Billie Jean King Cup командалық әлем чемпионатына іріктеу кезеңі қарсаңында Қазақстанның әйелдер құрамасы қызу дайындықтан өтуде. Ұлттық құрама осы күнде Австралияның Брисбен қаласында, жаттығудың соңғы кезеңін тамамдап қалды.
Австралияға құрамамен бірге Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов та келді. Ол команда дайындығын өзі жіті бақылауға алып, алдағы матчтардың ерекше маңызын айта келе, мұның жай ғана спорттық оқиға емес, ұлттық мақтаныш мәселесі екеніне баса назар аударды.
Ол әйелдер құрамасының жетістігі барша қазақстандық теннис үшін басымдық болып қала беретінін тілге тиек етті. Федерация президенті сондай-ақ жанкүйерлерді команданы қолдауға шақырып, мұндай сәттерде барша елдің бірлігі мен қолдауы ерекше маңызды екенін атап өтті.

«Аталмыш турнирдің стратегиялық мәні зор. Сондықтан жетекші теннисшілеріміз тығыз кестеге қарамастан беделді турнирлерден бас тартып, ұлттық құраманы таңдап отыр. Әрине, бұл олардың жеке рейтингтеріне әсер етеді, бірақ елдің намысын қорғауға басымдық беріп отырғаны қуантпай қоймайды. Қазіргі таңда команда үшін қазақстандық жанкүйерлер мен теннис әуесқойларының қолдауын сезіну өте маңызды. Трансляцияларды қосыңыздар, әлеуметтік желілерде қолдау көрсетіңіздер. Мұның бәрі шынымен шабыттандырады», – деп атап өтті Болат Өтемұратов.
Рыбакина ұлттық құраманың пайдасына таңдау жасады
Қазақстандық теннистің басты жұлдызы Елена Рыбакина – команданың мүддесін жеке мүддесінен жоғары қоятындардың бірі. Ол Штутгарттағы WTA 500 санатындағы турнирге қатысудан бас тартты, онда ол чемпион атағын қорғау керек болатын. Есесіне Елена Billie Jean King Cup турнирі аясында ұлттық құрамада ойнауға басымдық берді. Турнир 15 сәуірде, ал құрама команданың ойындары 10-11 сәуірде басталады. Күрделі логистика мен ұзақ әуе сапарларына байланысты екі жарысқа бірдей қатысу мүмкін емес. Рыбакина Штутгарт турнирінің қазіргі чемпионы ретінде өз атағын қорғай алмайды, бұл оның әлемдік рейтингтегі орнына әсер ететіні сөзсіз. Сондай-ақ айта кету керек, Ига Швентек, Кори Гауфф және басқа да әлемдік теннис жұлдыздары Штутгартта өтетін турнирді таңдады, нәтижесінде әлем чемпионатының командалық іріктеу кезеңінде өз құрамалары үшін ойнамайтын болды.
«Құрамада әлемнің ТОП-5 және ТОП-20 ойыншылары бар екенін ескерсек, саз маусымының басында Қазақстан құрамасының Австралиядағы Billie Jean King Cup кубогына ұшуын ұйымдастыру өте қиын болды. Ойыншылар Австралияға трансфермен 48-68 сағатта ұшып барды. Матчтан кейін олар бірден Штутгартқа ұшып кетуі керек еді – ол тағы 24-36 сағат. Бұл өте ауыр. Уақыт айырмашылығы – Майамимен 15 сағат, одан кейін Германиямен тағы 9 сағат. Бір аптада екі рет климат ауыстыру ағзаға тым артық салмақ түсіреді. Біз салмақты шешім қабылдадық», – деп түсіндірді Болат Өтемұратов.
Айта кету керек, ATP және WTA күнтізбелерінің жүктелуі, сондай-ақ жиі ұшу және қалпына келуге уақыттың жетіспеушілігіне байланысты қолайсыздықтар мәселесін әлемдік теннис жұлдыздары бастарынан бірнеше рет өткерген болатын. Мұның барлығы спортшылардың физикалық және психологиялық денсаулығына кері әсерін тигізетінін ескеру керек.
Құрама қатары және турнир форматы
Еліміздің ең мықты теннисшісінен басқа Қазақстан құрамасы сапында Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Анна Данилина және Жібек Құламбаевалар да өз шеберліктерін көрсетеді. Ұлттық құрама 10 және сәйкесінше 11 сәуірде «D» тобында Австралия және Колумбия құрамаларына қарсы ойнайды.
2025 жылғы BJKC іріктеу турнирі үш командадан тұратын алты топ форматында өтеді. Әр топтың жеңімпаздары қараша айында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін әйелдер теннисінің негізгі командалық турнирі – Billie Jean King Cup-тың ақтық кезеңіне жолдама алады. Бұған дейін қазақстандық команда Billie Jean King Cup кубогының финалдық кезеңіне екі рет – 2022 және 2023 жылдары шыққан болатын.
Сонымен қатар Қазақстанның 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы да үміт арттырып отыр. Қыздар әлем чемпионатының топтық кезеңінде бірінші орынды иеленді және ең мықты командалардың бірі – Австралия құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Жас спортшылар ширек финалға шығып, халықаралық аренада өздерін сенімді түрде көрсете білді, ендігі кезекте ересектер құрамасы осы бағытты жалғастырып, намысты қолдан бермеулері тиіс.
Қазақстан құрамасының Австралия мен Колумбияға қарсы матчтарын 10 және 11 сәуірде Sport + Kazakhstan телеарнасының тікелей эфирінен тамашалуға болады. Астана уақыты бойынша сағат 7:00-де басталады.
Дереккөз: TengriNews.kz