Булат Утемуратов

Қазақстандағы теннис төңкерісі: жүйелі инвестиция салу чемпиондарды қалай тәрбиелеп шығарады?

Соңғы онжылдықта Қазақстан болашағы зор теннис елі мәртебесінен әлемдік аренадағы беделді ойыншы деңгейіне көтерілді. Елена Рыбакинаның Уимблдондағы жарқын жеңісі, Александр Бубликтің тұрақты ілгерілеуі және жоғары деңгейлі жасөспірімдер буынының қалыптасуы кездейсоқ жетістіктер емес. Мұның бәрі ұзақ мерзімді, мұқият жоспарланған стратегиялық жұмыстың нақты жемісі.

Азия теннис федерациясының президенті және Қазақстан теннис федерациясының (KTF) вице-президенті Юрий Полский The Times of Central Asia басылымына берген сұхбатында стратегиялық инвестициялардың, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен қарапайым әрі тиімді тәсілдердің елдің теннис ландшафтын түбегейлі өзгертуде шешуші рөл атқарғанын атап өтті.

TCA: Соңғы жылдары қазақстандық теннисшілер беделді халықаралық турнирлерде айтарлықтай көзге түсуде. Бүгінде Қазақстанның әлемдік теннис картасындағы орны қандай? Елена Рыбакина мен Александр Бубликтің жетістіктері, сондай-ақ жас дарындардың өсіп шығуы жүйелі жұмыстың нәтижесі ме, әлде бұл – сәтті сәйкестік пе?

Юрий Полский: Кез келген спортшының жолында сәттілік маңызды рөл атқарады, бірақ ол тұрақты нәтиже бермейді. Қазақстандық кәсіби спортшылар мен жасөспірімдердің жетістіктері – жүйелі және үйлесімді жұмыстың көрсеткіші. Соңғы он жылда біз әлемнің үздік 30-дығына енген бірнеше ойыншыны көрдік: Шведова, Воскобоева, Кукушкин, Голубев, Королев, Недовесов, сондай-ақ кейінгі жылдары Дияс, Путинцева, Данилина, Бублик және, әрине, Рыбакина. Бұл спортшылар төрт «Үлкен дулыға» жарыстарында чемпион атанып, жеке және жұптық санаттарда бірнеше рет финалдарға шықты, WTA 1000, 500 және ATP/WTA 250 турнирлерінде жеңіске жетті.

Жасөспірімдер арасынан Дастанбек Ташболатов, Әмір Омарханов және Соня Жиенбаева сынды таланттар ITF рейтингінде үздік 5 пен үздік 20 қатарынан көрінді. 14 және 18 жасқа дейінгі ұлттық құрамаларымыз әлемнің үздік төрттігіне еніп, Австралия, Франция, Италия және Аргентина сияқты дәстүрлі теннис державаларын артта қалдыруда. Бұл жетістіктер Қазақстандағы ұлттық жаттықтырушылық жүйенің тиімділігін және Федерацияның алға көздеген ұзақ мерзімді көзқарасын айғақтайды.

2024 жылы Қазақстанның алты жас теннисшісі ITF жасөспірімдер рейтингінің топ-100 тізіміне енсе, олардың үшеуі үздік 50 қатарынан көрінді. Бұдан бөлек, 14 жасқа дейінгі жеті спортшы Еуропаның үздік 100 теннисшісі рейтингінен орын алды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан қазіргі көшбасшы Италиядан да озып отыр. Ең маңыздысы – бұл жоғары жетістікке жеткен 13 жасөспірімнің барлығы Қазақстанда дүниеге келіп, осында тәрбиеленген. Бұл – мемлекеттік қолдау мен жеке бастамалардың үйлесімін қамтамасыз еткен жалпыұлттық құрылымдық даму моделінің нақты жемісі.

TCA: Федерацияның алдағы бес-он жылға арналған стратегиялық болжамы қандай? Инфрақұрылым қаншалықты кеңейіп жатыр және ол шағын қалаларды қамти ма?

Юрий Полский: 2007 жылдан бері Қазақстан теннис федерациясының президенті болып келе жатқан бизнесмен әрі меценат Болат Өтемұратовтың басшылығымен елімізде кең ауқымды инфрақұрылымдық серпіліс жүзеге асты. Бүгінде республика бойынша кемінде алты корты бар 38 ірі теннис орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда барлығы 364 қатты және балшық жамылғылы корт бар. Соңғы 17 жылда осы инфрақұрылымға 150 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салынды. Сонымен қатар, жаттықтырушыларды даярлау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, ерте жастан басталатын даярлық бағдарламаларына ерекше мән берілді. Соңғы бес жыл ішінде ITF сертификатына ие жаттықтырушылар саны екі есеге артып, бүгінде 400-ден асты.

Инфрақұрылымның дамуы жаттығу шығынын айтарлықтай төмендетті: мысалы, 2007 жылы бір сағатқа корт жалдау құны 50 доллар болса, бүгінде бұл көрсеткіш 10 долларға дейін қысқарды. Қазіргі таңда бұл нысандар еліміздің 18 өңірлік орталығының 16-сында және Лисаковск сияқты шағын қалаларда жұмыс істейді. Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе және Өскемен қалаларындағы ірі кешендердің әрқайсысында алты жабық және он ашық корт бар. Бұл нысандардың арқасында әр қалада 1000-нан астам бала жүйелі түрде жаттығуға мүмкіндік алып отыр.

Дегенмен, қазіргі таңда теннис инфрақұрылымына деген сұраныс ұсыныстан асып түсуде. Астана мен Алматы қалаларындағы орталықтарда әрқайсысында 500-600 баладан тұратын кезек тізімі қалыптасқан. Осыны ескере отырып, Алматыда 14 корттық жаңа кешеннің және Астанада тағы бір заманауи спорт ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, Қазақстан теннис федерациясы Білім министрлігімен бірлесе отырып, теннисті мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелеріне енгізу, шалғай аймақтардан шыққан балаларға да тең мүмкіндік беру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Lexus секілді халықаралық серіктестер Қазақстанда теннистің дамуына елеулі үлес қосуда: олар жаттығу жабдықтарын қаржыландырып, жаттықтырушыларды даярлау мен сертификаттау бағдарламаларына қолдау көрсетуде. Мұндай ынтымақтастықтар теннис өсімінің инклюзивті әрі тұрақты болуына жол ашып отыр.

TCA: Қазақстан коучинг жүйесі жаңа жұлдыздарды тәрбиелеуге қаншалықты дайын? Шетелдік мамандарға деген қажеттілік әлі де сақталып отыр ма?

Юрий Полский: Біздің негізгі стратегиялық бағытымыз – жергілікті спортшылар мен жаттықтырушылардың әлеуетін көтеру. Бұл екі фактор өзара тығыз байланысты: тәжірибелі жаттықтырушылар болашақ чемпиондарды тәрбиелесе, жоғары деңгейдегі спортшылармен жұмыс жасау — жаттықтырушылардың кәсіби шеберлігін одан әрі шыңдайды.

Мұның жарқын мысалы ретінде Ақтөбеден шыққан жас спортшы Ева Корышева мен оның жаттықтырушысы Павел Цойды келтіруге болады. Өткен жылы Ева 14 жасқа дейінгі Азияның үздік ойыншысы атанып, Австралияда өткен AO Elite Trophy турнирінде ел намысын абыроймен қорғады

Осы сапар барысында Павел Цой «Үлкен дулыға» деңгейіндегі турнирдің атмосферасын сезініп, мол тәжірибе жинақтады. Бұл оның әрі қарайғы бапкерлік қызметінде аса құнды капитал болмақ.

Біз ойыншы мен оның алғашқы жаттықтырушысының арасындағы байланысты сақтауға ерекше мән береміз. Бұл қағиданы қолдау мақсатында түрлі семинарлар мен білім беру бастамалары ұйымдастырылады. Ал шетелдік мамандарды тартқан жағдайда, олар міндетті түрде жергілікті жаттықтырушылармен бірлесіп жұмыс істейді. Дастанбек Ташболатов, Аяп Сағадат және Жансұлтан Чемботаев сияқты бұрынғы кәсіби ойыншылар  бүгінде Қазақстан құрамасының құрамында еңбек етіп, халықаралық тәлімгерлік тәжірибе арқылы жас буынды тәрбиелеуге өз үлестерін қосып жүр.

TCA: Қазіргі уақытта Қазақстанда қанша бала теннис ойнайды? Өңірлердегі жас таланттарға қандай қолдау көрсетілуде?

ЮрийПолский: Бүгінде Қазақстанда 30 мыңнан астам бала теннис ойнайды. Олардың ішінде шамамен 3 500 бала тегін жаттығу мүмкіндігіне ие болып, турнирлерге тегін қатысады. Көптеген аймақтық командалар жаттығудан тыс уақытта корттарды тегін немесе жеңілдетілген тарифпен пайдаланады.

14 жасқа дейінгі үздік 150 ойыншы Ұлттық даму бағдарламасына тіркелген. Бұдан бөлек, жасы үлкен 32 теннисші Team Kazakhstan стипендиялық бағдарламасы аясында толық немесе ішінара қаржылық қолдауға ие. Іріктеу үдерісі ұлттық турнир нәтижелері мен сарапшылардың кешенді бағалауларына негізделеді.

Дарынды балаларды анықтау үшін біз командалық жарыстарға баса назар аударамыз. 12 және 14 жасқа дейінгі Қазақстан кубогы сынды жарыстар жаттықтырушылардың жұмысын жандандырып, жас спортшыларды ынталандырып қана қоймай, ерекше қабілетті ойыншыларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Федерация бұл бағыттағы тәжірибесін Канада мен Италияда қол жеткізген табыстан шабыт алып, аймақтық орталықтарда дарынды анықтау жүйесін енгізді. Сондай-ақ, ұлттық және халықаралық турнирлерді өткізуге үздіксіз инвестиция салуды жалғастыруда. Отбасылар логистикадан бастап, эмоционалдық қолдауға дейін баланың ұзақ мерзімді табысына әсер ететін негізгі тірек ретінде маңызды серіктестерге айналып отыр.

TCA: Қазақстан ұлттық құрамалары үшін Дэвис кубогы мен Билли Жан Кинг кубогы сияқты халықаралық турнирлерде қандай мақсаттар қойылған? Ал Рыбакина мен Бублик сияқты жұлдыздардың бұл жолдағы рөлі қандай?

Юрий Полский: Ерлер құрамасының негізгі мақсаты — Дэвис кубогының әлемдік тобына қайта оралу болса, әйелдер құрамасы Билли Жан Кинг кубогында жеңіске жетуді көздеп отыр. Біз бұл екі мақсаттың да қолжетімді екеніне сенімдіміз және оларды жүзеге асыру үшін нақты жоспарлы жұмыс жүргізілуде.

Мұндай биік жетістіктер жас ұрпақ үшін қуатты мотивация көзіне айналады. Жас ойыншылар бүгінде Рыбакина, Бублик, Путинцева және Жұқаев сынды танымал теннисшілерге ұқсағысы келеді. Біз олардың бұл шабытын қолдап, жүйелі түрде шеберлік сабақтарын өткіземіз. Бұл сабақтар балаларға танымал жұлдыздармен жеке жүздесіп, бірге жаттығып, олардың тәжірибесінен үйренуге мүмкіндік береді. Мұндай сәттер жас спортшылардың сенімін нығайтып, ынтасын еселей түседі.

TCA: Қазақстанның алдағы уақытта «Үлкен дулыға» турнирлерінде немесе командалық әлем чемпионаттарында жеңіске жету мүмкіндігі бар ма?

Юрий Полский: Әрине, бар. Бұған дейін Елена Рыбакина Уимблдонның жеңімпазы атанды, ал Ярослава Шведова екі мәрте «Үлкен дулыға» турнирінің жұптық санатында чемпион болды. Анна Данилина аралас жұпта жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар, Рыбакина Токио Олимпиадасында төртінші орын алып, медальдан сәл ғана шет қалды.

Ұлттық құрамаларымыз Италия, Германия, Жапония, Аргентина, Швейцария және Австралия сынды әлемдік деңгейдегі қарсыластарды жеңіп келеді. Қажетті қолдау мен үздіксіз тәжірибе жинақтау арқылы бұл жеңістердің титулдарға ұласатынына сенімдіміз.

TCA: Федерацияның қаржылық жағдайы қаншалықты тұрақты? Негізгі қолдаушылар кімдер?

Юрий Полский: Қаржылық тұрақтылық — Қазақстан теннис федерациясының басты артықшылықтарының бірі. Федерация президенті Болат Өтемұратов жеке инвестициялар мен ұзақ мерзімді серіктестік арқылы ҚТФ-ны белсенді түрде қолдап келеді. Осы қолдаудың арқасында біз мемлекеттік қаржыландыруға тәуелсізбіз, бұл өз кезегінде экономикалық немесе саяси өзгерістерге қарамастан ұзақ мерзімді жоспарларымызды тұрақты түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда ATP 250 деңгейіндегі халықаралық турнир өткізуге лицензия алу отандық теннис үшін айрықша жетістік болды. Бұл жыл сайын өтетін турнир әлем назарын аудара отырып, жаңа серіктестер мен демеушілерді тартуға жол ашады. Мәселен, Lexus «Теннис үшін өмір» бастамасына қолдау көрсетсе, KPMG мүгедектер арбасындағы тенниске демеушілік жасайды. Сонымен қатар, көптеген компаниялар жасөспірімдер арасындағы турнирлер мен өңірлік ойыншыларға демеушілік жасап, оларды қолдауға қызығушылық танытуда.

TCA: Бүгінде қазақстандық теннис қандай негізгі қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр? Алдағы бес жылға қандай стратегиялық міндеттер қойылған?

Юрий Полский: Алдағы кезеңдегі басты басымдықтарымыздың қатарында – Олимпиада және Паралимпиада ойындарына мүмкіндігінше көп жолдама иелену, «Үлкен дулыға» турнирлері мен басқа да халықаралық жарыстарда жүлдегер атану, сондай-ақ Дэвис кубогы мен Билли Жан Кинг кубогында тарихи жеңістерге қол жеткізу бар.

Бұл мақсаттарға жету үшін жүйелі жұмыс пен бірлік қажет. Осы себепті біз адами капиталды дамытуға, институционалдық білім мен тәжірибені сақтауға, буындар арасындағы сабақтастықты нығайтуға және қолдаушы инфрақұрылымды жетілдіруге елеулі инвестиция салып отырмыз. Бұл – ұзақ мерзімді табыстың берік іргетасы.

TCA: Тенниспен айналыса бастаған жас спортшыларға қандай кеңес берер едіңіз?

Юрий Полский: Теннис – өмірдің айнасы. Кортта әрбір сәт – шешім қабылдау, сол шешімнің салдарын сезіну және жеңілістен сабақ алу процесі. Ешбір матч соңғы ұпай соғылғанша аяқталмайды. Бұл әрдайым қайта оралуға мүмкіндік бар дегенді білдіреді. Теннис тек чемпиондарды ғана емес, өмірдің түрлі жағдайларына бейімделе алатын, табанды, төзімді тұлғаларды қалыптастырады. Әрбір жеңіліс – сабақ, әрбір сәтсіздік — даму жолындағы жаңа қадам. Ойын – өзін-өзі жетілдірудің ұзақ, бірақ өте құнды өмірлік сапары.

Дереккөз: The Times of Central Asia