Болат Өтемұратов туралы

Ол – «Верный капитал» инвестициялық тобының басқаруындағы жобалардың негізгі инвесторы және ол атаулы қайырымдылық қорының (Bulat Utemuratov Foundation) қызметіне жетекшілік етеді. Ол сондай-ақ Қазақстан теннис федерациясының президенті және Халықаралық теннис федерациясының (International Tennis Federation) вице-президенті болып табылады.
Мансабының бастауы
Алматы халық шаруашылығы институты (бүгінде бұл — Narxoz University) экономика факультетінің түлегі Болат Өтемұратов өзінің еңбек жолын Қазақстан басшылығы тәуелсіздік алғаннан кейін: тұрақты валютаның, тиісті банк жүйесінің болмауынан бастап өнеркәсіптің құлдырауына, сондай-ақ заңнамалық және жаңа кадрлық базаның болмауына дейінгі түрлі қиын жағдайларға тап болып, күрделі ахуалмен бетпе-бет келген кезде бастады. Сол кезде ол өзінің мансаптық жолында тез алға жылжып, кәсіби қызметін өзі тамамдаған жоғары оқу орнында оқытушы болып бастады, содан кейін Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігінің бөлім бастығы болды. Үкіметтің Австрияда Қазақстанның Сауда үйін ашу туралы шешімі оның мансабындағы бетбұрыс сәт болды.
Еуропадағы басшылық қызмет
Сауда үйінің басшысы ретінде Болат Өтемұратов 34 жасында өз еліне көмегін тигізуге және сонымен бірге Еуропада Австрия мен Қазақстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуына ықпал еткен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға бірегей мүмкіндік алды. Австриядағы жұмысын табысты аяқтағаннан кейін 1996 жылы Өтемұратов мырза енді Швейцарияға Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі және Швейцариядағы Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі ретінде жаңа тағайындау алды.
Өтемұратов мырза Қазақстан Республикасы Президентінің Қырғызстандағы арнайы уәкілі болып жұмыс істеді.
Бизнестегі мансабының басталуы
1995 жылы Болат Өтемұратов серіктестерімен бірлесіп Алматы сауда-қаржы банкін (АТФ Банк) құрды, ал 2007 жылға қарай оның жалғыз бақылаушы акционері болды. Осы уақыт ішінде АТФ Банк шағын қаржы мекемесінен банк нарығы көшбасшыларының біріне айналды. 2007 жылы Болат Өтемұратов миноритарлық акционерлермен бірлесіп АТФ банкін UniCredit итальяндық тобына рекордтық 2,2 миллиард долларға сатты. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл мәміле 2007 жылдың қорытындысына орай ТМД банк секторындағы ең ірі мәміле болды.
Кәсіпкер сатудан түскен қаражатты «Верный капитал» инвестициялық компаниясының басқаруындағы жобалардың негізгі инвесторы бола отырып, өзінің активтер портфелін дамытуға жұмсады. Бүгінгі таңда «Верный капитал» Қазақстандағы тікелей инвестицияларға маманданған аса ірі топтардың бірі болып табылады. Топтың жобалар портфелі жылжымайтын мүлік, қонақ үй бизнесі, телекоммуникация және қаржы саласында жұмыс істейтін активтерді қамтиды.
«Верный капитал» Қазақстандағы жетекші топ болғандықтан, оның халықаралық серіктестермен бірлесіп іске асыратын барлық жобалары ашықтығымен және корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарымен ерекшеленеді.
Меценаттық
Өзіне сенімді меценат Өтемұратов мырза көмек көрсетудің және жүйелі шешімдерді іске асырудың озық халықаралық тәжірибесін мұқият зерделеді. 2014 жылы ол Болат Өтемұратов қорын құрып, Қордың денсаулық сақтау, білім беру, табиғи апаттардың салдарларын жою, экология, спорт, мәдениет және қала құрылысы салаларында көмек көрсету қызметіне жеке өзі қатысады.
Қор іске асырған жобалардың жалпы құны 240 млн АҚШ долларынан асады.
Денсаулық сақтау
Қордың алғашқы ірі жобасы Қазақстанның ірі қалаларында аутизм спектрі бұзылған балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар кәсіби көмек пен қолдау ала алатын аутизм орталықтарын құру болды.
Қор «Аутизм. Баршамызға бір әлем» жобасын жүзеге асыруға 16 млн АҚШ долларынан астам қаражат бөлді. Он жыл АСБ бар 20 000-нан астам бала 13 «Асыл Мирас» аутизм орталығының қолдауын көрді.
Табиғи апаттардың салдарларын жою
Жергілікті деңгейде шұғыл көмек көрсетумен қатар, 2023 жылы Қор Түркияға жер сілкінісінің жойқын зардаптарын жеңуге көмектесу үшін 5 миллион доллар бөлді. 2023 жылдың қазан айында Костенко атындағы шахтада жарылыстан қаза тапқан кеншілер отбасыларына 1 миллион доллар бөлді.
2024 жылы Қор Қазақстандағы алапат су тасқынының салдарын жоюға 26 миллион доллардан астам қаражат бөлді. Бұл қаражат зардап шеккендерге алғашқы қажетті көмек көрсетуге және Ақтөбе мен Ақмола облыстарында 500 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталды.
Қаланы дамыту және басқару
Қор сонымен қатар қаланы дамытуды қолдауға белсенді қатысады. 2020 жылы Алматыдағы Басты ботаникалық бақ – қаланың аса маңызды қоғамдық кеңістігін ауқымды түрде қайта құру жұмыстары аяқталды. Бұл жобаның құны 15 миллион АҚШ долларынан асты.
2022 жылы Қор еліміздің әртүрлі өңірлерінде 100 миллион АҚШ долларынан асатын сомаға мемлекетке өтеусіз бере отырып, бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым жобаларына бастамашылық жасады. 2023 жылдың қыркүйегінде Қосшы қаласында Қор қаражатына салынған жаңа мектеп ашылды. Ол «жайлы мектеп» ұлттық стандартының талаптарына сәйкес келетін алғашқы мектеп болды.
2024 жылдың қыркүйегінде Алматы облысында әрқайсысы 900 оқушыға арналған тағы сондай екі мектеп ашылды. 2024 жылы қараша айында алаңы 7,5 мың шаршы метрді құрайтын Қызылорда әуежайының жаңа жолаушылар терминалы іске қосылды. Бұл әуежайдың өткізу қабілетін 7 есеге – жылына 2 миллион жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
2025 жылдың наурыз айында Қосшыда ауданы 8,5 мың шаршы метр, 1000-нан астам адам сыятын жаңа қоғамдық-мәдени орталық ашылды. Орталық спорттық, білім беру және демалыс кеңістігінен тұрады. Сонымен қатар, 2026 жылы Жезқазған қаласына жалпы ауданы 2 600 шаршы метрді құрайтын заманауи «Шабыт» балалар мен жасөспірімдерді дамыту орталығы берілді.
Білім беру
2007 жылдан бастап Өтемұратов мырза өзі білім алған қарашаңырағы, Нархоз Университетін дамыту мен реформалауға қаржы бөледі. 2022 жылы университеттің жаңа кампусы ашылды. Жалпы ауданы 30 000 шаршы метрді құрайтын бас оқу ғимаратын қайта құру рекордтық 11 айда аяқталды. Кампус салу барысында заманауи экологиялық таза технологиялар, материалдар мен жабдықтар қолданылды. Университеттің бүкіл периметрі бойынша 30 000-нан астам ағаш және басқа да өсімдіктер отырғызылды. 2024 жылы Нархоз Университеті Emen жатақханасын пайдалануға беру есебінен өз инфрақұрылымын 424 орынға кеңейтті. Сонымен қатар, 2025 жылы ауқымды қайта құрудан кейін тыңдаушыларға Қазақстандағы бизнес-білім берудің әлемдік стандарттарын ұсынатын Narxoz бизнес-мектебінің ашылу салтанаты өтті.
Өтемұратов мырза сонымен бірге Қазақстандағы Haileybury мектептерінің негізін қалаушылардың бірі болып табылады. Мектептер тәуелсіз Британдық мектеп білімі дәстүрінде кең бейінде гуманитарлық білім береді. 2025 жылдың қазан айында Haileybury Astana мектебінде білім беру инфрақұрылымын дамыту, оқыту сапасын арттыру және жасанды интеллект, инженерия мен робот техникасы салаларында әлемдік деңгейдегі кадрларды даярлау жөніндегі жүйелі жұмыс шеңберінде ғылымды, технологияны, инженерияны және математиканы (STEM) пәнаралық форматта біріктіретін заманауи SciTech Hub — жаңа буындағы білім беру орталығы ашылды. Жобаның құны 3,4 млрд теңгені құрады. Университет те, мектептер де коммерциялық емес мекемелер болып табылады және олардың қызметінен түскен табыс жас таланттарды тәрбиелеуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және білім беру процесін жақсартуға бағытталады.
Спорт
Болат Өтемұратовтың өмірінде теннис ерекше орын алады. Ол 2007 жылдан бастап Қазақстан теннис федерациясын басқарады, Халықаралық теннис федерациясының (ITF) Директорлар кеңесінің мүшесі және вице-президенті болып табылады. 2017 жылы Өтемұратов мырзаның теннисті дамытуға жұмсаған күш-жігерін бағалап, Халықаралық теннис федерациясы мен Азия теннис федерациясы «Қазақстанда теннисті дамытудағы үздік жетістіктері үшін» сыйлығымен марапаттады.
Өтемұратов мырзаның негізгі басымдықтарының бірі — Қазақстанда спортты танымал ету. Бүгінгі таңда ол спортты дамытуға 200 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салды, қаражат балалар үшін теннисті оқыту бағдарламаларын іске қосуға, Team Kazakhstan академиясын ашуға және ұлттық құрамаларды қалыптастыруға бағытталды. Федерацияның теннис орталықтары Қазақстанның барлық ірі қалаларында жұмыс істейді.
Нәтижесінде, теннис сабақтары бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қолжетімді болды: қазір бір айлық сабақтардың құны қарапайым қазақстандықтар үшін жиырма жыл бұрынғы бір сағаттық сабақтардың құнымен тең. Оның үстіне Федерацияның теннис орталықтарынан түсетін барлық кірістер олардың дамуына қайта инвестицияланады. Бұл күш-жігер өте нәтижелі болып шықты, өйткені қазіргі уақытта теннистен Қазақстанның ерлер құрамалары да, әйелдер құрамалары да әлемдегі ең үздік құрамалардың қатарына кіреді, ал спорттың бұл түрі елімізде бұрын-соңды болмаған деңгейде танымал.
2020 жылдан бастап Астана ATP 250 сериясының жыл сайынғы турнирлерін өткізеді. 2022 жылы турнир деңгейі бір рет ATP 500 деңгейіне көтерілді. 2024 жылы Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы ATP 250 сериясы теннис турнирін Астанадан Алматыға ауыстыру шешімін бекітті.
ATP 250 Almaty Open турнирі корттардың сапасы, киім ауыстыратын бөлмелердің қолайлылығы, көрермендердің қолдауы, жайлы ахуал және т. б. секілді 30-дан астам көрсеткіштер бойынша 2024 жылғы 3 үздік турнирдің біріне айналып, ойыншылардың аса жоғары бағасына ие болды.
Өнер
Болат Өтемұратовтың қамқорлығымен Forte Вank Kulanshi Art Space көрме кеңістігінде «Құланшы» заманауи өнер орталығының тұрақты көрмелері өтеді. Болат Өтемұратов қорының қолдауымен 2024 жылы Париждегі Гиме ұлттық Азия өнері мұражайында «Қазақстан: Ұлы дала қазынасы» көрмесі өтті. Қор сонымен қатар Олжас Сүлейменовтің әдеби мұрасын, сондай-ақ Батырхан Шүкеновтің музыкалық мұрасын сақтау жөніндегі жобаларға қолдау көрсетті. Атап айтқанда, Қордың қолдауымен Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына орай «АЗ и Я», «Посол своей Земли», сондай-ақ «Книга поэм» шығармалары қайта басылды. Қордың таяуда іске қосылған жобаларының бірі – «Шәмші 100», оның мақсаты қазақ әнінің королі және Мемлекеттік әнұранның авторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын шетелдік аудиторияға танытып, дәріптеу және оның есімін мәңгілікке қалдыру болып табылады. Жоба қазақ композиторы шығармаларының цифрлық мұрағатын жасау, сондай-ақ оның 20 шығармасын «Махаббат туралы мәңгілік әндер» халықаралық жинағын шығара отырып, ағылшын және испан тілдеріне бейімдеуді көздейді


