Болат Өтемұратов Қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді жалғастырады
Редакция
Болат Өтемұратов Қоры ағымдағы жылы «Көмек картасы» жобасын жалғастырады және көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге ақшалай көмек бөледі. Бұл туралы қайырымдылық ұйымының директоры Марат Айтмағамбетов Қазақстан өңірлеріндегі ықтимал су тасқыны мәселелері жөніндегі брифингте мәлімдеді.
Нұр-Сұлтандағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген іс-шараға ІІМ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазгидромет, Болат Өтемұратов Қоры және Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілдері қатысты.
«Көмек картасы» қайырымдылық жобасын 2018 жылы Болат Өтемұратов Қоры, Қызыл Жарты Ай қоғамы және ForteBank бастады. Қор көктемгі су тасқыны мен техногендік апаттардан зардап шеккен ел өңірлерінің тұрғындарына қолдау көрсету үшін ақша бөледі. Қызыл Жарты Ай көмекке мұқтаждарды анықтайды және оларға шотында ақшасы бар ForteBank карталарын беруді ұйымдастырады. Әрбір жәбірленушіге 30 мың теңге бөлінеді. Осылайша, мысалы, бес адамнан тұратын отбасы бір уақытта 150 мың теңге алады. Үйлері толығымен немесе ішінара қираған отбасылар көмек алады. Олардың ішінде жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер, жалғызбасты аналар және көп балалы аз қамтылған отбасылар бар.
2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 82 миллион теңгеге 863 отбасы көмек алды. 2019 жылы 764 отбасына 114 миллион теңгеге ақшалай көмек көрсетілді. Көмекті Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккендер, сондай-ақ оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстардан кейін Арыс қаласының тұрғындары алды. Болат Өтемұратов Қорының 2020 жылы жобаға бөлетін көмек сомасы апаттардың ауқымына және зардап шеккендердің санына байланысты болады.
«Әдетте, төтенше жағдайлар кезінде ұйымдар мен азаматтар зардап шеккендерге азық-түлік және киіммен көмектеседі және олардың жетіспеушілігі болмайды. Біз өз тарапымыздан Қазақстанның Қызыл Жарты Ай қоғамымен бірге көмекке мұқтаж жандарға ақшамен қолдау көрсетуді ұйғардық. Бұл қаражат адамдарға шұғыл қажеттіліктерін өтеуге көмектеседі, мысалы, дәрі-дәрмек, шаруашылық тауарларын сатып алу, тұрғын үйді қалпына келтіру үшін құрылыс материалдарын сатып алу», — деді Болат Өтемұратова Қорының директоры Марат Айтмағамбетов.