Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры 2019 жылғы шілдеде оқ-дәрілер жарылысынан кейін баспанасынан айырылған адамдарға, сондай-ақ мұқтаж көпбалалы отбасыларға, жетімдерге, мүгедектерге, жалғызбасты қарттарға Арыс қаласында үйлер салуға 850 миллион теңге бөлді.
Болат Өтемұратов Қоры әскери бөлімдегі жарылыстардан кейін қаланың барлық халқын эвакуациялауға тура келген Арыс қаласындағы қайғылы оқиғаға алғашқылардың бірі болып жауап берді. Оқ-дәрілердің снарядтары 7 мыңнан астам ғимаратқа зақым келтірді (90%), 500-ге жуық үй қалпына келмейді деп танылды, мыңдаған адамдар шаңырақсыз қалды.
Төтенше жағдайдан кейін Болат Өтемұратов Қоры Қызыл Жарты Ай қоғамымен бірге зардап шеккендерге көмек карталарын берді. Екі мың адам барлығы 60 млн теңге алды. Бұл ақша адамдарға дағдарыстың ең қиын күндерінен өтуге және қажетті заттарды сатып алуға көмектесті. ТЖ кезінде қазақстандықтарға қолдау көрсету бағдарламасын Болат Өтемұратов Қоры Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі су тасқынынан кейін алғаш рет іске қосты.
Келесі қадам Арыста шаңырағынан айырылғандар үшін екі иеге арналған 50 дуплексті үй салу болды. Бірінші кезекте тұрғын үй алушылар тізіміне бұрын әскери бөлімнің жанындағы казармада тұратын 34 отбасы кірді.
Бұл барақ жарылыс ошағына жақын орналасқандықтан қатты зардап шекті. Ғимарат толығымен қирады, сондықтан барақтың бұрынғы тұрғындары алушылар тізіміне бірінші болып кірді.
«Қалған 66 отбасы – әлеуметтік осал санаттағы жергілікті тұрғындар: көп балалы және аз қамтылған отбасылар, балалары бар жалғызбасты аналар, жетімдер, мүгедектер», – деді Болат Өтемұратова Қорының бағдарлама менеджері Дана Жақсылықова.
100 отбасы 50 дуплексті үй алды. Олардың әрқайсысында екі кең жарық бөлме, жуынатын бөлме, асүй, тоңазытқыш және газ плитасы бар. Әр үйде 10 сотық жер бар. Шағын ауданда автомобиль жолдары мен жаяу жолдар төселіп, ойын алаңдары орнатылып, қарағай аллеялары отырғызылды.
Болат Өтемұратов Қоры аз қамтылған отбасыларға арналған үйлерді бірінші рет салып отырған жоқ. «Баламекен» жобасы алғаш рет 2019 жылдың көктемінде баспанаға мұқтаж қазақстандықтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін іске қосылды. Осы жоба бойынша Болат Өтемұратов Қоры Қызылорда облысында көпбалалы отбасыларға арналған үйлер салды. 50 дуплексті үй 100 отбасына арналған. Құрылысқа қордың құрылтайшысы 450 миллион теңге бөлді.
«Болат Өтемұратов Қоры қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін құрылған және құрылған сәттен бастап осы мұратты тұрақты ұстанады. Оның құрылтайшысы Болат Өтемұратов қазақстандықтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге белсенді қатысуға шешім қабылдады. Біз шетте қала алмадық, адамдарға көмектесу керек деп шештік», – деп атап өтті Болат Өтемұратов Қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман.
Қайырымдылық қоры 2014 жылы меценат, кәсіпкер Болат Өтемұратовтың бастамасымен құрылды. Құрылтайшы денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласындағы жобаларға үнемі қаржылық қолдау көрсетеді. Табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ кезінде қор зардап шеккен қазақстандықтарға көмектеседі. Тек арыстықтарға көмек ұйымдастыруға 900 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.