СКАТОВ: Теннис — майданда жалғыз шабатын спорт. Кейде сенің ең жақсы достарың командаңдағы адамдар, әсіресе жаттықтырушың болады. Егер жолың болса, турнирлер кезінде достар табуға болады. Әрине, біз бір-бірімізге көмектесу үшін бірге жаттығамыз, бірақ бәрібір кортта қарсылас болып қала береміз. Бұл қиын болуы мүмкін. Менің өзімді қолдауға тырысатын командам бар. Бұлар – менің сөйлесе алатын, түсінісе алатын адамдарым. Мен кітап оқығанды ұнатамын. Неғұрлым көбірек оқыған сайын жақсы ойлана бастайтынымды сеземін. Бұл маған өзімді жақсы сезінуіме көмектеседі, сондықтан мен корттан тыс уақытта уақытымды кітап оқу арқылы өткізуге тырысамын.

Осы аптада Скатов отандасы Александр Шевченкомен жұптасып ойнайды.

Сіз қандай кітаптарды жақсы көресіз?

СКАТОВ: Кейде бұл біраз ынталандыратын кітаптар, кейде жай көркем әдебиет. Мұның бәрі көңіл-күйге байланысты.

Және, әрине, басқалар сияқты, сіз де әріптестеріңіздің ойынына назар аударасыз. Сізге қазір кімнің ойынын бақылаған ерекше ұнайды?

СКАТОВ: Ойыншылар көп, бірақ ең қызықтысы — Алькарас. Сондай-ақ Монфис сияқты ойыншылардың ойынын тамашалауды ұнатамын, олар ойынды қызықты етеді. Ойын стилі туралы айтатын болсақ, маған итальяндықтар ұнайды. Музетти – менің ойымша, кортта шынымен ойланатын жігіт. Немесе Арнальди. Маған олардың қарқынды қалай өзгертетіні және қалыптан тыс нәрсе жасайтыны ұнайды. Мен олардан бірдеңе алуға тырысамын.

Сіздің Алматыдағы алғашқы матчыңыз: Сіз керемет ойын көрсететін әрі құрдасыңыз Томаш Махачпен кездесесіз. Бұл текетірес туралы не ойлайсыз?

СКАТОВ: Мен Томашты жас кезімнен білемін. Ол қай кезде де жақсы жігіт болды, маған ол ұнайды. Өткен жылы ол үлкен жетістікке жетіп, үздік 30-ға кірді. Әсіресе өткен аптада ол өте жоғары деңгейде ойнады. Біз бұрын кездеспеген сияқтымыз. Жанкүйерлерім маған дем береді деп ойлаймын.

Дереккөз: Tennis.com