Үш жыл қатарынан ең белсенді және ынталы оқушылар Алматыға жазғы лагерь форматында өтетін Jas Leader форумына шақырылады.
Қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінде көбінесе академиялық білімге баса назар аударылады. Бұл ретте, ойдағыдай әлеуметтік бейімделу мен мансап үшін қажет болатын «жұмсақ машықтарды» (soft skills) дамыту екінші кезекте қалып қойып жатады.
Қазақстандық оқушылардың көшбасшылық әлеуетін ашу үшін және көшбасшылық, сыни ойлау қабілеті, коммуникациялар және эмоциялық зият секілді «жұмсақ машықтарды» үйренуге жәрдемдесу үшін Болат Өтемұратовтың қоры 2021 жылдан бері өңірлік мектептерде Jas Leader Akademiiasy бағдарламасын іске асырып келеді.
Оқу жылы барысында 5 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі оқушылар сыныптан тыс сабақтарға барады, онда оларды сыни ойлау, командада жұмыс істеу, көпшіліктің алдында сөз сөйлеу және келіссөздер жүргізу қабілетін үйретеді.
Үш жыл қатарынан ең белсенді және ынталы оқушылар Алматыға жазғы лагерь форматында өтетін Jas Leader форумына шақырылады. 6 шілдеден 16 шілдеге дейін «Тау Самал» шипажайындағы жазғы форумға Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ Шымкент және Астана қалаларынан 500-ден астам оқушы жиналды.
Балалардың ата-аналары көшбасшылық бойынша сыныптан тыс сабақтарға қатысқаннан кейін оқушылардың өзіне деген сенімділігі арта түскенін, аудиторияның алдында сөз сөйлеуді үйренгенін және өзінің академиялық үлгерімін арттыра түскенін атап өтуде.
«Менің қызым жыл бойы сабақтарға қатысты, мен оның бойында көшбасшылық қасиеттің көрініс тапқанын байқадым. Бұған дейін ол көпшіліктің алдында сөз сөйлеуге қатты ұялатын, мектеп тіршілігінде ешқандай белсенділік танытпайтын. Тоқсанның ортасында өзіне деген сенімі арта түсті және тіпті волонтерлік қызметке кірісіп кетті», – деп айта кетті оқушының анасы Гүлбаршын Камалова.
«Бұл – аса қаныққан күндер болды! Біз бес күн бойы квесттерден өттік, қызықты тапсырмаларды орындадық, күрделі міндеттерді шештік. Менде жаңа достар пайда болды. Маған өзімнен қорқудан және өзіме күдікпен қараудан арылуға көмектескен ұйымдастырушылар мен оқытушылардың барлығына алғыс білдіремін, сондай-ақ мен камера алдында сөз сөйлеуден қорқу сезімінен
құтылдым. Енді пікірталастарға қатысып, көпшілік алдында сөз сөйлеуді байқағым келеді. Сондай-ақ енді менде өскеннен кейін президент боламын деген арман пайда болды», – деп айтып берді 14 жасар Арлан Молдабеков.
Көшбасшылық бойынша факультативтік сабақтар тегін өтеді: жаттықтырушыларды оқыту, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша бүкіл қаржылық міндеттемелерді Болат Өтемұратовтың қоры өз мойнына алды. Осы мақсатқа бес миллион доллар бөлінді, бұл ретте бағдарламаны бес жыл бойы іске асыру есебімен – жылына бір миллион доллардан.
«Біздің миссиямыз – қоғамымызды ілгері жылжытатын пайдалы және тұрақты шешімдер жасау үшін адамдарды, идеяларды және ресурстарды біріктіру», – деп атап өтті Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов. «Осылайша, оқушыларға аса маңызды тіршілік машықтарын үйренуге көмектесетін, жас буынға арналған бағдарламаны құру идеясы пайда болды».
Jas Leader Akademiiasy жобасының жұмысы барысында оқыту бағдарламаларынан еліміздің 124 мектебінен 36 мың бала және 217 жаттықтырушы-мұғалім өтті.
Дереккөз: Forbes.kz