Болат Өтемұратов қоры EUROBAK Awards 2025 (Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығы) беделді жыл сайынғы сыйлығының екі бірдей номинациясы бойынша лауреат атанды.
«Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік» санатында қор көпфункциялы комьюнити орталығын салғаны үшін марапатталды. Халықаралық стандарттарға сай салынған кең ауқымды қоғамдық, мәдени және спорттық кешен 2025 жылдың наурыз айында қала тұрғындарына есігін айқара ашты.

Орталықтың жалпы аумағы – 8,5 мың шаршы метр, бір мезетте 1000 адамды қабылдай алады. Құны 20 миллион долларды құрайтын жоба қала тұрғындарына сый ретінде тарту етіліп, ақысыз түрде әкімдік балансына берілді.
Комьюнити орталығы спорттық, білім беру және демалыс кеңістіктерін біріктірген бірегей орынға айналды. Мұнда кинотеатр, дәріс, көрме және конференция залдары, студиялар, коворкинг, үлкен кітапхана мен көпфункциялы спорт залы бар. Сондай-ақ, аумақта футбол, баскетбол, волейбол, теннис, үстел теннисі, воркаут және серуен аймақтары жабдықталған. Балалар үшін — робототехника мен шахматтан бастап, хореография мен қолданбалы өнерге дейінгі түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Ересектер үшін — жұмыс істеуге, қарым-қатынас пен демалуға арналған ыңғайлы кеңістік қарастырылған. Кіру тегін, ал үйірмелер мен секцияларға қатысу бағасы қолжетімді.

Барлық инфрақұрылым мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Бұл жоба қордың әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және Қазақстандағы жергілікті қауымдастықтарды қолдау бағдарламасының бір бөлігі болып табылады.
«Біз қоғамның тұрақты дамуы адамдардан және олардың бас қосып, үйреніп, шабыт алатын орындарынан басталады деп сенеміз. Қосшыдағы комьюнити орталығы — жай ғана ғимарат емес, түрлі буын өкілдерін біріктіретін, ашықтық пен бірліктің нышанына айналған орын. EUROBAK секілді беделді ұйымның осы жобаны жоғары бағалағанына шын жүректен қуаныштымыз», — деді Қордың директоры Айнұр Қарібозова.

Сондай-ақ Болат Өтемұратов қоры аутизм туралы ақпараттандыру айына арналған кең көлемді бағдарлама үшін де марапатқа ие болды. Бұл кампания қоғамның аутизм спектрінің бұзылыстары жайлы хабардарлығын арттыруға, инклюзияны дамытуға және РАС диагнозы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауға бағытталған. Қордың аутизм саласындағы бағдарламасы 10 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асып келеді. Осы жылдар ішінде Қазақстанның 12 қаласында балаларға тегін көмек көрсететін «Асыл Мирас» аутизм орталықтары ашылды.
Айта кету керек, өткен жылы да Болат Өтемұратов қоры Қазақстан инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін EUROBAK сыйлығымен марапатталған болатын — 2024 жылы қор Қызылорда әуежайының жаңа терминалын салу жобасын іске асырғаны үшін марапат алған.

Дереккөз: TengriNews.kz