«Асыл Мирас» қайырымдылық Қоры «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын 2015 жылы таныстырды.
Жобаны меценат Болат Өтемұратов құрған «Асыл Мирас» қайырымдылық Қорының қолдауымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде іске асыру жоспарлануда, Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Zakon.kzхабарлайды. .
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың, Қор директоры Марат Айтмағамбетовпен және Қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарманмен өткен кездесуінің қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
– Ақтөбе облысында «аутизм» диагнозы қойылған 217 бала тұрады. Біздің міндетіміз – оларға және олардың ата-аналарына барынша көмек пен қолдау көрсету, – деді Бердібек Сапарбае. Оның айтуынша жергілікті билік жобаны іске асыруда жан-жақты көмек көрсетеді.
Бұл ретте облыс әкімі уәкілетті мемлекеттік органдарға жобаны іске асыру кезінде аутизмі бар балалардың ата-аналарының облыстық қауымдастығымен тығыз өзара іс-қимыл жасауды тапсырды.
«Асыл Мирас» қайырымдылық қоры «Аутизм. Баршамызға бір әлем» бағдарламасын 2015 жылы таныстырды. Аутизмі бар балаларды оңалту орталығы осы бағдарлама жобаларының біріне айналады. Айта кетейік, оны жүзеге асырудың арқасында бүгінде осындай орталықтар Алматы, Астана, Қызылорда және Өскеменде жұмыс істейді.
– Бағдарлама Қазақстанда аутистік спектр асқынулары бар балаларға және олардың отбасыларына көмек көрсетудің прогрессивті жүйесін енгізуге бағытталған. Бағдарлама аясында біз 15 жасқа дейінгі балалармен жұмыс істейміз, өкінішке қарай, ересектермен жұмыс жасамаймыз, бірақ бұл жоспарда бар. Бейресми мәліметтерге сәйкес, біздің елде аутизммен ауыратын балалар әлдеқайда көп және олардың саны, өкінішке қарай, бүкіл әлемде өсуде. Сондықтан қор бұл мәселені шешуге шешім қабылдады, – деп атап өтті Қор директоры Марат Айтмағамбетов.
Ақтөбеде орталықты пайдалануға беру 2018 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. Аутизмі бар балалар мен олардың отбасыларына арналған мекемеде мамандардың толыққанды білікті көмегін алатын жағдайлар жасалады. Мұнда ата-аналар аутизмді диагностикалау мен емдеуде, балаларды жалпы білім беретін мектепте оқуға дайындауда қолдау алады. Бұған қоса, орталық аутист балалармен жұмыс бойынша мамандарды даярлаумен айналысады.
– Аутизммен күресу ісінде кадрларды даярлау аса маңызды рөл атқарады. Тиісінше, біз бұл мәселеге көп көңіл бөлеміз, Америка мен Еуропадан үздік мамандарды әкелеміз, – деді Алмаз Шарман. Айта кетейік, орталық ұсынатын барлық қызметтер тегін болады.
Сурет: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі