Булат Утемуратов

Қазақстан теннис федерациясының басшысы Болат Өтемұратов: ATP 250-дегі жеңістен болашақ табыстарға дейін

ЛОРЕНЦО ЧИОТТИ

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Tennis World USA-ға берген сұхбатында елдегі теннистің дамуы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол тенниспен айналысатындар санының айтарлықтай өскенін, жаңа инфрақұрылымның құрылғанын және өткізілетін турнирлер санының артқанын атап өтті. Бұл жетістіктер жылдар бойы мақсатты түрде әрі тұрақты инвестиция салудың арқасында мүмкін болды.

Өтемұратов теннистің қазіргі жағдайы және Елена Рыбакинаның маусымы туралы өз ойын бөлісті. Ол Уимблдонның бұрынғы чемпионының психологиялық тұрғыдан керемет төзімді екенін атап өтіп, оның 2025 жылы толық оңалып, сақадай-сай болып оралатынына сенім білдірді.

Президент мырза, Қазақстан теннис федерациясының 2024 жылы атқарған жұмысын қалай бағалайсыз?

Биылғы жыл федерация үшін мейлінше маңызды әрі табысты болды. Біз ATP 250 турнирін алғаш рет Астанада емес, Алматыда өткіздік, бұл турнирді дамыту үшін де, сондай-ақ Қазақстанда теннисті дамыту үшін де шын мәнінде маңызды болды.

Алматы — еліміздегі жанкүйерлері көп әрі көптеген турнирлер мен теннис орталықтары шоғырланған теннистің отаны және астанасы, сондықтан бізге жергілікті теннис әуесқойларымен өзара іс-қимылды жолға қою өте маңызды болды. Турнир аумағында теннис фестивалі және балаларға арналған түрлі белсенді іс-шаралар ұйымдастырылды, онда әркім өзінің көңіліне жақын, ұнайтын ісін тапты.

50 мыңнан астам адам қатысқан іс-шара Қазақстандағы теннистің әлемдік деңгейде екенін тағы да растауға мүмкіндік берді және турнирді ұйымдастыру мен оның өтетін орнын дайындау бойынша біздің атқарған ауқымды жұмысымыз өз жемісін берді. Ең бастысы, біз әлемдегі ең үздік 30 ойыншының алтауын, соның ішінде Фрэнсис Тиафо (16 ATP), Алехандро Табило (22 ATP), Карен Хачановты (23 ATP)  тарта алдық. Хачанов, сайып келгенде, турнирде жеңіске жетті.

Егер қазақстандық ойыншылардың жетістіктері туралы айтатын болсақ, жыл бойы олар жақсы ойын деңгейін көрсетті. Елена Рыбакина Брисбенде, Абу-Дабиде және Штутгартта WTA 500-де жеңіске жетті. Юлия Путинцева Бирмингемдегі WTA 250 турнирінде жекелей сында өзінің алғашқы жеңісіне жетті. Еліміздің ең үздік «жұптасып ойнау шебері» Данилина Баридегі WTA 125, Гвадалахарадағы WTA 500 және Уханьдағы WTA 1000 турнирлерінде жеңіске жетті. Зарина Дияс Түркияда өткен ITF 50 турнирінде жеңіске жетті. Жібек Құламбаева жұптасып Польшада, Аргентинада және Таиландта өткен ITF 50 турнирлерінде, Бразилияда өткен ITF 75 турнирлерінде жеңіске жетті. Александр Бублик маусым барысында ATP рейтингінде жеке разрядта 21-ші орынға ие болды, бұл – оның мансап сатысындағы ең жоғары көрсеткіші.

Жасөспірімдердің жетістіктерін бөлек атап өткім келеді. Біздің жастар теннисі -Азияда бұрыннан танылған күш. 2024 жылы Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай, Данила Рахматуллаев, Саня Жиенбаева, Асылжан Арыстанбекова, Ева Корышева, София Исакова, Полина Слепцова және басқалар өздерін өте жақсы көрсете білді. Олар жасөспірімдер арасында Australian Open, Rolland Garros, Wimbledon және US Open жарыстарында сәтті өнер көрсетіп, ересектер арасындағы жарыстарда да жеңіске жете бастады.

Қазақстанның әйелдер құрамасы – Ева Корышева, Альбина Кәкенова, Ярослав Шведова (жасөспірімдер командасының капитаны), Ариана Гогулина

Биылғы жылы қандай жобалар ең керемет нәтижелерге қол жеткізді?

Қазақстандық теннис мектебінің жас тәрбиеленушілері қазірдің өзінде халықаралық деңгейде танылған күшке айналды. Бұл орайда Қазақстан құрамасының 14 жасқа дейінгі нәтижелерін атап өткен жөн. Мәселен, Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниел Тазабеков 2022 жылы Қазақстан құрамасын 14 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатына шығарды – бұл қазақстандық теннис тарихында тұңғыш рет орын алған оқиға.

Сол әлем чемпионатында біздің жасөспірімдер құрамасы қазіргі әлем чемпиондары итальяндықтарды жеңіп сенсация жасап төртінші орынға ие болды, бірақ АҚШ пен Германия құрамасынан жеңіліп қалды. 2023 жылы құрамында Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы және Дамир Жалғасбай болған 16 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы да қазақстандық теннис тарихында тұңғыш рет қорытынды әлем чемпионатына шығып, 5 дүркін әлем чемпионы – Австралия командасын жеңіп, әлемнің үздік 10 командасының қатарына енді.

Сондай-ақ, 2023 жылы құрамында Полина Слепцова, Іңкәр Дүйсебай және Анастасия Крымкова бар 16 жасқа дейінгі қыздар құрамасы Австралия құрамасын жеңіп, алғаш рет өз санатында әлем чемпионатына шығып, әлемнің үздік 10 командасының қатарына енді.

2024 жылы қазақстандық жасөспірімдер Әмір Омарханов, Даниал Рахматуллаев, Соня Жиенбаева және Асылжан Арыстанбекова «Үлкен Дулыға» сериясының барлық жасөспірімдер турнирлерінде ойнады. Жақында ғана Анталья қаласында жасөспірімдер арасында Junioirs Davis Cup 2024 әлем чемпионатының финалдық кезеңі өтті. Қазақстандықтар Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниэль Тазабеков бесінші орынды иеленді. Топтық кезеңде және бесінші орын үшін кездесуде қазақстандықтар Франция құрамасы Junior Davis кубогының төрт дүркін жеңімпаздарын екі рет жеңді.

Қазақстан теннис федерациясы алдағы екі жылда – 2025-2026 жылдары қандай мақсаттарға қол жеткізгісі келеді?

Біз Қазақстанда ATP сериясының одан әрі қарайғы турнирлерін де өткізуге мейлінше оптимистік түрғыда қараймыз. Астана мен Алматыда өткізілген ATP 250 төрт турнирінен, сондай-ақ 2022 жылы Новак Джокович, Карлос Алькарас, Даниил Медведев және Стефанос Циципас сияқты әлемнің жетекші ойыншыларының қатысуымен өткен ATP 500 турнирінен кейін біз Қазақстанда ATP 500 турнирлерін тұрақты негізде қабылдауға дайын екенімізге сенімдіміз.

АТР өкілдері мен ойыншылардың өздері де біздің турниріміздің ұйымдастырылу деңгейінің жоғары екенін атап өтуде: мысалы, биыл Almaty Open 30-дан астам көрсеткіш бойынша биылғы үздік 3 турнирдің біріне айналып, ойыншылардың жоғары бағасын алды, олардың арасында корттардың сапасы, киім ауыстыратын бөлмелердің жайлылығы, көрермендердің қолдауы, атмосфера және т. б.бар.

Біз турнир мәртебесін көтерудің екі әдісін қарастырамыз. Біріншісі – ATP 500 турниріне жаңа лицензия алу; екіншісі – біздің қазіргі ATР 250 лицензиямызды тағы бір осындай лицензия сатып алу арқылы жаңарту.  Біз бұл опцияны ATP-мен талқыладық және 2023 жылы лицензиямызды жаңарту тендеріне қатыстық.

ATP ақпан және сәуір айларында нұсқаларды қарастыруға дайын болды, бірақ ақпан айында ауа райына байланысты Қазақстанда көшеде турнирлер өткізу мүмкін болмады, ал сәуір айында турнирлер күнтізбесінің ерекшелігіне байланысты ойыншыларға Еуропадан Азияға бару және Еуропаға қайта оралу қиынға соғады, сондықтан басқа елдерден келген басқа өтінімдерге артықшылық берілді. Дегенмен, біздің өтінішіміз өте мықты болды және біз болашақта ATP-500 лицензиясына негізгі үміткерлердің бірі ретінде өзімізді жайғастыра алдық. Басқа мақсаттардың ішінен тағы да үшеуін бөліп көрсетемін: Қазақстандық жасөспірімдер «Үлкен Дулыға» турнирлерінде 8 адам (4 бозбала мен 4 қыздан), «Үлкен Дулыға» ересектер турнирлерінде кемінде 13 қазақстандық (5 әйел және 8 ер адам) ойнауы тиіс, сондай-ақ Қазақстанда қосымша тағы 3 теннис орталығын салу қажет.

Қазақстан ерлер құрамасы – Сергей Квак (Қазақстан жасөспірімдер құрамасының капитаны), Даниэль Тазабеков, Дамир Жалғасбай, Заңғар Нұрланұлы

Елена Рыбкина туралы айтсақ. Ол Стефано Вуковпен кетісуден бөлек, маусым бойы физикалық тұрғыдан көптеген қиындықтарға тап болды. Тұтастай алғанда, мен оның маусымын өте жағымды деп санаймын: Президент мырза, сіздің теннисшінің жай-күйін түсіну үшін онымен сөйлесуге мүмкіндігіңіз болды ма?

Елена Brisbane International, Abu Dhabi Open және Stuttgart Open жарыстарында жеңіске жетіп, сондай-ақ Miami Open мен Qatar open-де финалына шығу арқылы жылды жақсы бастады. Ол сондай-ақ Roland Garros және Wimbledon-да керемет нәтиже көрсетті, бірақ өкінішке қарай, ауру мен жарақат оның маусымын тоқтатты.

Мен Еленамен бірнеше рет сөйлестім, ол өзінің оралатынына сенімді, тіпті бұрынғыдан да батыл. Ол – мен кездестірген ең еңбекқор теннисшілердің бірі, әбден бабына келіп, оралуға және ең жоғары деңгейде бәсекеге түсуге ұмьылуда.

Жалпы, маусымның соңы мен алдағы 2025 жылдың теннис маусымын ескере отырып, тағы не ұсынар едіңіз?

Өздеріңіз білетіндей, Елена жаңа жаттықтырушымен жұмыс істей бастады. Менің ойымша, бұл, әсіресе Горан Иванишевичтің теннис әлеміндегі орасан зор тәжірибесі мен ерекше беделін ескере отырып оның дамуына жаңа серпін береді. Горан дегенде, ойыншының жарқын мансабы мен Новак Джоковичті қоса алғанда, ең мықты ойыншылармен жаттықтырушылық тәжірибесі еске түседі. 

Мен Еленаға қалпына келу және кортқа оралу үшін барынша жинақталуына назар аударуды ұсынар едім, ол онсыз да солай істеп жатыр. Оның басынан қиын кезең өтті, бірақ ең жаманы артта қалды деп үміттенемін, Елена – моральдық жағынан өте мықты адам. Барлығы қалпына келетініне сенімдімін және мен Еленаның 2025 жылы жаңа жетістіктерге қол жеткізетініне өте оптимистік көзқараспен қараймын.

Сандар туралы сөйлесейік: Қазақстан теннис федерациясының жұмысы керемет нәтиже берді, бірақ сізді қай сандар көбірек қанағаттандырады?

Мен федерацияның өткен 17 жылдағы жұмысына оң баға беремін.  Осы кезеңде Қазақстанда теннисті дамытуға более 150 млн астам қаржы жұмсалды. Бұл – төмен деңгейдегі теннистің дамуына көмектесті, мұның өзі дамып келе жатқан теннис экожүйесін құрудың маңызды бөлігі болып табылады. Ал сандардың өздері-ақ айтып тұр:

– 17 жыл ішінде Қазақстан бойынша 364 қатты және топырақ корты бар 38 теннис орталығы салынды;

– Кортты жалға алудың орташа құны 2007 жылғы сағатына 50 доллардан 10 долларға дейін қысқарды;

– Жас кезінен бастап балалармен жұмыс істеуге 300 жаттықтырушы мен 500 нұсқаушы оқытылды

– Жылына 200-ден астам турнир өткізіледі

— Мұның бәрі нақты, нақты нәтижелерге әкелді: Қазақстанда теннис ойнайтын балалардың саны 2007 жылғы 900-ден қазіргі 30 000-ға дейін өсті, ал  ең дарынды 3500 ойыншы федерациядан турнирлерге қатысу үшін тегін оқу, жабдықтар мен қолдау алады.

Болат Өтемұратов ATP атқарушы вице-президенті Элисон Лимен бірге

Теннисті алғаш бастаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Менің балалық шағымда Қазақстанда теннис танымал спорт түрі болған жоқ, өйткені елде корттар мен жаттықтырушылар өте аз болды. Мен бокс, футбол және үстел теннисімен айналыстым, тек ересек кезімде тенниске бой ұрдым. Енді бізде қажетті инфрақұрылым мен қолдау бар, теннис бұрынғыдан да қолжетімді болды және мен барлық жастарды өздерін сынап көруге шақырғым келеді.

Әрине, үлкен нәтижеге жету үшін тенниске толық берілу керек, есесіне бұл спорт түрі көп нәрсе бере алады.  Теннис балаларға жылдамдықты, күш пен төзімділікті арттыруға көмектесетін зор физикалық артықшылықтар береді. Бұл – керемет интеллектуалды спорт түрі, өйткені ол жинақталуды, тактиканы және әмбебаптықты қажет етеді, кейбіреулер оны шахматтың спорттық нұсқасымен салыстырады, бұл балаларға өте қажет және пайдалы өмірлік дағдыларды береді.

Қазірдің өзінде бізде жасөспірімдер теннисінде жетістікке жеткен көптеген талантты әрі еңбекқор жас ойыншылар бар, бұлар оған ауыр жұмыстың нәтижесінде қол жеткізгенін көрсетеді. Мысалы, Қазақстанда өз санаттарында Еуропа мен Азияда үздік болып табылатын бірнеше жігіттер мен қыздар бар. Олардың ішінде Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы және Соня Жиенбаеваны атап өтуге болады. Әмір Омарханов Қазақстан теннисі тарихында алғаш рет 2023 жылы 18 жасқа дейінгі Азия чемпионатын жеңіп алды. 2023 жылы Junior Davis Cup финалында ол өзінің бірде-бір матчында жеңілген жоқ, сонымен қатар үздік 10 ойыншының бірі итальяндық Федерико Синаны жеңді.

2024 жылы Әмір Австралия чемпионатында «Үлкен Дулыға» жасөспірімдер турнирінде 1/4 финалға және жұп разрядта «Ролан Гаррос» жасөспірімдер арасындағы жартылай финалға шықты, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі ойыншылар үшін әлемдік рейтингтің 12-ші қатарына жетті, оған дейін бұл бірде-бір қазақстандықтың қолынан келмеген еді. Қазіргі уақытта Әмір әлемнің жасөспірімдер арасындағы 15-ші ракеткасы болып табылады. ITF жасөспірімдер рейтингінің 76-шы ракеткасы болып табылатын 16 жасар Заңғар Нұрланұлының жетістігін атап өтпеуге болмайды. Осы жылы ITF Juniors екі ірі титулын: Шымкенттегі J200 және Измирдегі J100 жеңіп алды.

Соня Жиенбаева 2006 жылы ITF Juniors-да әлемнің 16-шы ракеткасы болған қазақстандық Әмина Рахымның рекордтық жетістігін қайталап, жасөспірімдер рейтингінде 18-орында жылды аяқтады. 18 жастағы Соня биыл Испанияда өткен ITF Juniors J300 беделді турнирінде жеңіске жетті, ал басқа қазақстандықпен жұпта Асылжан Арыстанбекова Каирде бірінші санатты және Италияда екінші санатты турнирлердің чемпионы атанды.

Сондай-ақ Жиенбаева Испания мен Түркиядағы ITF World Tennis Tour W15 қолдауымен екі жүлдені жеңіп алып, ересектер арасындағы әйелдер турында да ерекшеленді. WTA әйелдер рейтингінде Соня қазір 633-ші орында. Бұл жетістіктер ойыншылардың өздері үшін де, жалпы қазақстандық өскелең ұрпақ үшін де үлкен маңызға ие, олар өз құрдастарының кортта табысқа жетіп жатқанын көріп, мұны істей алатынына сене бастайды және олардың мүмкіндіктері шексіз.

Жыл сайынғы турнир кестесі тым тығыз деп санайтын теннисшілердің сұраныстарын қанағаттандыру үшін ATP және WTA қандай маңызды мәселелермен жұмыс істеуі керек деп ойлайсыз?

Турнир кестесі өте қиын, ойыншылар көп ұшуы, жаңа жағдайларға, климатқа бейімделуге уақыты болуы және қажет болған жағдайда белгілі бір жабын түріне бейімделуі керек. Қазір көптеген турнирлер екі аптаға созылатынына қарамастан, ойыншылардың үзілісті сирек жасап, физикалық және эмоционалды қалпына келуге мүмкіндіктері бола бермейді. Сонымен қатар, көптеген топ-30 ойыншылары турнир күнтізбесі кезінде және маусым алдындағы дайындық кезінде демонстрациялық матчтарға қатысады. Әрине, олардың мотивациясын түсінуге болады, бірақ бұның олардың сапалы қалпына келуіне жол бермейтінін және жарақат алу қаупі жоғары екенін ескермеуге болмайды.

Дереккөз: Tennisworldusa.org

Exit mobile version