Sci Tech Hub – ғылым, технология, инженерия және математиканы (STEM) пәнаралық форматта біріктіретін жаңа буын білім беру орталығы. Оның салтанатты ашылуы 8 қазанда Haileybury Astana халықаралық мектебінің аумағында өтті. Іс-шараға ҚР Білім министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ұлыбритания елшісі Салли Ақсуорси және басқа да бірқатар қонақтар қатысты.

Жаңа білім беру орталығы 286 оқушыға арналған кеңістік ретінде құрылды, онда әр оқушының әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін зертханалар, оқу аймақтары мен коворкинг біріктірілген. Мұнда робот техникасы аренасы, икемді оқу аймақтары, интерактивті аудиториялар және көрме залдары бар.
«Бүгінгі ашылып жатқан орталық әлемдік деңгейде жасанды интеллект, инженерлік іс және робот техникасы салаларында отандық білім беруді одан әрі дамытуға көмектеседі. Мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген педагогтер мен оқушылар мұнда сабақ және зертханалық эксперименттер өткізе алатынына қуаныштымын. Өздеріңіз білетіндей, жақында өткен халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар екі күміс және бір қола медальға ие болды. Осы орталықтың жұмысының арқасында медаль иегерлерінің қатары толықтырыла беретініне сенімдімін», – деп атап өтті Білім министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Орталықтың ерекше мақтанышы – әлемдік стандарттар бойынша жабдықталған математика, жаратылыстану ғылымдары және робот техникасы зертханалары. Оларда оқушылар заманауи жабдықтармен, цифрлық технологиялармен және нақты ғылыми тапсырмалармен жұмыс істейді. Сабақ өткізу үшін интерактивті панельдер, планшеттер мен модельдеу, 3D визуалдандыру және деректерді талдау бағдарламалық жасақтамасынан тұратын алты мамандандырылған математика сабағы, сондай-ақ мобильді құрастыру станциялары, тестілеу алаңдары, жарыстар және жобалар көрсетілімі өтетін шағын робот техникасы аренасы бар.
«Sci Tech Hub орталығын салу «Верный капитал» компаниялар тобы үшін маңызды бастама болды. Жоба бизнестің әлеуметтік миссиясына және қазақстан қоғамының дамуын қолдауға деген ұмтылысымызды көрсетеді. Біз еліміздегі білім беру инфрақұрылымына және оқыту сапасын арттыруға жүйелі түрде инвестиция салуды жалғастырамыз. Біз үшін Sci Tech Hub – бұл Қазақстанның болашағына салынған инвестиция», – деп атап өтті «Верный капитал» компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов.

Алаңы шамамен 3000 шаршы метр болатын орталық рекордтық мерзімде – небәрі 10 айда салынып, жабдықталды. Ғимарат жоғары сапалы материалдарды қолдана отырып тұрғызылды және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Жоба «Верный капитал» компаниялар тобының қолдауымен жүзеге асырылды, оның құны 3,4 млрд теңгені құрады.
«Біз жобаның әлеуметтік миссиясына ерекше назар аударамыз. Sci-Tech Hub тек мектепте және қалада өтетін іс-шаралар үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген дарынды балалар үшін ашық халықаралық олимпиадалар мен конкурстар үшін алаңға айналады. Осылайша, орталық елдің ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал етеді және жас зерттеушілер үшін мүмкіндіктерді кеңейтеді. Гранттар бағдарламасы аясында біз өз мектебімізге Қазақстанның түрлі өңірлерінен талантты балаларды көбірек тартуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Haileybury Astanа қамқоршылық кеңесінің төрағасы Иэн Хант.

Болашақта Sci-Tech Hub әлемнің жетекші ғылыми және білім беру мекемелерімен серіктестік құруды жоспарлап отыр. Осындай ынтымақтастықтың арқасында оқушылар сарапшылардың жетекшілігімен нақты міндеттермен жұмыс істеуге мүмкіндік алады, бұл олардың табысты академиялық және кәсіби мансаптары үшін берік негіз болмақ.
Дереккөз: Forbes.kz