Булат Утемуратов

Jas Leader бағдарламасы 40 мыңнан аса реформаторды қалай тәрбиеледі

Болат Өтемұратов қорының бастамасымен әзірленіп, іске асырылған жоба енді бұдан да көп оқушылар мен мұғалімдердің оқу курсынан өуі үшін аса ірі сертификатталған ұйымдардың басқаруына өтеді.

Jas Leader Аkademiiasy бағдарламасының арқасында 41 500 қазақстандық оқушы көшбасшылық және командалық жұмыс дағдыларын игеріп, өз ойларын еркін білдіруді және басқаларға ықылас танытуды үйренді.

Jas Leader бағдарламасы 2021 жылы басталды. Оған Қазақстанның 17 өңіріндегі 124 мектептің 5-11 сынып оқушылары қатысты. 200-ден астам мұғалім арнайы оқып, өз оқушыларына жаттықтырушы болды. Сабақтар факультатив форматында өткізілді, онда жасөспірімдер белгілі тұлғалардың көшбасшылығы мен өмірбаяндарын талқылады, ойындарға, командалық жобаларға қатысты және қарым-қатынас қалыптастыру мен өзін-өзі таныстыру дағдыларын дамытты.

Булат Утемуратов

Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап материалдарды дайындау, педагогтерді оқыту, оқу процесін ұйымдастыру және жыл сайынғы форумдар өткізу бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілді.

Бағдарламаға қатысушылардың бірі, И.В.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Ақжан Бақытбекова өзінің алған тәжірибесін былайша сипаттайды:

«Jas Leader мен үшін факультативтен де артық болды. Мен өз ойымды ашық айтуды, топта жұмыс істеуді, басқаларды тыңдай білуді үйрендім. Бір ойында біздің бір парақ қағазды басып тұруымыз керек болды. Әр айналым сайын орын азая берді. Құлап қалмас үшін бір-бірімізден ұстап тұрдық. Бір қарағанда, жай ғана қарапайым ойын сияқты, бірақ іс жүзінде бұл – қолдау мен сенім. Бүкіл бағдарлама дәл осыны үйретеді».

Әр оқу жылының финалы – Алматыда өтетін Jas Leader форумы, оған барлық өңірлерден ең белсенді қатысушылар шақырылады. 2025 жылы форум 12-15 шілде аралығында «Тау Самалда» өтіп, 200-ден астам жасөспірімнің басын қосты. Бағдарлама тренингтерді, экскурсиялар мен спорттық іс-шараларды қамтыды.

Булат Утемуратов

Қатысушыларға белгілі деректі фильмдер түсіруші журналист Әлия Әшім, әртіс Мұрат Мұтырғанов, биші Рэнди, сондай-ақ UFC жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов өздерінің жетістікке жету тарихы туралы айтып, ойларын бөлісті.

«Jas Leader бағдарламасы 2021 жылдан 2025 жылға дейін бүкіл ел бойынша он мыңдаған мектеп оқушысының сенімділік, коммуникативтік дағдылар, командада жұмыс істеу және өз мойнына жауапкершілік ала білу сияқты қабілеттерін дамытуына көмектесті. Бұл – теория емес, практикалық тренингтер, жобалық жұмыс, тікелей өзара араласу, қарым-қатынас орнату, бұл – бүгінгі күні жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін маңызды қасиеттер. Оқушылар өз ойларын айтуға, жанжалдарды шешуге, белсенді болуға және өздерін ортақ істің бір бөлігі ретінде сезінуге үйренді. Қазір біз бұл бағдарламаны бұдан да көп бала осындай маңызды тәжірибені үйренсін деп мемлекеттік жүйеге тапсырып жатырмыз», – деп атап өтті Болат Өтемұратов қорының директоры Айнұр Кәрібозова.

Дереккөз: Forbes.kz